Жаңа заң тек бұқаралық ақпарат құралдарын емес, сонымен қатар интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген кең мағыналы ұғымды енгізді. Бұл жаңалық ақпарат кеңістігіне жалған немесе сапасыз ақпараттың мейлінше түсуіне кепілдік береді. Сонымен қатар ақпараттық контент жасаушылардың жауапкершілігін арттырады.
Ендігі жерде қалам ұстаған барша қауымды осы ортақ атау аясында дәстүрлі БАҚ, интернет-басылымдар мен ресурстар құрметтеуге тиіс құқықтар мен міндеттер біріктіреді.
Ел Конституциясы сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік береді, цензураға тыйым салынады. Әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген жолмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқы бар. Дегенмен ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың барлығы бүгінде медиа-кеңістікті бақылайтын тек уәкілетті органдар емес екенін түсінуі керек. Әлеуметтік желілер әкімшілерінің өшпенділік, алауыздық тудыратын сөздер және басқа да «өткір» тақырыптарға арналған аккаунттар мен парақшаларын қатаң түрде бұғаттай бастағанының түп-тамыры осыған келіп тіреледі.
Жаңа заңның зорлық-зомбылық құрбандарын, оның ішінде, ең алдымен балалардың мүдделерін қорғайтын баптардың мән-маңызы ерекше. Айталық, масс-медиада еңбек саласында кемсітушілік сипаттағы талаптарды қамтитын, жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратты орналастыруға тыйым салынады. Сондай-ақ ата-анасы жəне өзге де заңды өкілдері туралы ақпаратты қоса алғанда, адамның дербес жəне биометриялық деректерін анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын масс-медиа өнімін таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тəркілеуге, сондай-ақ масс-медиа өнімін жоюға заңды күшіне енген сот шешімi негiзiнде болмаса, жол берiлмейдi. Сонымен қатар, заң өз-өзіне қол жұмсау әдістері туралы және өзін-өзі өлтіруге итермелейтін ақпаратты таратуға тыйым салады.
Заңда ақпараттың дұрыстығына жауапкершілікке қатысты, деректерді тексеру қажеттілігі туралы бірнеше рет атап өтілген. Енді бұл тек журналистердің ғана емес, барлық контент жасаушылардың міндетті жұмысы. Осыған орай, «Интернет-платформалар және интернет-жарнама туралы» заңға сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа баптар енгізілді.
Қазірде журналистердің этикалық кодексін жетілдіру қажеттігі туралы жиі айтылады. Сол үшін де заңда БАҚ қызметін өзін-өзі реттеуге бағытталған әлеуметтік және кәсіби кеңестер құру қарастырылған, олар сонымен қатар журналистік этика мәселелерімен айналысатын болады. Масс-медианың негізгі міндеттері тізбектелген 4-баптың 4-тармақшасында өзін-өзі реттеуге көшу туралы айтылған. Сайып келгенде, өзін-өзі реттеу – медиа қоғамдастықтың күнделікті қызметі. Сол тұрғыда заң журналистерді кәсіби этика мен этикалық мінез-құлықты сақтауға міндеттейді. Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін БАҚ туралы заңда этика мәселесі арнайы сөз етілмеген, этикалық кодекстерді қабылдау мен оны жүзеге асыруға қатысты барлық мәселе медиа қоғамдастықтың өз құзырында болатын. Айтары жоқ, этиканы бұзу фактілері өте көп. Бұрын да аз емес еді, енді әлеуметтік желілердің дамуымен, бұл тақырып тіпті өршіп кетті.
41-бапта бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңес медиасаланы дамыту мақсатында ерікті негізде құрылады, дегенмен кеңес өз қызметін уəкілетті орган бекіткен үлгілік ереже негізінде жүзеге асырады деп белгіленген. Қоғамдық-кəсіптік кеңестердің негізгі – функциясы журналистердің əдеп кодексін əзірлеу. Келесі тармақша мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне қатысты: «Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың міндетті түрде қарауына жəне ден қоюына жатады».
Осы ретте уәкілетті органдар стандартты ережелерді әзірлеп қана қоймай, олардың сақталуы әлеуметтік-кәсіби кеңестердің ұдайы бақылауында болуға тиіс екеніне назар аударғаны жөн. Ал этикалық қателерді мемлекеттік органдар емес, бұқаралық ақпарат құралдары әшкерелеп, түзетуі керек. Бірқатар елде аталған этикалық қағидалар саусақпен санарлық, бірақ ең бастысы, олар жүздеген жыл бойы өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
Кез келген ақпаратты тыңғылықты тексеріп алып барып жариялау, қабылдау қажет. Тіпті қазіргі таңда алдыңғы қатарға шығып келе жатқан жасанды интеллектінің мүмкіндіктері де әрқашан жақсы мақсаттарға жету үшін пайдаланыла бермейді. Ел тұрғындарының ақпараттық сауаты айтарлықтай төмен, оның ішінде көбіне үлкендер жағы ақпараттық алаяқтардың құрбанына айналып жатады.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 наурызда қол қойған Ақпараттық доктринада еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі БАҚ пен азаматтарымыздың ақпараттық сауаттылығына байланысты екені атап айтылған. Сол тұрғыда, медиасауаттылық мәселесіне барынша байыппен қарайтын, оның қыр-сырына адамды ерте бастан үйрететін уақыт жетті. Сонда ғана келешек ұрпақ медианы жауапты жасаушылар, ақпаратты сауатты тұтынушылар болады.