Май ауданы бір қарағанда шалғайда жатқан бұйығы өңір болып көрінгенімен, мұндағы ауыл халқының өмірі қайнап жатыр. Жергілікті жұртпен етене жұмыс істеп, шіліңгір шілдеде, қаһарлы қыста да ел мәселесімен араласып жүру Жайрангүл Рахманбергенова сияқты өз ісіне берілген жандардың бұлжымас әдеті.
Бұл өңір кеңес заманында атом сынақтарынан қатты зардап шеккен аумақ болғандықтан сонау тоқырау жылдары қатты жүдеп кетті. Халық саны азайып, ауыл шаруашылығы күйреудің аз-ақ алдында тұрды. Тек кейінгі жылдары ғана мұнда шаруашылықтар көбейіп, елдегі шаруақор азаматтардың арқасында жергілікті экономиканың көші түзеле бастаған. Ал ауылдағы жұртқа мемлекеттің жәрдемі мен ішкі бағытта ұстанған саясатын жеткізіп, халықты бірлік-берекеге ұйыту – жергілікті мемлекеттік органдардың міндеті. Осы көште аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі ерекше байқалып қалады.
Жайрангүл – Май өңірінің тумасы. Өмірінің мәнін мемлекеттік қызметтен табамын деген ой бастапқыда үш ұйықтаса да түсіне кірмеген бойжеткен оқу бітіре сала жеке компанияларда еңбек еткен.
– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген даналығы бар ғой халқымыздың. Сол айтқандай, шалғай кетіп, білім алып, өзге аймақта жұмыс істеп жүрсем де, көңілімнің түпкірінде туған жер, туған өңір тұратын. Жеке фирмаларда біраз уақыт еңбек еткенде жүрек қалауым халықпен араласып, қоғам игілігі үшін қызмет атқару екенін түсіндім. Ақыры мемлекеттік қызметте бағымды сынауға бел будым. Алғаш 2012 жылы Ақтоғай ауданының аппаратына заңгер-бас маман болып қабылдансам, арада жыл өткенде Май ауданындағы әкімдікке бас маман болып ауыстым. Ол жерде біраз лауазымды қызметтерді атқарып, 2022 жылдан бері мұндағы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының қызметіндемін. Кез келген тапсырылған міндетті беріліп, жұртқа қайтсе тиімді болады деген оймен істеймін. Нәтижесін көріп жатсам, қуанамын. Қателігім болса, сабақ аламын. Алдыңғы буын аға-апаларым септесіп, көмек қолын созып, қолдау көрсетіп тұрады. Мұндай жағдайда жұмыс істеу ісіме шабыт бітіріп, қанаттандырады. Ауылдың өркендеуіне аз да болса үлесімізді қоссам, мен үшін одан артық бақыт жоқ. Алдыма мәселе айта келген адамға жоқ деген сөз айтпаймын, хал-қадірімізше көмектесіп, бағытын көрсетіп жібереміз, –дейді ол.
Кейінгі жылдар көлемінде еліміздің өмірі үшін аса маңызды болған түрлі саяси науқандарды Жайрангүл көппен бірге ойдағыдай атқарысты. Президент, Парламент депутаттарының сайлауы, ауыл әкімдерін сайлау сияқты маңызды саяси қадамдардың игілігі жергілікті жұртқа парасатты тұрғыдан дұрыс жеткізілді. Нәтижесінде, халық науқандарға аса ұйымшылдықпен қатысқанын көз көрді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының халыққа арнайтын Жолдауларын, ел Үкіметінің бағдарламаларын түсіндіру мен насихаттау, аудан әкімі қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асырудағы ұйымдастыру-идеологиялық шараларды қамтамасыз ету, жергілікті ақпарат құралдарының мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруын үйлестіру, қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен, саяси партиялармен арадағы байланысты қалыптастыру, тағысын тағы, толып жатқан міндеттер бар бөлім жауапкершілігінде.
– Кез келген мемлекеттік іс-шара елімізде тұратын әрбір азамат қалыс қалмайтындай етіп әзірленуі керек. Мәселен, соңғы жылдары аудан әкімі Ағыбай Әміриннің идеясымен өңірде қаншама креативті бастамалар қолға алынды. Соның ішінде халықты саламатты өмір салтына шақыратын іс-шаралар көбейді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай алдыңғы жылы мотошеру, былтыр автошеру өткізсек, биыл велошеру ұйымдастырдық. Оған кәсіби спортшылардан бастап, түрлі саланың өкілдері, дәрігер, мемлекеттік қызметші, қарапайым жұмыскерлер, жастар өкілдері қатысты. Ауданда 10 мыңға жуық халық тұрса, солардың белгілі бір тобы мерекелерде қамтылып отырады. Ерекше атап өтетін үрдіс, қазір мемлекеттік аппаратта, полицияда, медицина саласында жастардың буыны көбейген. Жастар болған жерде тың бастамалар жиі байқалып тұрады. Аудандағы іс қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшкен., – деп әңгімесін жалғастыра түсті.
Әңгіме барысында мемлекетімізде қолға алынған меритократия жүйесін одан әрі дамытуды құптайтынын, себебі көп жастар қызмет орындарында жылжымай отырып қалғанына іші ашитынын жеткізді. Жайрангүл Балтабекқызы өзі де аудан әкімдігінің аппаратында бір орында 10 жылдан астам тұрақтап қалған. Жаңа Қазақстанды дамытамыз десек озық ойлы жастарды түрлі салада сынап, қызмет орындарында өрлеуіне жол ашуымыз керек деп есептейді.
Сондай-ақ атом сынақтарынан айрықша зардап шеккен Май ауданы халқына мемлекеттен қарастырылатын жеңілдіктің, еңбекақысына қосылатын қосымша төлемнің көбейтілуіне зер салынса деген тілегін жеткізді. Мәселен, оңтүстіктегі Арал өңірінде мемлекеттік аппарат қызметкерлері еңбекақысына қосымша 50 пайыз үстеме алады. Ал Майдағы мемлекеттік қызметшілерге полигон аймағында тұрғаны үшін ай сайын небәрі 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5 538 теңге) үстеме төленіп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің балалары үшін балабақшаларда жеңілдіктер ұсынылып, тұрғын үй көмектері берілсе деген ойын да бүгіп қалмады. Жалпы, мұндай артықшылықтар, материалдық қолдау өңір халқының барлығына берілер болса, аймақта халық саны арта ма деген үміті зор.
Айта кетелік, Жайрангүл жұбайы Дастан екеуі отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Дастан – аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы лауазымын абыроймен атқарып жүрген азамат.
Павлодар облысы,
Май ауданы