• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2024

«Алтын жас» мүмкіндікті арттырады

99 рет
көрсетілді

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін адамдардың әлеуметтік өмірге белсенді әрі нәтижелі қатысуы, жұмыспен қамтылған халықтың санын ұлғайту және жас мамандарға берері көп тәлімгердің рөлін нығайту үшін Алматыда алғаш рет зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру бағдарламасы іске қосылды. Құрметті демалыста жүрген азаматтардың табысын арттыруға арналған жобаға 80 жасқа дейінгі кез келген тұрғын қатыса алады.

«Алтын жас» бағдар­ла­ма­­сына Алматының зейнет­керлері мен меншік нысаны­на қарамастан (шағын және орта бизнес, мемлекеттік орган­дардың ведомстволық ба­ғынысты ұйымдары болуы мүмкін) жұмыс берушілері қатысады. Зейнеткерлік жас­тағы адамдардың жалақысы жұмыс берушінің қаражаты есебінен белгіленген жалақы­ның кемінде 50 пайызы мөл­шерінде жүргізілетін бо­ла­ды. Сонымен қатар жа­ла­қы жергілікті бюджеттен бел­гі­ленген жалақының 50 пайы­зынан аспайтын мөлшер­де субсидияланады. Бұл жерде маңыздысы, еңбекақы Бюд­жет кодексіне сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төменгі жалақыдан, яғни 85 000 теңгеден аспауы керек. Бағдарламаға қатысу мерзімі еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігімен үш жылға есеп­телген. Сондай-ақ егде жас­тағы адамдар жұмыс кү­нін, икемді кестені немесе қашықтан режімді таңдай алады. Қазірдің өзінде 200-ге жуық компания зейнеткерлерді жұ­мысқа қабылдауға дайын екенін білдірген.

Бүгінде Алматыда шамамен 2 жарым миллионға жуық адам тұрса, оның оннан бір бөлігі зейнеткерлер. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша қалада 247 844 зейнеткер бар. Былтыр шаһарда жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан (1 045 505 адам) зейнеткерлік жастағы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 4,4 пайызды (44 378 адам) құрады. Осы ретте Алматы әкімінің тапсыр­масымен ­зей­неткерлік жас­та­ғы адам­­д­ар үшін жұмыс орында­рын құру қажеттілігіне талдау жүр­гізілді. Зейнет жа­­­сына толған 1 076 Алматы тұр­ғы­ны қатысқан сауална­ма қо­ры­тындысы 80 жасқа дейін­гі 519 адамның (48%) еңбек қыз­метін жалғастыруға және мегаполис экономикасы­ның дамуына үлес қосуға ниет­ті екенін көрсетті. Бұл рет­те аза­маттар қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылысын (15%), жұмыс орнында тә­лім­герлік қызметті жүргізу қа­жет­тілігін (40%) жеткіз­ген. Сондай-ақ қосымша табыс табу да (45%) – еңбектен ажырмаудың негізгі себебі. Мо­ниторинг қорытынды­сында ведомстволық бағы­нысты ұйымдар мен жеке кәсіпорындар арасында 1 753 адамның жұмысқа орнала­су қажеттілігі анықталды. Жұ­мыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, мамандық бойынша ең көп қажеттілік денсаулық сақтау, білім және өнеркәсіп салаларында байқалады. Не­гі­зінен дәрігер, орта және кіші медициналық персонал, жоғары оқу орындарына, мектептерге педагог, сондай-ақ тәрбиеші, эколог, инженер, электрик, монтер және басқа да білікті мамандыққа сұраныс жоғары. Бағдарламамен биыл 500, келесі жылы 1000, ал 2026 жылы тағы 1500 адамды қамту көзделген.

Еуропа мен Азияның кейбір дамыған елдерінің тәжірибесі мұндай жобаларды қолдануда оң динамиканы көрсетіп отыр. Мысалы, Жапонияда зейнетке шыққан әрбір екінші адам қызметін жалғастырады. Сәйкесінше, бұл елде заңнамалық негізде міндеттеме енгізіліп, компаниялар 70 жасқа дейінгі еңбек етуге мүмкіндік бере­тін жүйені құрған. Оның шеңберінде бизнес иелері қарттарды жұмыспен қамтып қана қоймай, осы санаттағы кадрлардың айналымына да талдау жүргізеді. Зейнеткер тәлімгерлікті дамытып, өз тәжірибесін жас мамандарға беруі үшін ұйымдарға белгілі бір талаптар қойылған. Сол секілді Германияда да 2014 жылдан бастап «Шағын» деп ата­латын зейнеткерлерді жұ­мыспен қамту бағдар­ламасы іске асырылған. Ол бойынша уақытша және тұрақты си­пат­тағы жұмысқа айына 400 еуро мөлшерінде ең тө­мен­гі жалақы белгіленген. Осы­лайша, жұмыс берушінің бағ­дарлама арқылы немесе өз ық­тия­рымен зейнеткерлерді жұ­мысқа орналастыруға мүд­делі болуы қамтамасыз еті­леді.