• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2024

Жұртқа қызмет – жан қалауы

91 рет
көрсетілді

Май ауданы бір қарағанда шалғайда жатқан бұйығы өңір болып­ көрінгенімен, мұндағы ауыл халқының өмірі қайнап жатыр. Жер­гі­лікті жұртпен етене жұмыс істеп, шіліңгір шілдеде, қаһарлы қыста да ел мәселесімен араласып жүру Жайрангүл Рахманбергенова сияқты өз ісіне берілген жандардың бұлжымас әдеті.

Бұл өңір кеңес заманында­ атом сынақтарынан қатты зардап шеккен аумақ бол­ған­дықтан сонау тоқырау жылдары қатты жүдеп кетті. Халық саны азайып, ауыл шаруашылығы күйреу­дің аз-ақ алдында тұрды. Тек кейінгі жылдары ғана мұнда шаруа­шылықтар көбейіп, елдегі шаруа­қор азаматтардың арқа­сында жергілікті экономиканың көші түзеле бастаған. Ал ауылдағы жұртқа мемле­кеттің жәрдемі мен ішкі бағытта ұстанған саясатын жеткізіп, халықты бірлік-берекеге ұйыту – жергілікті мемлекеттік органдардың міндеті. Осы көште аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі ерекше байқалып қалады.

Жайрангүл – Май өңірінің тума­сы. Өмірінің мәнін мемлекеттік қызметтен таба­мын деген ой бастап­қыда үш ұйық­таса да түсіне кірмеген бойжеткен оқу бітіре сала жеке компанияларда еңбек еткен.

– «Ауылдан адам көшкенмен, адам­нан ауыл көшпейді» деген дана­лы­ғы бар ғой халқымыздың. Сол айт­қандай, шалғай кетіп, білім алып, өзге аймақта жұмыс істеп жүрсем де, көңілімнің түпкірінде туған жер, туған өңір тұратын. Жеке фирмалар­да біраз уақыт еңбек еткенде жүрек қалауым халықпен араласып, қоғам игілігі үшін қызмет атқару екенін түсіндім. Ақыры мемлекеттік қызметте бағымды сынауға бел будым. Алғаш 2012 жылы Ақтоғай ауданының аппаратына заңгер-бас маман болып қабылдансам, арада жыл өткенде Май ауданындағы әкімдікке бас маман болып ауыстым. Ол жерде біраз лауазымды қызметтерді атқарып, 2022 жылдан бері мұндағы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының қызметіндемін. Кез келген тапсырылған міндетті беріліп, жұртқа қайтсе тиімді болады деген оймен істеймін. Нәтижесін көріп жатсам, қуанамын. Қателігім болса, сабақ аламын. Алдыңғы буын аға-апаларым септесіп, көмек қолын созып, қолдау көрсетіп тұрады. Мұн­дай жағдайда жұмыс істеу ісіме шабыт бітіріп, қанаттандырады. Ауыл­дың өркендеуіне аз да болса үлесі­мізді қоссам, мен үшін одан артық бақыт жоқ. Алдыма мәселе айта келген адамға жоқ деген сөз айтпаймын, хал-қадірімізше көмектесіп, бағытын көрсетіп жібереміз, –дейді ол.

Кейінгі жылдар көлемінде елі­міз­дің өмірі үшін аса маңызды бол­ған түрлі саяси науқандарды Жай­ран­гүл көппен бірге ойдағыдай атқарысты. Президент, Парламент депутаттарының сайлауы, ауыл әкімдерін сайлау сияқты маңызды саяси қадамдардың игілігі жергілікті жұртқа парасатты тұрғыдан дұрыс жеткі­зілді. Нәтижесінде, халық нау­қан­­дарға аса ұйымшылдықпен қатыс­қанын көз көрді. Бұдан бөлек, Мем­ле­кет басшысының халыққа арнайтын Жолдауларын, ел Үкіметінің бағ­дар­ламаларын түсіндіру мен насихат­тау, аудан әкімі қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асырудағы ұйым­дастыру-идеологиялық шараларды қамтамасыз ету, жер­гі­лікті ақпа­рат құралдарының мем­ле­кет­тік тапсырыстарды жүзеге асыруын үй­лес­тіру, қоғамдық ұйым­дар­мен, діни бірлестіктермен, саяси партия­лармен арадағы байланыс­ты қалып­тас­тыру, тағысын тағы, то­лып жатқан міндеттер бар бөлім жауап­кер­шілігінде.

– Кез келген мемлекеттік іс-шара елімізде тұратын әрбір азамат қалыс қалмайтындай етіп әзірленуі керек. Мәселен, соңғы жылдары аудан әкімі Ағыбай Әміриннің идеясымен өңірде қаншама креативті бастамалар қолға алынды. Соның ішінде халықты саламатты өмір салтына шақыратын іс-шаралар көбейді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай алдыңғы жылы мотошеру, былтыр автошеру өткізсек, биыл велошеру ұйымдастырдық. Оған кәсіби спортшылардан бастап, түрлі саланың өкілдері, дәрігер, мемлекеттік қызметші, қарапайым жұмыскерлер, жастар өкілдері қатысты. Ауданда 10 мыңға жуық халық тұрса, солардың бел­гілі бір тобы мерекелерде қам­ты­лып отырады. Ерекше атап өтетін үрдіс, қазір мемлекеттік аппаратта, поли­цияда, медицина саласында жастар­дың буы­ны көбейген. Жастар бол­ған жерде тың бастамалар жиі бай­қа­лып тұрады. Аудандағы іс қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшкен., – деп әңгімесін жалғастыра түсті.

Әңгіме барысында мемлеке­тімізде қолға алынған меритократия жүйесін одан әрі дамытуды құптайтынын, себебі көп жастар қызмет орындарында жылжымай отырып қалғанына іші ашитынын жеткізді. Жайрангүл Балтабекқызы өзі де аудан әкімдігінің аппаратында бір орында 10 жылдан астам тұрақтап қалған. Жаңа Қазақстанды дамытамыз десек озық ойлы жастарды түрлі салада сынап, қызмет орындарында өрлеуіне жол ашуымыз керек деп есептейді.

Сондай-ақ атом сынақтарынан айрықша зардап шеккен Май ауда­ны халқына мемлекеттен қарас­тырылатын жеңілдіктің, еңбек­­ақысына қосылатын қосымша төлем­нің көбейтілуіне зер салынса деген тілегін жеткізді. Мәселен, оңтүстіктегі Арал өңірінде мемлекеттік аппарат қызметкерлері еңбекақысына қосымша 50 пайыз үстеме алады. Ал Майдағы мемлекеттік қызметшілерге полигон аймағында тұрғаны үшін ай сайын небәрі 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5 538 теңге) үстеме төленіп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің балалары үшін бала­бақшаларда жеңілдіктер ұсы­ны­лып, тұрғын үй көмектері берілсе деген ойын да бүгіп қалмады. Жалпы, мұндай артықшылықтар, мате­риал­дық қолдау өңір халқының барлығына бері­лер болса, аймақта халық саны арта ма деген үміті зор.

Айта кетелік, Жайрангүл жұбайы Дастан екеуі отбасын­да бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр­­ған өнегелі отбасы. Дастан – аудан­дық жергілікті полиция бөлімі­нің бас­шысы лауазымын абыроймен атқа­рып жүрген азамат.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы