Бүгінде мемлекеттік қызметке жастарды тарту маңызды мәселенің бірі болып отыр. Биыл ақпан айында жас кадрлар резервінің форумына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, жүйелі құндылықтар мәселесіне айрықша тоқталған еді. Мемлекет басшысы барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігін ерекше айтты.
Қазір елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін кезең-кезеңімен енгізу қолға алынып келеді. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру, кадрлық әлеуетті дамыту және жас кадрларды тарту. Бұл мәселеге жан-жақты тоқталған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Дулат Тайшыбай: «Жастар – еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Мемлекеттік қызметшілер қатарында білімді, өзін-өзі дамытуға дайын жастар көп. Облыстың мемлекеттік органдарында 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, соның 30%-ы 35 жасқа дейінгі жастар», деді.
Оның айтуына қарағанда, Президенттің мемлекеттік қызметке тұру процедурасын оңайлату бойынша берген тапсырмаларына сәйкес «Б» корпусының E-R-1, E-R-2, E-R-3 санаттарындағы лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары өзгерген. Қазір бұл лауазымдарға орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі бар азаматтар жіберіледі. E-R-4 санатындағы аудандық немесе қалалық жергілікті атқарушы органдардың бас мамандарының лауазымдарына орналасуға қойылатын талаптар да жеңілдетілген. Енді бұрынғыдай жоғары білім талап етілмейді, орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімнің болуы жеткілікті.
Қазір жастар үшін бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс орналасудың бірегей мүмкіндіктері жасалып отыр. Атап айтқанда, GPA 3,33 көрсеткішімен мемлекеттік грант есебінен оқуын аяқтаған жоғары оқу орындарының түлектері конкурстық іріктеусіз және тестілеусіз белгілі бір мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады. Ондайлардың қатарына ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі мен мәслихат аппараттарының төменгі лауазымы, осылардың атқарушы органдарының басшы емес лауазымы, т.б сол сияқты қызметтер жатады.
Қазір облыста Манаш Қозыбаев атындағы университеттің 7 түлегі осы жолмен лауазым конкурстан тыс тағайындалған. Тағы 2 түлектің кандидатурасы келісіліп жатыр. «Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе жаңадан салуға жеңілдетілген кредит беріліп, көтерме жәрдемақы төленді. Кейінгі 4 жылда ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылған барлық 60 жас қызметшіге бюджеттік кредит пен көтерме жәрдемақы берілді», деді Д.Тайшыбай.
Дарынды жастарды тарту үшін мемлекеттік қызмет істері департаментінің қасынан 2018 жылдан бері біліктілік мектебі жұмыс істейді. Оған жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының белсенді студенттері тартылған. Ашылған уақыттан бергі 9 маусымда мектептің 37 студенті Академия филиалдарында дайындық бағдарламасымен мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өткен. Енді заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуден өтулері тиіс, содан кейін мемлекеттік сектордағы таланттар пулына қабылдау туралы сертификат алады.
Биыл 1 шілдеден бастап облыста мемлекеттік қызметке кіру бойынша жаңа қанатқақты жоба сынақтан өтеді. Бұл жоба бірқатар облыс пен мемлекеттік органда сәтті жүзеге асырылған. Жаңа формат үміткерлерге конкурстың барлық кезеңіне, жоспарланған уақытта және елдің кез келген жерінен қатысуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметке алғаш кіргендер үшін тәлімгерлік институт құрылады. Бұл бұрыннан бар тәжірибе болса да еліміз нарықтық қатынасқа өткен кезеңнен бері ұмытылған. Енді өмір оның оң тәжірибе екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жағдайларына бейімделуі үшін жаңа қызметшіге сынақ мерзімі берілетіндігі де өте маңызды.
Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығына түзетулер енгізіліп, соның арқасында төрт тоқсан ішінде қатарынан жоғары баға алған қызметшілерді жоғары тұрған лауазымға тікелей тағайындауға болады. Бұрын жоғары лауазымға өту үшін қайтадан тестілеуден өткізілетін. Өз кезегінде, екі тоқсан қатарынан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, бос лауазым болмаған жағдайда жұмыстан шығарылады.
«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің Өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізіліп жатыр. Оның қатысушылары – іріктеу кезеңдерінен өткен облыстың 35 жасқа дейінгі жастары. Қорытынды қыркүйек айында шығарылады», деді сөзінің соңында Д.Тайшыбай.
Солтүстік Қазақстан облысы