Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 5 жыл бұрын Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Басты мақсат – билік тармақтарында басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру. Сондай-ақ бастамашыл, креативті ойлайтын жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Бүгінде бұл бірегей мүмкіндікті қалт жібермеген 400 жас бар. Оның 70%-ы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалып үлгерді.
Ашық үкімет – мемлекеттің басты саясаты. Мұны оңтайлы жүзеге асыруда «eAkimat365» цифрлы платформасының орны бөлек. Өйткені ақпараттық жүйе бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Ілкімді жобаны жасақтауға 100-ден аса маман атсалысқан. Арасында Президенттің кадрлық резервінің мүшесі, жалынды жастың бірі – Ербол Төлегенов бар. Бүгінде талапты азамат «Стратегиялық бастамалар орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «eAkimat 365» жүйесін басқарады.
– Қостанай облысының Арқалық қаласында туып-өстім. Ұлттық банктің жергілікті кеңсесінде 5 жылдан аса еңбек еттім. Кейін мансаптық өсуді ұйғарып, 2021 жылы Президенттік жастар кадр резервінің конкурсында бақ сынадым. Сынақтан сәтті өтіп, резервке қабылдандым. Байқағаным, бізде бюджеттік өтінімдер мен екі ортадағы келісімдер көп уақытты алады. Яғни кез келген жергілікті әкімдіктегі қызметкер қандай да бір балабақша, білім ордаларын салуға байланысты құжаттарды жолдауда бірнеше сатыдан өткізеді. Сәйкесінше, қайта-қайта принтерден басып, мөр соқтырып, қолтаңба қойдыру үдерісі міндетті жүреді. Ал біздің жүйе осының барлығын жедел орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджеттік үдерістің ашық болуына, деректер сапасын жетілдіруге, әкімдік қызметкерлерінің уақытын оңтайландыруға ықпал етеді. Әрі шешім қабылдауда объективтілікті қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде халықтың жергілікті билікке деген сенімін арттырады, – дейді Е.Төлегенов.
Бюджеттік үдерістерді стратегиялық жоспарлауға, функционалдық икемділікті арттыруға сеп болған платформа еліміздің алты аймағында қолданыста жүр. Атап айтсақ, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында бар.
– Платформаның сапалы жұмыс істеуіне еліміздегі білікті, өз ісінің шебер бағдарламашылары, жүйелік және бизнес талдаушылары күш салды. Сондықтан 2025-2027 жылдар арасында барлық өңір мен республикалық маңызы бар қалаларда іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әзірге платформада шамамен 5 мың мемлекеттік органның 7 мың пайдаланушысы жұмыс істейді, – дейді жоба жетекшісі.
Бұған қоса Ербол – Ұлттық экономика министрлігінің қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі. Онда стратегиялық құжаттар мен нормативтік құқықтық акттарға ұсыныстар беріп, жаһанданудың сын-қатерлі жағдайында мемлекет экономикасының оңтайлы дамуына септігін тигізеді.
Осындай талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналған кадрлық резервке былтыр 50 азамат қабылданған. Екі жылда бір өтетін іріктеуге 30 мыңнан астам жас құжат тапсырыпты. Оның ішінен 6 404 үміткер ғана тестілеуге жіберілген. Конкурста алты кезеңнен мүдірмей өтіп, зерек қарым-қабілетін байқатқандардың бірі – Әлібек Сайланбаев. Алматылық маман елдегі цифрландыру саласын дамытуға үлес қосқысы келеді. Бұл мақсатына кадрлық резерв жол ашатынына сенімді.
– Қазір жасанды интеллектпен айналысатын америкалық компанияда еңбек етіп келемін. Мұндағы жобам бұрын болмаған нәрсені жасайтын жасанды интеллекттің ең жылдам дамып келе жатқан түрі – генеративті жасанды интеллект (GenAI – Generative Artificial Intelligence) саласына қатысты. Әлемге әйгілі LLM, ChatGPT сынды машиналық оқыту жүйелеріне ұқсас. Нақтырақ айтсақ, үлкен тіл үлгілерін қолданып, виртуалды ассистент, түрлі ақылды боттар жасап жатырмыз. Яғни генеративті модельдер деректер жиынын пайдаланып, тапсырмаға сәйкес жаңа контент жасау. Мәселен, сіз неше түрлі форматтағы құжатыңызды жүктейсіз, жүйе сіздің ақпаратыңызды өңдеп, зерттеулер жүргізіп, сараптама жасай алады. ЕGov, е-Salyq сынды қосымшалардан айырмашылығы – уақытты үнемдеп, деректерді лезде өңдеп береді. Қазір мұны шетелде бизнес сарапшылар жиі қолданады. Олар платформаға есеп құжаттарын жүктеп, белгілі бір кезең аралығындағы кестені әп-сәтте көреді, – дейді Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Әлібек Айдосұлы бакалавриатты Nazarbayev University, магистратураны Сауд Арабиясындағы King Abdullah University of Science and Technology университетінде оқыған. Білікті жас жасанды интеллекті еліміздегі басқару жүйесіне, әртүрлі салаға енгізу керек деп санайды.
– Кадрлық резервте үш жыл боламыз. Сол үш жылдың ішінде бізге ұсыныстар беріледі. Мемлекеттік қызметке тағайындалған соң, жасанды интеллектті барлық дерлік салаларда қолдануды ұсынғым келеді. Өйткені қазір жаһандану үдерісінде технология көмегімен көшелердегі бейнежазбалардың кадрларына талдау жасап, орта қауіпсіздігін жетілдіруге, медицинада кез келген емделушінің диагноздарын зерттеп, болжам жасауға болады. Ғарыштан суреттерді бағдарлап, қай аумақта көмірқышқыл газы көп бөлінетінін, қай бөлікте өрт болып жатқанын бақылауға мүмкіндік бар. Тіпті мемлекеттік қызметтегі бюрократия мәселесін де осы жолмен азайта аламыз. Білім беру жүйелеріне персоналдық алгоритмді енгізу арқылы отандық нарықтағы мамандарға қатысты біраз түйткілдің түйінін тарқату да әбден мүмкін. Яғни әр азаматқа қандай білім берген дұрыс, қай тұсын, пәнін жетілдіру керек екенін ашып көрсетеді. GenAI қатты дамып келеді. Сондықтан бұл технологиямен неше түрлі жаңа бейнежазба, музыка, әңгімелер шығарса болады. Бірақ оны тек адамзаттың игілігі үшін ғана қолдану қажет, – дейді маман.
Жыл басында Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтқан еді.
«Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалып келеді. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Нақты статистикаға көз салсақ, бүгінде орталық мемлекеттік органдарға – 156, жергілікті мемлекеттік органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 59, өзге де ұйымдарға 43 резервші тағайындалды. Олардың ішінде 37 резервші саяси, 3 резервші «А» корпусының лауазымдарында, 3 резервші депутаттық қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ резервшілер мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестердің жұмысына белсенді қатысады.
Жастардың бүгіні мен болашағы – ел саясатының негізгі қалқаны. Сондықтан мемлекет олардың сапалы білім алып, лайықты жұмысқа орналасуына, әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге барынша жағдай жасап келеді. Ал президенттік жастар кадрлық резерві – мемлекеттің өміршеңдігі мен ішкі-сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірегей институт.