Криминалист – көзге көріне бермейтін, еңбегі қоғам арасында бағалана бермейтін мамандық. Бұл салада табанды түрде тер төгіп, қоғам қауіпсіздігінің сақталуына үлесін қосып жүрген полиция полковнигі Қанат Сартовты кәсіби мерекесі қарсаңында әңгімеге тарттық.
Негізі Сартовтар отбасындағы ерлі-зайыптының екеуі де полиция органдарында қызмет етеді. Қанат Сартов – өңірлік полиция департаменті жедел криминалистикалық басқарма басшысының орынбасары, ал Гүлмира Сартова әкімшілік полицияда аға инспектор лауазымында. Отағасы Алматы полиция академиясын бітіріп, сот сарапшы-криминалист мамандығын алғаннан кейін 2007 жылы Павлодар қаласына келіп, криминалист ретінде еңбек жолын бастаған. Оның мақсатқа жетудегі табандылық, кәсібилік және жұмыстағы ұқыптылық қасиеттері басшылық тарапынан жоғары бағаланып, арада ондаған жыл өткенде жедел-криминалистика басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Тағдыр таңдаған жары Гүлмира да педагогикалық институтты аяқтаған соң, кейін ювеналды полицияға қызметке келген.
Қанат ағаның айтуынша, криминалист мамандар оқиға орнына жеткен бойда әуелі қылмыстың мән-жайына қанығады. Содан кейін қылмыскердің ізіне түсетін дәйектерді жинауға кіріседі.
– Криминалист мамандардың негізгі міндеті – қылмыс болған жердегі кез келген дәйекті, іздерді іздеу, фотоға түсіру, тіркеу, зерттеуге алып кету. Криминалистикада автоматты жүйе бар, соның көмегімен күдіктіні табу үшін кез келген табылған затты, саусақ, өкше ізі, адам ағзасының ДНҚ сақталатын бөліктері, бәрі-бәрі тексеріледі. Негізі қайталанбайтын саусақ таңбасы сияқты әр адамның өзіне тән исі болады. Ол иіс қылмыс болған орында біраз уақыт қана сақталады. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға бейімделген иісшіл иттерге қаскөйді іздеуге көмектесетіні хақ. Ал егер күдіктінің ұзақ уақыт қолданған жеке заты, мәселен қол орамал, тарақ, белдік, қолғап немесе басқа заты табылған болса, ол – тергеу үшін таптырмас айғақ. Себебі бұл заттар иесінің жеке исін бірнеше ай, кейде тіпті жылдар бойы сақтай алады. Бізде одорологиялық зертхана бар. Одорология дегеніміз – иістер туралы ғылым. Ол қылмысты ашу мен тергеу үшін кеңінен қолданылатын әдіс. Орталықта ДНҚ қоры бар, сол жақта жіті тексеріліп, бұрын қылмыс жасаған азаматтарға қатыстылығы анықталады. Кешенді криминологиялық есептегі қылмыс жасаған, қылмыс жасауға бейім тұратын тұлғалардың жеке деректері де табылған заттармен салыстырылады. Сол арқылы аса ауыр қылмыстардың беті ашылып жататын сәттер аз емес, – деп әңгімеледі Қ.Сартов.
Елімізге сырттан келген имигранттардан саусақ ізі алынатыны мәлім. Осындай дактилоскопиялық зерттеулердің нәтижесінде, бұрын қылмыс жасаған шетелдіктерді анықтау мүмкін болып отыр. Жуықта көрші елден сондай бір азамат шекарадан бері өтіп, Қазақстанда жасырынып қалуға тырысқан. Оны саусақ таңбасы арқылы ажыратудың сәті түсті.
Айтып өтейік, полиция подполковнигі Гүлмира Сартова да салада 15 жыл табан аудармай қызмет етіп келе жатқан білікті маман. Ерлі-зайыптылар өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен қабылдайды. Соның нәтижесінде, олардың жұмысына қатысты басшылықтарына ешқашан шағым түспепті. Бүгінде отбасы екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Өнегелі шаңыраққа айналып, ұл-қыздары спорт пен өнерге құштар болып жетіліп келеді.
– Криминалист мамандығын меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас. Себебі маманды даярлау барысы да күрделі. Полиция қызметкері болу бала күнгі арманым еді. Ең бастысы, бүгінде құқық қорғау саласында ел тыныштығы жолында қызмет етіп келемін. Өзіме жүктелген абыройлы міндетті әрі қарай үлкен жауапкершілікпен атқаратын боламын. Қызмет пен отбасының арасында барлығына үлгеру оңай емес. Әрине, қылмыскерлер үшін демалыс күндері болмайтыны белгілі, ал менің отбасым мұны жақсы түсінеді. Жұмыстан оралған уақытта мен үшін үйімнің жылуын сезінуден асқан құнды әрі бақытты ештеңе жоқ, – дейді отағасы.
Ол қазіргі уақытта қол астындағы криминалистердің оқиға орнына жедел жетуін, есепке алу материалдарының жүргізілуін, криминалистикалық зерттеулердің орындалуын бақылайды. Көптің алғысын арқалап, антына адалдық танытып жүрген полицейлер отбасына баянды бақыт пен амандық тіледік.
Павлодар облысы