• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2015

Ақмола облысында сайлау ойдағыдай өтуде

322 рет
көрсетілді

КӨКШЕТАУ. 26 сәуір. Көкшетаудағы №6 сайлау учаскесіне дауыс берушілер таңғы сағат 6.30-дан бастап келді. Алғаш болып жиналған 40 шақты сайлаушының арасында жастардың қатары қалың. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Аталған учаске орналасқан қаладағы №1 мектептің есігі сағат тура 7:00-де ашылды. Дәстүрге сәйкес мемлекеттік гимн шырқалды. Мұнда дауыс берушілерге комиссияның бес мүшесі алфавиттік тәртіппен қызмет көрсетеді. Көгілдір шымылдықты бес кабина жабдықталған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ирина Головченко өз әріптестерімен және «Сайлаудың барысына бақылау жасау жөніндегі Қазақстан Республикасы қоғамдық комиссиясының мүшесі» Виктор Гейдің қатысуымен дауыс беру бюллетендері салынған сейфті ашып, дауыс беру жәшігін мөрмен бекітті. Мұның барлығы комиссияның №1 қаулысында көрініс тауып, ілініп қойылды. Төрайымның айтуынша, дауыс беруге 2 635 адам тіркелген. Соның ішіндегі 40 кісіге жол жүруіне байланысты өзге өңірлерде дауыс беруге рұқсат беріліпті. Сайлаушылардың 12-сі маңызды науқанға тұңғыш рет қатысады екен. Сондай-ақ, 31 кісі жылжымалы дауыс беру жәшігінің қызметін пайдаланады. Көкшетау қаласының тұрғыны, студент Хайрат Айдын бірінші болып дауыс берді. Жұртшылық оған қошеметпен қол соқса, учаске тарапынан арнайы сыйлық тапсырылды. Ал А.Мырзахметов атындағы университеттің 3-курс студенті Кеңес Мөлдір ата-анасымен бірге келіп дауыс берді. Осы учаскеде дауыс берген Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұртшылықты ел тағдырындағы маңызды оқиғамен құттықтады. Сайлау барысын байқауға қатысып отырған «Нұр Отан» партиясының өкілі Боранбай Бегалин мен Әбілғазы Құсайыновтың өкілі Серік Есмағамбетовті сөзге тартқанымызда, айтулы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, дауыс берудің белсенділікпен әрі заңдылыққа сай өткізіліп жатқанын айтты. Бақберген Амалбек. Дерек: egemen.kz. Сурет: Төлеген Қосшығұлов.