Бір гектар орман тәулігіне 280 кг көмірқышқыл газын сіңірсе, орташа мөлшердегі бір ағаш күніне үш адамның тыныс алуы үшін қажетті оттегін қалпына келтіреді. Жасыл желектің пайдасын жүзеге асыру үшін ағаш отырғызу жобаларының мұқият мақсат қою мен жоспарлаудан бастап баптау мен бақылауға дейін жеткілікті уақыт шеңберін қамтуы маңызды. Әйтпесе, еткен еңбек, жұмсалған энергетикалық және қаржылық ресурс босқа шығын болуы мүмкін.
Жасыл желектің қоршаған орта мен саламатты өмір салты үшін пайдалы актив екені әркімге аян. Тал-терек айналаның ажарын кіргізіп, адам ағзасына оңтайлы микроклиматты қалыптастырады, ауаны оң иондармен қанықтырып, санитарлық-қорғау функцияларын атқарады. Ірі қалаларда парниктік газ шығарындыларын азайту, кеңістікті салқындататын көлеңкелі жерлерді қамтамасыз ету көгалдандырудың экологиялық, әлеуметтік және эстетикалық басымдықтарымен байланыстырылады. Бірақ ағаш отырғызудың дұрыс, сауатты жоспарланған жобалары ғана экология мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қызмет ете алатыны айқын. Бұл мақсатқа қол жеткізу көшеттерді отырғызатын құнарлы жерді таңдау, егудің оңтайлы мерзімін анықтап, сақтау, жер жұмыстарын орындау кезінде қателікке жол бермеу, ағаштардың әр түрінің үйлесімділігін ескере отырып, жиынтығын іріктеу, барлық кезеңде ағаштарды күтіп ұстау мен тұрақты мониторингтеу сынды көпжылдық міндеттемені талап етеді.
Мұның қатарында тиісті білімі, дағдысы мен жұмыс тәжірибесі бар маманның араласуынсыз ағаш отырғызуды жоспарлау ойдағыдай жүзеге аспайтынын ескерген жөн. Қазіргі кезде елді мекендерде жаңа ағаштар отырғызып, ескілеріне күтім жасаумен айналысатындардың көбінің бұл жұмыстан хабары жоқ. Кейде аллергенді немесе инвазивті тұқымдар отырғызылып, зиянкестер жұқтырылып жатады немесе ағаштар бейберекет кесіледі. Нәтижесінде, өсімдіктің өмірі қысқа болады. Ал көгалдандыруды ботаниктер, дендрологтер, топырақтанушы агрономдар, энтомологтер, фитопатологтер, ландшафт дизайнерлері жұмыс істейтін мамандандырылған кәсіпорындар жүргізуі керек. Сонымен бірге ағаш отырғызу жобаларын ботаникалық бақтар қадағалауға тиіс. Әр аймақта тұқымнан күрделі көшеттер өсірілетін өз тәлімбағы (питомнигі) болуы да маңызды.
Қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру барысында туындап отырған проблемалар мен оларды шешу жолдары жуырда Алматыда экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қарастырылды. Іс-шараға қатысқан бірқатар көршілес елдердің ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мемлекеттік ботаникалық бақтардың басшылары, жетекші ландшафт сәулетшілері және осы саладағы басқа да мамандар еліміздің қалалары мен елді мекендеріндегі көгалдандырудың қазіргі жай-күйін бағалап, жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру үдерісімен танысты. Сондай-ақ жиында қазіргі уақытта жоспарлау құрылымының барлық элементтерін теңгерімді және өзара байланысты дамыта отырып, көгалдандыру және жайлы тіршілік ортасын құру үшін өсімдіктерді таңдаудың ғылыми тәсіліне негізделген түбегейлі жаңа әдістемелерде қалалық көгалдандыруды ұйымдастыру қағидаттарын қайта қараудың шұғыл қажеттілігі туындағаны атап өтілді.
