• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 20 Маусым, 2024

Тартысқа толы аяқдоп аламаны

72 рет
көрсетілді

Германиядағы футбол тойының да алғашқы аптасы түгесілуге таяп, әр топтағы командалардың барлығы да алғашқы айналымды аяқтады. Еуропа чемпионаты сынды аламанға алғаш рет ат шалдырып, дебютант атанған Грузия құрамасы тосырқаған жоқ, керісінше Түркия футболшыларына тәуір-ақ қарсылық көрсетіп бақты.

F тобының алғашқы турын бастаған Түркия мен Грузия құрамалары арасын­дағы тартыс Дортмунд қаласындағы «Сиг­нал Идуна Парк» стадионында өтті. Матч алдында екі құраманың қызуқанды жан­күйерлері жаға жыртысып, жұдырық сіл­тесіп те алды. Қала аспанын торлап, жөң­кіле көшкен бұлт бүркіп жаңбыр да толассыз жауып тұрды. Табиғаттың тосын мінезі де, жанкүйерлердің текетіресі де тартысты матчтың өтуіне кедергі бола алмады.

Сөз жоқ, ойында таразының ауыр басы Түркия құрамасына қарай қисаятыны белгілі еді. Олар Еуропа чемпионатына ал­­тыншы мәрте ат байлап отыр. 2008 жылы жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде олжалағаны тағы бар. Осындай өлшемге салған жауырыншылар Түркия құрамасының жеңісіне шүбәсіз сенді.

Ойынның 25-минутында Мерт Мөлдір есеп ашып, Түркия құрамасын алға шығарған. 32-минутта Жорж Микаутадзе есепті теңестірді. Грузия футболының тарихына есімін қашаған Микаутадзе осылайша Еуропа чемпионатында тұң­ғыш гол соққан футболшы атанды. Екін­ші таймда сұғына шабуылдап, еміне ентелеген түріктер дегеніне жетіп тоқтады. Түркияның Мессиі деген мадаққа ие 19 жас­тағы Арда Гүлер 65-минутта алыс­тан шірене тартып, Гиорги Мамардашвилиді сан соқ­тырып кетті. Аргентиналық тө­реші Факундо Тельо негізгі уақытқа 6 ми­нут қосқан. Грузиндер таразы басын теңес­тіруге тайлы-таяғымен шабуылдады. Тіпті соңғы шабуылға қақпашы Ма­мар­дашвилидің өзі де келген еді. Тү­ріктердің тас қамал қорғанысы тойтарыс берді. Қарымта шабуылда ала допты алдына салып анталай ұмтылған Керем Ақ­түрікоғлы иесіз қалған қақпаға үшінші голды тоғытты. Есеп – 3:1. Осылайша, түріктер Еуропа чемпионатының топтық кезе­ңінен шығудың қадамын сәтті бастады. 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде өткізген үш матчтың барлығында ойсырай ұтылған түрік футболшылары жеңіске сусап келгендігін көрсетті.

Осы топтағы кезекті тартыс Лейпциг қаласында өрбіді. 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасы Чехия ұлттық құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Матчтың аутсайдері саналған Чехия футболшылары қырықтан асқан Пепе, оған тете Роналду (39 жаста) бастаған кәрі тарландардың қыспағына төтеп берді. Тіпті тең дәрежеде тартысты деу­ге де болады. Еуропа чемпионатының дуын 19 жасынан бері көріп келе жатқан Криштиану Роналду алтыншы мәрте аламанға қосылып отыр. 2004 жылы 19 жасында Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін, 2012 жылы қола медалін олжалады. 2016 жылы Португалия құрамасының капитаны ретінде алаңға жігіттерді бастап шыққан Роналду Еуропа чемпионы атанды. Дегенмен де аңыз футболшы­ның шау тартып қалғаны шабан қимылынан аңғарылып-ақ тұрды. Әйтпесе, Португалия футболының тарихында Еуропа чемпионатына ең көп қатысқан (25 матч), құрлық біріншілігінің ең үздік сұрмергені (14 гол) атанған саңлақтың гол соғатын мүмкіндігі болды. 7-минутта әуелеп жеткен пасты басымен бұруға талпынғанымен, иығына тиіп, қиыс кетті. Одан кейін де бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберіп алды.

Чех футболшылары жұлдызды құ­ра­маның даңқынан да, дақ­пыртынан да ыққан жоқ. Тіпті есепті қонақтар ашты. 62-минутта Провод гол соғып Чехия құрамасы алға озған. 2023 жылы Португалия ұлттық құрамасының бас бап­кері лауазымына тағайындалған Ро­берто Мартинес алаң жиегінде әбден дегбірі қашты. 69-минутта Португалия құрамасының шабуылы сәтті аяқталды. Әуелеп жеткен пасты Нуну Мендеш маң­­дайымен сүзе Чехия қақпашысы Ийндрих Штанекке бағыттаған. Қақпашы қауіпті шабуылдың бетін тойтарып, доп­ты қаққанымен, орталық қорғаушы Робин Граначтың аяғына тиіп автогол тіркелді. Биылғы Еуропа чемпионатының алғашқы турында автогол жиі соғылды. Матчтағы жеңісті голды негізгі уақытқа бас төреші үстеген қосымша минутта со­ғылды. Кезекті шабуылды гол­ға ұластырған – Франсишку Кон­сейсау. 21 жастағы саңлақ өмір дерегіне Еуропа чемпионатында соққан алғашқы голын жазды. Консейсау – «Порту» клубының шабуылшысы. Бұл клубты Фран­сишкудің әкесі Сержиу Кон­сейсау баптайды. 2000 жылы өткен Еуропа чемпионатында жасындай жарқылдап, Германия құрамасына 3 гол тоғыт­қан да осы Серижу Консейау еді. Әкесінің тәліміндегі саңлақ алаңға 90-минутта шыққанына қарамастан «алтын кездік қап түбінде жатпайтынын» көрсетті. Еуропа чемпионатында әкесі де, баласы да ойнап қана қой­май гол соққан саңлақтар тым сирек.

Португалия құрамасы – Еу­ропа чемпио­натының кубогін иеленуден үмітті ко­манданың бірі. Криштиану Роналду спорт­тық мансабындағы соңғы құрлық бірін­ші­лігін көңілді нотада аяқ­тағысы келетіні белгілі.

Кеше Еуропа чемпионатының екінші тур ойындары өтті. В тобында Хорватия құрамасы Албанияға қарсы ойнаса, А тобында Гер­мания – Мажарстан, Шотландия – Швейцария тартысқа түсті.