• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Маусым, 2024

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ: Мемлекеттік қызметші «Адал азамат» қағидатына сай болуға тиіс

289 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ілкімді реформалар жүргізіліп келеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік секілді қасиеттерді орнықтыру ісі қолға алынды. Сондай-ақ жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері жетілдірілді. Осы орайда мемлекеттік қызметтің бүгінгі жай-күйі, салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан ЖАЗЫҚБАЙ мырзадан сұраған едік.

– Жыл басында ел Президенті «мемлекеттік қызмет­тің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн» деген еді. Бұл модельдің ерекшелігі қандай және қалай іске асырылып жатыр?

– Отандық мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар Әділетті Қазақстан қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Оның басты бағыттары – ашықтық, әділеттілік және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы өзгерістерді енгізу шаралары өткен жылы 44 нормативтік құқықтық актіде көрініс тапты.

Бүгінде мансаптық және позиция­лық модель элементтері бар мемлекет­тік қызметтің гибридті моделін қалып­тастыру жалғасуда. Бұл шетелдік тәжірибенің озық үлгілерін қабылдай отырып, мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын сақтауды қамтамасыз ету арқылы жеке сектордан жаңа көзқарастары мен идеялары бар адамдарды тартуға мүмкіндік береді. Нә­ти­жесінде, бұрын осы мүмкін­дікті тежеп келген және тек мемле­кет­тік қыз­метшілерді ішкі ілгерілетуге бағытталған біліктілік талаптары жаңартылды. Іріктеу кезінде кандидаттың функционалдық бағытына сәйкес мемлекеттік қызметтегі болсын, квазимемлекеттік және жеке секторлардағы болсын жалпы жиынтық жұмыс өтілі ескеріледі. Бұл былтырғы көрсеткішке сәйкес мемлекеттік қызмет­ке қабылданғандардың 68,5%-ның өзге салалардан келуіне жол ашты.

Тағы бір жаңашылдық – «Б» корпусы­ның жекелеген жоғары лауазымдарына олардың салалық тәжірибесі мен таң­даған лауазымының функционалын ескере отырып, нақты сектордан кандидаттарды тікелей тағайындау мүмкіндігі. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша жеке сектордың кәсібилігі жоғары маманы салалық министрлікке басшылық лауазымға конкурссыз тағайындала алады.

Заңға енгізілген тағы бір өзгеріс нәтижесінде мемлекеттік органдар ұлт­тық және өзге де жобаларды жүзеге асы­ру үшін белгілі бір мерзімге тиісті салал­ық мамандарды – «келісімшарттық қыз­метші» ретінде тарта алады. Осы­лайша, қазіргі таңда бірнеше маман келі­сім­шарт бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқарып келеді.

– Өткен жылы мемлекеттік қыз­метте бұрын болмаған онлайн ірік­теу жүйесі іске қосылды. Бұл жұмыс­тары­ңызды қаншалықты жеңілдетті?

– Кадрларды іріктеудің ашық, ең бастысы – әділ жүйесін қалыптастыру басты мақсаттарымыздың бірі. Мем­лекеттік қызметке іріктеу және қабыл­дау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашық­тығын қамтамасыз ету мақсатында «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылды.

Бүгінде, «eqyzmet.gov.kz» порталында іске қосылған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы 22 мемлекеттік органда жүзеге асырылуда. 1 шілдеден бастап тағы да 22 мемлекеттік органда бұл жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. 2026 жылға дейін бұл жаңа іріктеу жүйесіне барлық мемлекеттік органдар кезең кезеңімен қосылатын болады.

Жаңа формат үміткерлерге алдын ала бел­гі­ленген уақытта өтетін әңгімелесуден бас­қа, барлық кезеңдерде, кез келген уа­қыт­­та және әлемнің кез келген нүк­тесі­нен кон­­курс­қа қатысуға мүмкіндік береді. Үміт­­­кер­лер өз деректерін бұрынғыдай қа­ғаз тү­рін­де тапсырмайды, мемлекеттік ор­­г­ан­­­­­дар­­мен жасалған интеграция арқа­сында деректер автоматты түрде тартылады.

Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге – яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Сондай-ақ қазір үміткер сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңдерінен өтеді.

«Адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде дербес деректерді құпиялан­дыру, анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында үміткерлер ID-нөмірленеді және тәуелсіз прокторинг жүйесі қам­тама­сыз етіледі. Бұл тәжірибе әлемде кеңі­нен қолданылады және HR-дың тиім­ді құралы ретінде өзін дәлелдеп отыр.

Конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалады. Нәтиже­сін­де, жаңа жүйе бойынша өткізіліп жат­қан конкурстарда бір орынға қатысу­шы­лардың үлесі 4,6 адамды құрап, қол­даныстағы іріктеу тәртібімен салыстыр­ғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге ар­тып отыр. Бұл онлайн форматтағы іріктеу азаматтардың мемлекеттік қыз­мет­ке қы­зығушылығын арттырғанын байқатады.

Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет­ке үміткерлердің эмоционалды интел­лект және олардың рухани даму дең­гейін анықтауға бағытталған тесттерді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект құрал­дарын қолдану мәселесі зерделеніп жатыр.

– Кейінгі уақытта кадрлық саясатта жастарға басымдылық беріліп келеді. Жастар осы мүмкіндіктерді қалай қолданып келеді?

– Биыл ұйымдастырылған Прези­денттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы мемлекет бас­қару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көп­теп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

Бүгінде бастамашыл, жаңаша ойлай алатын жастарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буыны қалыптасты. Резервке іріктеу жүзеге аса бастағаннан бері жауапты қызметтегі жастардың үлесі артты. Бүгінде 400 резервшінің 295-сі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту жұмысының жалғасы ретінде биыл 1 наурыздан бастап Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Жобаға қатысуға барлығы 11 505 жас өтінім берді, құжаттарды зерделеу қорытындысы бо­йын­ша заңнаманы білуге тестілеуге – 5 354 адам, жеке қасиеттерін бағалауға – 2 433 адам жіберілді. Құзыреттерді баға­лауға 939 адам келді. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.

Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға аудандық және ауыл­дық жердегі төменгі лауазымдарға кон­курссыз тағайындалу мүмкіндігі берілді. Бүгінде 186 үздік түлек аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүр. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

– Сондай-ақ форумда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет­тегі әйелдердің, жастардың және мүм­кін­дігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек екенін айрықша атап өтті.  Инклюзивтілікті қамтамасыз ету мәселесі қалай іске асырылып жатыр?

– Қазір елімізде мемлекеттік қызмет­тегі әйелдердің үлесі 56%-ды құрай­ды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4%. Биыл бірінші тоқ­санда мемлекеттік лауазымдарға орна­ласуға 9 мыңнан астам конкурс өткізі­ліп, оған қатысушылардың 44% әйел­дер құрады. Іріктеу жеңімпаздары арасын­дағы олардың үлесі 43%-ға жетіп отыр.

Әйелдер қызметтік әдеп норма­лары­ның сақталуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметте кәсібилік­ті жоғарылатуға өлшеусіз үлес қо­сып келеді. Елімізде Әдеп жөніндегі уәкіл­д­ердің 38%-ы әйел екенін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдептілік стандарттарды сақтай отырып, жауапкершілік пен құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Кәсіби міндеттерді жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік берілуде. Икемді жұмыс кестесін пайдаланатын қызметшілердің 63%-ы қыз-келіншектер.

Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – мемлекеттік қызметте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де тең еңбек жағдайлары мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін жасау. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің саны 847 адамды құрап, олардың 30%-ға жуығы басшылық лауазымда қызмет атқарады. Олар ел игілігі жолында тиімді еңбек етіп келеді.

– Президент белсенді азаматтар­ды, әсіресе еріктілерді қызметке тартудың маңыз­дылығын айтты. Мемлекеттік қызметпен еріктілікті қатар алып жүрген қызметшілердің үлесі қандай?

– Мемлекеттік қызметшілер арасында ерікті болып қызмет етіп, еліміз­дің рухани дамуына, өркениетті орта қалыптастыруда жақсылық жасап жүрген мемлекеттік қызметшілерден құралған еріктілердің ерлігі ерекше. 2023 жылы өңірлердегі Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан «Еріктілер кеңесі» құрылды. Бұл консультативті-кеңесші орган қоғамдағы әртүрлі игі шараға атсалысып жүр. Еліміз бо­йынша кеңестердің құрамында 377 адам бар. Мемлекеттік қызметші өз еркімен ерікті болып жазылып, қызметінен тыс уақытта бірлесе ерікті қызметпен айналысып, өзгелерге үлгі болып, қоғамға үлкен пайдасын тигізіп отыр. Мысалы, қарт кісіге азық-түлік апарып береді, үйін тазалап береді, балаларға және өзге де мұқтаж жандарға арналған тиесілі көмек көрсетеді. Еріктілер су тасқынының алдын алу және оның салдарымен жұмыс жасауға да белсенді қатысты. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер 250-ге жуық акциялар мен шараларды іске асырды.

Мемлекеттің саясатын жүргізіп, ел дамуына зор үлес қосып отырған мем­лекеттік қызметшілердің жүрек қалауымен еріктілік шараларына бел­сенд­і атсалысуы көңілге қуаныш ұяла­тады. Бұл – жақсылық істеп жарыс­қан дана халқымыздың игі дәстүрінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

– Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесі мен жүктемесі көп айтылады. Қоғамда «Жұмыстары қауырт, түнге дейін отырады» деген пікірлер бар. Бұған қатысты не айтасыз?

– Мемлекеттік қызметшілердің құ­қық­тарын қорғау – агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі. Қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау үшін біз осындай фактілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте мемлекеттік органдарда кіруді бақылау және басқару жүйесі мен «Е-қызмет» арасында интеграция жүргіздік. Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режі­мінің сақталуына мониторинг мем­лекет­тік органдарға бару жоспарына сәй­кес бір тоқсан ішінде кемінде бір рет өт­кізіледі. Жоспарларды агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері бір жыл­ға бекітеді және алдын ала мүд­делі мем­лекеттік органдарға жібереді. Мемле­кет­тік органдардың жұмыс уақыты режімін мүл­тік­сіз сақталуын қамтамасыз ету мақ­сатында мемлекеттік органға бару арқылы тиісті мониторинг жылына екі рет жос­пардан тыс жүзеге асырылуы мүмкін.

Осы жұмысты реттейтін қағида бекі­­тілген уақыттан бері мемлекеттік ор­­ган­­­дардың жұмыс режіміне қашық­тық­тан және бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерге байланысты қосымша тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы 500-ден астам мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ Агенттік мемлекеттік қыз­метшілердің мансабы мен отбасы ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау үшін ша­ралар қабылдады. Іске асырылған бас­­таманың арқасында өткен жылы мем­лекеттік қызметшілердің белгілі бір санаты қашықтықтан немесе аралас қа­шық­тықтан, икемді жұмыс уақыты режімінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

– Мемлекеттік қызмет саласында бюрократиямен күрес мәселесіне тоқталсақ. Қызметтің сапасын арттыру бағытында қандай нақты шаралар қабылданып келеді?

– Агенттікпен жартыжылдық негізде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша талдау және мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бүгінге дейін мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға қатысты жүргізілген мониторинг және талдау нәтижелері бойынша 554 ұсыныс әзірленді. Бұл ұсыныстар халықтың және бизнестің қажеттіліктеріне барынша бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.

Ұсыныстардың 100-ден астамы кодекстер мен заңдарға өзгеріс енгізуді талап етеді. Мысалы, талдау аясында мем­лекеттік органдардың 200-ден астам функ­цияларын алып тастау немесе өзге орган­дарға, ұйымдарға, сондай-ақ аутсор­сингке немесе бәсекелестік ортаға беру жолымен, 40-қа жуық басшы лауазым­ды атқарушылық лауазымға ауыстыру жолымен басқару құрылымдарын оңтай­ландыру, дербес жауапкершілікті арт­тыру мақсатында 80-нен астам комиссияларды тарату жөнінде ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, еңбек инспекцияларын орталық мемлекеттік орган деңгейіне ауыстыру, мемлекеттік сатып алулар өткізуде жергілікті деңгейде дербестік беру, сатып алулар рәсімдерін оңтай­ландыру бойынша заңнамалық түзету­лер мен өзгертулер қабылданып жатыр. Осы­лайша бюрократиядан арылту аясын­да жүргізілген жұмыс шамадан тыс орта­лықтандыру, артық функциялар, ұйым­дық және басқару құрылымының теңге­рім­сіздігі, жекелеген әкімшілік рәсім­дерді шамадан тыс ресімдеу, заңна­ма­дағы қайшылықтардың және ақпарат­­тық жүйелердің жеткіліксіз интегра­ция­сы мәселелерін шешу жолдарын анықтады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын арттыру басты назарымызда. Бірінші тоқсанында жүргізілген бақылау шаралары аясында 34 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 52% мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу болып отыр.

Өңірлердегі агенттіктің аумақтық департаменттерімен 300-ге жуық ша­ғым­дар қаралды. Оның 196-сы бойынша бұзу­шылықтар расталып, қызмет алу­шы­лар­дың құқықтары қалпына келтірілді.

1 млрд теңгеден астам мөл­шерінде қызмет алушыларға субсидиялар төленді және мемлекеттік баж қайтарылды.

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында цифрлық әдістерді де қолданылып келеді. Енді барлық бақылау шаралары «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Жаңа тәртіп аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің мәліметтерін мониторингтеу және үлкен ақпараттарды талдау секілді мемлекеттік бақылаудың цифрлық әдістері қолжетімді болды. Бұл бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және жедел алдын алуға қосымша мүм­кіндіктер береді.

Заманауи үрдіске сәйкес азамат­тардың өтінішіне жедел ден қою, олардың құқықтарын қорғау мақсатында «ЕgovKZBot» телеграмм-платформасында Агенттікке шағымдану функциясы қосылды. Ол арқылы қызмет алушылар өз шағымын жолдап, мәселелерін санау­лы минуттарда шеше алады.

– Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке құзыреттерін дамыту жұмысына тоқталсаңыз.

– Жыл сайын 25,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырудан және қайта даярлаудан өтеді. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясымен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізіледі. Бұл оқытудың артықшылығы серіктес АҚШ, БАӘ, Финляндия елдерінің жоғары оқу орындарының базасында қос дипломдық білім алу мүмкіндігі, сондай-ақ БАӘ, Литва, Грузия, Үндістан, Әзербайжан, Швейцария, Болгария, Ресей секілді елдерде шетелдік тағылымдамадан өту қарастырылған. Биыл магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуды 124 мемлекеттік қызметші аяқтайды. Саяси қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін дамыту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев университетімен бірлесіп, «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіп келеді. Жыл сайын бұл оқытудан 50 саяси қызметші өтеді.

Мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласындағы озық тәжірибемен алмасу мақсатында «Government Accele­rators» және «Capacity Building» бағыт­тары бойынша Біріккен Араб Әмір­лік­тері­мен ынтымақтастық шеңберінде мем­лекеттік саяси және әкімшілік қыз­мет­ші­лер үшін «Kazakhstan Executive Leadership Program 2024» бағдарламасы бойынша Mohammed Bin Rashid School of Government оқу орнында оқыту жүргізіле бастады.

Өткен жылы қатарынан 2 жыл жо­ғары бағалау нәтижелерін алған қызмет­шілер үшін өз қалауы бойынша се­минарлар тақырыбын және оқыту ұйы­мын таңдау құқығын беру мүмкіндігі енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшілер агенттік жанындағы Үйлестіру кеңесі айқындаған 43 білім беру ұйымдарында мемлекеттік органның қызмет бейіні бойынша оқудан өте алады.

Мемлекеттік қызметшілердің тұрақ­ты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім мен тәжірибе алуы үшін олар­дың тағылымдамасы өткізіледі. Бүгінде 329 қызметші ұлттық компания­лар мен мемлекеттік емес сектор кәсіп­орын­дарында тағылымдамадан өтті.

Қызметшілердің шетелдік тағылым­да­мадан өтуін қамтамасыз ету мақсатын­да мамыр айында Мемлекеттік бас­­­­қару академиясы мен Түркия Респуб­­лика­сы Президентінің жанындағы Кадр­лар басқармасы арасында жасалған меморандум аясында 14 мемлекеттік қызметші Түркия Республикасында тағылымдамадан өтті. Бұл олардың озық шетелдік тәжірибеге сәйкес дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

– Отандық қызметшілердің тұлға­лық болмысын жетілдіруде қандай құндылықтар негізге алынады?

– Мемлекеттік қызметші Президент айтқан «Адал азамат» идеалдарына сай келуге тиіс. Ол ашықтық пен адалдық, ж­ауап­кершілік пен кәсібилік сынды қа­сиет­терді талап етеді. Сондықтан бүгін­де Агенттік мемлекеттік қызмет­шілердің «Адал азамат» идеалдарына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиет­терін тұрақты ілгерілету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жем­қорлық көріністеріне, мемле­кет­тік қызметке кір келтіретін бюрокра­тияға, көзбояушылық формализмге, жұмыстың имитациялық сипатына және қызметтің жасанды декларативті эле­мент­теріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы қажет деген талап қоюдамыз. Ол үшін мемлекеттік қызметші ең бастысы қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын тұлғалық қасиетке ие болуға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет «ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік қызметшілер осы қағиданы ескеріп жұмыс тәсілін өзгертетін болса жаңа мәдениет олардың бойынан көрініс табары анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»