Алматының жасыл қорын сақтау мен көбейтудің маңыздылығына тоқталған қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, жалпы аумақта төрт миллионға жуық ағаш бар және биыл тағы 320 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Былтыр ағаш отырғызуға жаңа талаптар қабылданған. Көшеттердің сапасына қойылатын талап та өзгеріп, суару жүйесін міндетті түрде ұйымдастыру туралы норма енгізілген. Өтемдік отырғызу нормалары қазір 1-ден 50-ге дейін және міндетті үшжылдық күтімді қамтиды. Жаңа ұңғымалар мен су қабылдағыштар салынды. Жасыл аймақтарды күтіп ұстау бойынша әкімдік үшжылдық шарттарға көшті. Сондай-ақ көшеттер тізілімі жүргізіліп, әр ағашқа электрондық төлқұжат жасау көзделген.
Ал Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Амангелді Саданов әкімдіктер жыл сайын мыңдаған жаңа ағаш отырғызатынын, бірақ олардың қаншасы тамыр алатынын, қаншасы ауыратынын, түрлі тұқымның қалай бейімделетінін есепке алмайтынын айтады. Сол секілді қатысушылар елге санитарлық нормаларға, жергілікті жағдайларға сәйкес келмейтін көшеттердің әкелінетінін сынға алды. Климаттық ерекшеліктер қаперге алынбай сырттан әкеліп егілген қылқанжапырақтылардың жағымсыз әсері сөз болды.
Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева үлкен қалалар елді мекендерді көгалдандыру үшін ғылыми негізделген өсімдіктер жиынтығының болмауы, ағаштардың аурулары, зиянкестермен зақымдануы, сапасыз отырғызу материалы сияқты жайттарға назар аударды. Жасыл қорды жөнсіз санитарлық кесу және жаңарту, сондай-ақ отырғызу мен күтімнің агротехникалық нормаларын сақтамау – ғалымдардың алаңдауына себеп.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар қалалық көгалдандыру мәселелерін шешуде, өсімдіктердің жиынтығын таңдауда, оларды бақылау мен күтуде ғылыми тәсіл бойынша ұсыныстар әзірледі. Экология министрі ғылыми топтардың өкілдеріне жүгініп, Алматының үлгісі бойынша көгалдандырумен айналысатын мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында үшжылдық шарттар енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, екпелердің тұқымдық құрамы, отырғызу жоспары, күтіп-баптау жұмыстары мен ағымдағы орман-патологиялық жай-күйі (аурулар мен зиянкестердің болуы) бойынша мәліметтерді көрсететін ақпараттық жүйені құра отырып, жасыл-желекке түгендеу жүргізу қажет. Өтемдік отырғызу нормалары мен жүйелерін қайта қарау бөлігінде заңнамалық базаға өзгерістер енгізу, жалпыға ортақ пайдаланылатын жасыл-желектің жай-күйі мен қураған жерлердің болуы үшін жауапкершілікті белгілеу өзекті. Жасыл желекті қорғау бойынша мониторинг және ұсынымдар әзірлеу мәселесін шешу керек. Суару жүйесіне суды үнемдеп қана қоймай, суару сапасын арттыруға мүмкіндік беретін үнемдеу технологияларын енгізу ұсынылды. Антропогендік әсерді азайту мақсатында магистралдар мен қала көшелерінің бойында отырғызуға қатты ағаштар енгізілуге тиіс. Сонымен қатар нашар топырақтардағы жасыл желекке күтім жасау жұмыстарына ерекше назар аудару қажет.
Елді мекендерде сапалы жасыл желек құру бойынша күш-жігер мен білімді біріктіру маңызды. Өйткені бұл –экологиялық ахуалды ғана емес, қолайлы орта құруды, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын, өмір сапасын қозғайтын маңызды мәселе. Ерлан Нысанбаев министрліктің бұл іс-қимылға үлкен мән беретінін және түйткілдерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер мен практикалық жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.