Қазақ тілінің дамуына, тілдік ортаның сақталуына шетелдегі қандастарымыздың да үлесі зор. Дәл осы ойға бізді жетелеген – PhD, филолог-ғалым Ырысты Құттымұратова. Ол жетекшілік ететін Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақ мектептеріне мамандар даярлайды.
– Ырысты Әбдірахманқызы, сіз еңбек ететін жоғары оқу орнында қазақ мектептеріне мамандар даярлайтынынан хабардармыз. Бұл салаға қалай келдіңіз, өзіңіз жетекшілік ететін кафедра тарихына қысқаша тоқталсаңыз?
– Қарақалпақстанның Шоманай ауданындағы мектепте оқып жүріп, Өзбекстанда өткен пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болдым. Әрі мектепті «Алтын медальмен» бітірген соң, Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына емтихансыз қабылдандым. Бұл мамандықты таңдауыма Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген мұғалімдерден сабақ алуым ықпал етті. Жоғары оқу орнын үздік бітірген соң, институт басшылығы ғылыммен айналысуыма мүмкіндік жасады. Қарақалпақстандағы қазақ, қарақалпақ тілдерін салыстыра зерттеу мәселелері бойынша ғылыми тақырып алдым. Өкінішке қарай, сол жылдары қазақша диссертация қорғау мүмкін болмады. 2016 жылы Жоғары аттестация комиссиясының ережесі өзгеріп кетті. Ал 2018 жылы қазіргі Президентіміз Шафкат Миромонұлы Мирзиёевтің тапсырмасымен қазақ тілінде қорғауға рұқсат берілді. Сонымен, ең бірінші болып «Қарақалпақстандағы қазақ тілінің деңгейі» тақырыбында диссертация қорғадым.
Институтымыздың құрылғанына биыл 90 жыл толады. Ал қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы 1954 жылы ашылған, қазірге дейін 2 мыңға жуық маман даярладық. Кафедраның ашылуына профессор Жұмырбай Қайырбаев елеулі үлес қосты. Ол кісі қарақалпақ әліппесін жазуға да атсалысқан. Сонымен қатар Орақбай Доспанов, Абатбай Дәулетов секілді профессорлар да кафедраның қалыптасуына айрықша еңбек етті. Кейін Зейнолла Қабдолов, Мәулен Балақаевтың шәкірттері жұмыс істеген кафедра институттағы ғылыми дәрежесі ең жоғары кафедраға айналды. Институтымызда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қоса математика, бастауыш білім, мектепке дейінгі білім, педагогика, химия, биология білім бағдарларынан қазақ топтары ашылған.
– Кафедра студенттері қандай ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Түлектер жұмыспен толық қамтыла ма?
– Өзбекстанда 550-ге жуық қазақ мектебі бар, соның 330-дайы Қарақалпақстанда орналасқан. Біздің түлектеріміз осы мектептерде шәкірт тәрбиелейді. Соның ішінде атажұртқа барып білікті маман, мектептерде директор, директордың орынбасары секілді басшылық қызметтерде еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Осыған қоса ғылым жолын жалғастырып, магистратурада оқитындары да бар. Өндірістік тәжірибеге келсек, институтымызда «4+2» деген бағдарлама енгізілген. Мұнда студенттеріміз 4 күн оқып, 2 күн қазақ мектептерінде тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар білімгерлеріміз жұма сайын қазақ тілінде шығатын республикалық «Алтын аймақ» телебағдарламасын жүргізеді. Онда әр жылы іріктеуден өткен студенттер шалғай елді мекендегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы көрсетілімдер дайындайды. Бұл да – оларға өте жақсы өндірістік іс-тәжірибе. Сондай-ақ қазақ ұлттық мәдени орталығымен де етене байланыстамыз. Орталық арқылы ауылдардағы қариялармен фольклорлық диалектология бағытындағы іс-тәжірибе жұмысын ұйымдастырамыз.
– Атажұрттағы университеттермен тәжірибе алмасу бағытында байланыс бар ма?
– Президентіміздің Қарақалпақстандағы қазақ ұлтының өкілдеріне жасаған қолдауы нәтижесінде Қазақстанның үздік 10 университетімен байланыс орнатуға жол ашылды. Институтымыздың ректоры атынан арнайы хат жолданып, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті секілді беделі жоғары оқу орындарының ректорларымен келісімшартқа отырдық. Осындай академиялық байланыс арқылы аталған университеттердің профессор-оқытушылары бізге онлайн және офлайн режімде дәріс оқиды. Аталған жоғары оқу орындарындағы қажетті әдістемелік оқулықтардың электронды нұсқасымен оқытушыларымыз танысып, студенттеріміз электронды кітапханасын да пайдаланады. Қазақ тілі мен әдебиеті бағдары бойынша 20 студент Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академиялық ұтқырлықпен бір семестр бойы оқыды. Аталған университетпен бірлесіп қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының қосдипломдық бағдарламасы жасалды. Нәтижелі жұмысымызды көрген соң, институт басшылығы магистратура ашуға рұқсат беріп отыр. Осылайша, институтымыздың тарихында алғаш рет қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына магистратура бағдарламасы ашылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірге алдағы оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті, жаратылыстану, химия бағытында қазақ топтарына магистратура бағдарламаларын ашуды жоспарлап отырмыз. 20-ға жуық студент магистрлік диссертациясын қорғады. Солардың ішінен 3-еуін докторантураға алып қалдық. Енді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына докторантура бағдарламасы күн тәртібінде тұр.
– Қысқа ғана ғұмырында қазақ поэзиясында орны бөлек ақын Төлеген Айбергеновтің Нөкіс қаласында жерленгені белгілі. Сіздердің институтта ақын шығармашылығына арналған орталық бар ма?
– Әрине, біз артында өшпес із қалдырған ақиық ақын Төлеген Айбергеновті ерекше құрметтейміз. Ақынның атында арнайы кабинет жабдықталған. Ол Нөкіс қаласының ортасындағы «Шорша баба» қорымында жерленген. Кафедра оқытушылары ақынның өмір жолымен студенттерді таныстырып, бейіт басына барып, білімгерлермен бірге зиярат жасап тұрады. Кафедрамызда Т.Айбергеновтің атында «Тіл білімі» үйірмесі де жұмыс істейді. Бұл үйірмені марқұм ұстазымыз, Төлеген жырларын зерттеуші ғалым Рақмет аға Аяпбергенов біз студент болып жүргенде ашқан еді. Осы үйірмеге студенттеріміздің барлығы дерлік белсенді түрде қатысады. Үйірменің үздіктерін институтымыздың Әжінияз атындағы стипендиясына ұсынамыз, халықаралық шығармашылық конкурстарға жолдама береміз.
– Жалпы, Қарақалпақ жеріндегі қандастардың ана тілінде білім алуы туралы не айтар едіңіз?
– Қарақалпақстанда 300 мыңнан аса қазақ тұрады. Жоғарыда қазақ мектептерінің бар екенін айттым, яғни орта біліммен толық қамтылған. Ал жоғары білім алуына келсек, бір ғана Нөкіс қаласындағы екі жоғары оқу орнында қазақ тілі арнайы кафедрасы бар. Оның бірі – біздің институтта, екіншісі – Қарақалпақ мемлекеттік университетінде. Аталған университетте қазақ филологиясы деп аталатын арнайы кафедра бар. Талапкерлер осы екі жоғары оқу орнының біріндегі қазақ топтарына оқуға түсе алады.
– Қарақалпақстандағы қазақтардың тілдік ортасын кеңейтуге қатысты тағы қандай жобаларыңыз бар?
– Болашақта Абай атындағы тілді зерттеу орталығын ашқымыз келеді. Өйткені институтымызда қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікмен балалары бірге оқиды. Осыны негізге алып, орталық ашуға жан-жақты байланыс, мүмкіндік болса дейміз. Мысалы, қарақалпақ ақын-жазушыларының шығармалары өзге тілдерге аударылған жоқ. қазақ қаламгерлерінің де еңбектері қарақалпақ, өзбек, түрікмен тілдеріне аударылмаған. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, аударма мәселесінде де үлкен жұмыстар мен жобаларды іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Сондықтан аудармамен де айналысуға ниеттіміз. Орталық ашылса, осындағы қандастардың тілдік ортасын кеңейтуге, оқитын дүниелерін молайтуға, тіл және әдебиет тұрғысында, басқа да салалаларда қазақша жүргізілетін зерттеулерді көбейтуге, жастарды ғылымға тартуға мүмкіндік туатын еді.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»