• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе Бүгін, 08:35

Ауызсудың азабы

Етек-жеңі кең пішілген Краснояр ауылы аумақтық жағынан да, әкімшілік тұрғыдан да облыс орталығының құрамына кіреді. Ұзақ жылдан бері ауызсудың азабын тартып келе жатқан елді мекенде 15 мыңға жуық адам тұрады.

Ауылдың кей тұсында су құбырынан сыздықтап су ағады. Болмашы ғана. Ал Октябрьдің 50 жылдығы, Краснояр, Школьная, Новоселов көшелерінің тұр­ғындары құбыр бойына су келсе, құтты бір ақ түйенің қарны жарыл­ғандай қуанып мәре-сәре болады. Еңселі, көпқабатты үйлер былай тұрсын, бір қабатты жекеменшік үйлердің өзі суды ел жатып, ымырт үйіріл­ген кезде ғана көреді.

Село тұрғындары айтып отыр­ғандай, су тапшылығының зардабы аз емес. Біреуі үйіндегі қым­бат су жылытқыштың істен шық­қанын айтса, екіншісі кір жуа­тын машинаның моторын әлде­неше рет ауыстырған. Енді біреуі жалғыз басты әпкесінің ауызсуды үнемі сатып алатынын айтып шағымданады.

«Селоның барлық тұсында су мәселесі өте өзекті. Ал біз тұрып жатқан бөлігінде мүлде жоқ деуге болады», дейді село тұрғыны Наталья Кузенная.

Оның сөзін селодағы білім ошағының ата-аналар комитетінің төрайымы әрі үш баланың қам­қор­шысы Анна Ерофеева да қуат­тайды. Оның айтуынша, мек­теп жасындағы балаларды жуын­дырудың өзі кәдімгідей мәселеге айналған.

«Көршілерден қайыр да, өкпе де жоқ. Олардың да көріп отырғаны осы. Осыдан бірнеше жыл бұрын су тапшылығы жаз айларында ғана туындайтын. Себебі  көгеріп көктем шыққаннан бастап, село тұрғындары бақшаларын суара­ды. Жиын-терім біткеннен кейін судың тап бір молшылығын көрмесек те кемшілігі аз болатын. Биыл қыс бойы қаталап шықтық», дейді Анна Петровна.

Тұрғындардың айтуына қара­ғанда, тіршілік түн ортасы ауа бас­талады. Біреулер кір жуса, енді біреулері ертеңгі күннің қамын ойлап, ыдыстарына су құйып ала бастайды. Түн ұйқысын төрт бөліп қамданбаса бола ма? Егер қаусаған құбыр бойында апат орын ала қалса, тіршілік нәрі күндіз түгіл түнде де тамбайды.

Ауыл жұрты мәселенің мәнісі ішінде бассейні бар жаңа спорт кешені пайдалануға берілгеннен бері ме деп топшылайды. Өңірдің мақтанышына айналған зәулім заманауи ғимарат осыдан бірнеше ай бұрын есігін айқара ашқан. Пікір осы жерде екіге жарылады. Бірінші топ бассейні бар спорт кешені өскелең ұрпаққа қажет десе, екіншілері халық зардап шекпеуге тиіс деп санайды.

Селолық округтің әкімі Серікжан Мәкіштің айтуынша, жаңа спорт кешенінің су тапшылығына еш қатысы жоқ. Спорт кешені суды үнемі пайдаланбайды. Бассейн ашыларда ғана толтырылыпты. Күні бүгінге дейін сол су қолданыста.

«Негізгі мәселе селодағы су құбыр­ларының ескіруінде. Сорғы стансасынан қысым қатты берілсе, құбыр бойында апат орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе туралы «Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің басшы­лығына ескертілген», дейді округ әкімі. 

Мәселенің мәнісіне өзіміз де көз жеткізбек болып облыс орталы­ғындағы осы тақылеттес бассейн қызметкерлерімен сөй­лес­тік. Маман­дардың айтуына қара­ғанда, бассейнді тек жөндеу немесе тазалау кезінде ғана сумен тол­тырылады. Қалыпты жұмыс ке­зінде су қайта айналымға түсе­ді. Ар­найы сүзгі арқылы тазар­ты­­лып, қай­тадан кәдеге жаратылады. Сол себепті кешендегі бассейн­нің су қысымына әсер етуі мүмкін емес.

Көкшетау қаласы мен Қызыл­жар ауылына ортақ су жүйесіне жауапты кәсіпорын «Көкшетау Су Арнасы» мекеменің сумен жаб­дықтау және су бұру жүйелерін бақылау жөніндегі инспекторы Қайрат Сүлейменовтің пікіріне қарағанда, негізгі мәселе – су құбырларының тозығы жетуі.

«Біз қажетті мөлшерде  су бере алмаймыз. Қысымды да көтере алмаймыз. Егер көтерсек қаусап тұрған құбырлар жарылып кетеді. Апат та жиі тіркеледі», дейді инспектор.

Маманның айтуына қарағанда, магис­тралды құбырларда қысым техникалық талаптарға сай. Жалғыз мәселе – село ішіндегі су құбырларының тозығы жетуі. Кейбір құбырлардың пайдаланылып келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт болған. Бір жақсысы, жобалық-сметалық құжаттама да­йындалып жат­қанға ұқсайды. Қыстан қысылып шыққан Краснояр селосының тұрғындары шіл­денің шіліңгір ыстығында күніміз не болады деп сары уайымға салынып отыр.

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар