Сыбайлас жемқорлық – тамыры терең қоғамдық дерт. Оған қарсы күресудің сан алуан әдісі іске асып жатқанына қарамастан, түп-тамырына балта шабу әзірге мүмкін болмай тұр. Осы орайда қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистер қауымының бұл індетпен күрестегі орны ерекше.
Журналистердің төл мерекесі қарсаңында «Жаңару» жалпыұлттық қоғамдық бірлестігі арнайы жиын өткізіп, БАҚ өкілдерін жемқорлықпен күреске байланысты ортақ іске бірлесе жұмылуға шақырды. Жиында мемлекеттік құрылымдарда, қоғамның барлық саласында әшкереленген жемқорлардың аты-жөнін, шыққан тегін, жүрген ортасын толық жазып көрсетудің маңызын, ащы жариялықты жұрттың есіне салып отырудың қажеттігі айтылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру іс-шаралар кешенін өткізу» атты әлеуметтік жоба аясында өткен іс-шараға елордалық танымал БАҚ басшылары мен өкілдері, студенттер қатысты. Жиында «Жаңару» бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, «Elorda Aqparat» бас директоры Олжас Сыдықбек, т.б. қонақтар ой-пікірін ортаға салды.
Іс-шарада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұсыныстарды журналистермен бірге талқылап, жауапты орындарға бірлесе даярлау мәселесі көтерілді. Болашағын журналистикамен байланыстырған студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Жиынға қатысушы ұйымдар, редакция басшылары, заңгерлер, болашақ журналшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте күш біріктіру бойынша меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына қатысуы, «Жаңару» бірлестігінің жастардың құқықтық сауатын және құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру мәселелері де талқыланып, жемқорлыққа қарсы бірлесіп атқаратын іс-қимылдарына байланысты идеялар мен ұсыныстар ортаға салынды.