Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің партия манифесінде айтқан «Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөзі коммунистердің ең танымал ұранына айналды. Бірақ олардың бір адым ілгері, екі адым кейін жүрісі бұл ойды іске асырған жоқ. Себебі қоғамның бірігу нүктесі өтірік еді.
Данышпан Лев Толстой идеялары ішінде «болмыс бірлігі» алдыңғы сапта тұрады. Ойшылдың «Жалпыадамзаттық ортақ рух» тұжырымдамасы кемелденудің кілті болып саналады. Жақында жазушының көптомдығының бірінен қоғамдық сананың тұтастығы хақында жазылған толғамына көзім түсті. Оқып отырып өтірікке құрылған кез келген басқару жүйесінің «құм үстіне салынған құбылмалы сарай» ғана екеніне көзім жете берді. Әрі қарай арыстан ақсақалдың өзі сөйлесін:
«Адамдар ақиқатта ғана біріге алады. Ол үшін бір-біріне қарама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше, барлығы ақиқатқа қарай жүруі керек. Тек сонда ғана олар біртұтас болмысқа айналады. Адамдар жарасайын деп жараспайды, жолдары бір болғаннан кейін жарасады.
Үлкен храм бар деп елестетейік. Оның жарығы жоғарыдан бір нүктеге ғана түседі. Құлшылық қылушылар бастарын қосу үшін бір-біріне емес, әлгі ортадағы сәулеге ұмтылса жеткілікті. Сонда ғана олар өзара жұмылады».
Ал біздің сәулеміз не деп аталады?
Оны біз көріп тұрмыз ба?
Бақытқа қарай бастайтын бағытымыз бар ма қазір?
Қазіргі қазақ қоғамының маңызды мәселесінің бірі осы. Мүдде бірлігі қалыптаспай, мемлекеттік тұтастық мүмкін емес. Ал оны рухани бірлікке ұмтылған жандар ғана жасай алады.