Аралас жекпе-жектен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC on ESPN 58 тунирінде қазақтың қос саңлағы өнер көрсетті. Олар – Асу Алмабаев пен Сайран Нұрданбек.
Жамбыл облысының тумасы Асу Алмабаевтың осы спорт түрін серік еткелі 11 жылдан асты. Аса жеңіл салмақта сынға түсіп жүрген 30 жастағы сақа спортшы сол кезден бері 21 мәрте айқас алаңына шығып, 19 рет жеңіске жетті. 12 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Асу үшін тек 2017 жыл сәтсіз болды. Сол кезде қазақ файтері Махачкалада дағыстандық Тагир Ұланбеков пен Алматыда әзербайжандық Мехмад Мәмедовке есе жіберді. Есесіне содан кейінгі жылдары ол жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Былтыр Алмабаев UFC-мен келісімшартқа отырды. 5 тамызда қандасымыз ямайкалық Оди Осборнды қылқындырып тастаса, биыл 9 наурызда америкалық Си-Джей Вейгараны ұпай санымен ұтты.
Әлемнің ең үздік промоушеніндегі үшінші жекпе-жегін Асу АҚШ спортшысы Хосе Джонсонға қарсы өткізді. Оның шердогі – 24 жекпе-жек, 16 жеңіс, 8 жеңіліс. Бұл бәсеке барысында қос файтердің де айқын жеңіске жетуіне мүмкіндігі болды. Бірақ қолайлы жағдайды екеуі де ұтымды пайдалана алмады. Десек те үш раундта да қазақтың басымдығы анық байқалды. Тіптен соңғы секундтарды біздің жігіт Джонсонды қылқындырып тастауға шақ қалды. Алайда белгіленген уақыт жетпеді. Айқас аяқталғаннан соң, барлық төреші Асу Алмабаевтың мықтылығын бірауыздан мойындады.
Ал Сайран Нұрданбектің (20-9, 14 КО) бұл жолы да жолы болмады. Ол үшінші раундта бразилиялық Милкуизаэль Костаның (20-6, 13 КО ) «қылқындыру» әдісіне түсіп қалды. Сөйтіп, Қытайда туып-өскен 30 жастағы қандасымыз UFC-де қатарынан екінші рет жеңіліс тапты.