ҚАРАҒАНДЫ. 26 сәуір. Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында ашылған №17 сайлау учаскесінде дауыс беру салтанатты рәсіммен басталды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Өз таңдауларын жасауға ертелетіп келушілерді «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, тыл ардагері, подполковник Рахметолла Оспанов ақсақал құттықтап, алғаш болып дауыс берді. Сайлауға бірінші рет қатысушы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Аманғали Рахимов жастар арасынан осындай құрметке ие болды. «Мен өз елімнің болашағы үшін дауыс беруге келдім. Қалауымды үміткерлердің қайсысына жасау үшін көп толғандым. Шешімім дұрыс болды деп ойлаймын», – деді ол.
Облыс орталығындағы №53 сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушылар да белсенділік танытуда. Аталған сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Әлімхан Сүлейменовтің айтуынша, таңертеңгі сағат 10-ға дейін сайлаушылардың 15 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. Сондай-ақ, осы уақыттарда дауыс берушілер сайлау учаскесіне толассыз келуде. Осында ТМД елдері байқаушылар комиссияның өкілі Ольга Сосковец болып, дауыс беру барысымен танысты.
Басқа сайлау учаскелерінде де дауыс берушілер бүгінгі науқанға белсенді атсалысуда. Сайлау еш заң бұзушылықсыз өтуде.
Айқын Несіпбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.