Бүгін футболдан кезекті әлем чемпионатының түндігі түріледі. Төрт жылда айналып соғар жаһандық аламанның беташар ойыны Мексика астанасында өтеді. Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионы жаһандық доданың дүбірін бастап береді. Чемпионаттың ашылу матчында Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары кездеседі. Ойын 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні сағат 00:00-де (Астана уақытымен) басталады.
Бұл әлемдік аламанның өзгешелігі де, жаңалығы да мол болмақшы. Алғаш рет 48 құрама команда сайысқа түседі. Қатысушы құрама командалардың саны артуы әлемдегі ең көп таралған спорт түрінен түсер табыстың еселенуіне ықпал етеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін жаһандық мундиальдың финалдық кезеңіне қатысушы командалардың саны 15-тен аспайтын. Дүниежүзінде футболды кәсіби спорт ретінде дамытып, ерекше ықылас танытатын мемлекеттер қатары да жылдан-жылға артты. 1982 жылдан бастап әлем чемпионатына қатысатын команда лимиті ұлғайып, 24-ке жетті.
Бұған дейін Еуропаның ендігіндегі елдердің әлем чемпионатына қатысу басымдығы өзге құрлықпен шендестіргенде басым еді. Әрі бұл мәселе әрдайым көтеріліп, түйіні біразға дейін тарқатылмай келді. 1998 жылы Франция елі ұйымдастырған әлем чемпионатына 32 команда қатысып, 8 топқа бөлінді.
Футбол мерекесін асыға күткен мәртебелі көрерменнің көз суарып күтетіні – сенсацияға толы матчтар. Ал әлемдік аламанды өткізуші елдердің көксегені – қып-қызыл табыс. ФИФА бір елге әлем чемпионатынан қатарынан екі рет өткізуге тоқтам қоюы да футбол тойының тізгінін ұстап, ұйымдастыруға ықыласты мемлекеттер қатарының артуына әсер етті.
АҚШ, Канада, Мексика тізе қосып қанаттаса өткізетін әлемдік аламан несімен ерекшеленеді? Ең әуелі қатысушы командалардың санын бірден 16-ға көбейту қаншалықты тиімді шешім екені айқындалады. Квота саны артқанымен, әлем чемпионы атағын әлдеқашан еншілеген Италия, Еуропаның еңселі құрамасының бірі саналатын Сербия, Мажарстан, Польша, еңсе тіктеп, қайратына мінген Грузия құрамасы, Африка құрлығындағы азуы алты қарыс Камерун, Нигерия сынды командаларға шүлен таратылғандай үлестірілген жолдама бұйырмады. Есесіне, алғаш рет Өзбекстан, Кюрасао, Иордания, Кабо-Верде додаға қатысады.
ФИФА президенті Джанни Инфантиноның шарапаты бірнеше елдің футболшыларын жарылқағанымен, пікір қайшылығын да туындатып отыр. Ойы қақ жарылған жанкүйердің бір тарабы қатысушы командалар санының артуы әлемдік аламанның екпінін әлсіретіп жібереді дегенді алға тартады. Әрине өткізілетін матч саны артқан сайын оны тамашалайтын көрерменнің де шоғыры қалыңдай түседі. Соған сай табыс та еселенеді. Табыс демекші, пайданың көзі саналатын телетрансляциялардың құқығын сатудан түсетін қаржы – ФИФА-ның сыбағасы.
2030 жылғы әлем чемпионатын да үш ел қанаттаса ұйымдастырады. Испания, Португалия, Мароккода жалауы желбірейтін ендігі мундиальға қатысатын командалар саны 64-ге жетуі мүмкін екені де айтылып жүр. Қалай болғанда да, Джанни Инфантино бастаған ФИФА ұжымы 40 күннен астам уақыт әлемді футболмен тыныстатады.
Матч санының артуы ең алдымен футболшының физикалық дайындығына, қалпына келу үдерісіне қосымша салмақ түсіреді. Онсыз да әр елдің ішкі чемпионатында, басқа да турнирлерге қатысып, сілесі қатқан саңлақтарды аптап ыстықта аңқасын кептіріп тағы да бәйгеге қосу жеңіл соқпайды. Тіпті кей футболшылар тығыз кестеге шағымданып та жүр. Ет пен сүйектен жаралған ойыншы, әрине, темір емес. FIFPro жүргізген зерттеуге сүйенсек, кей жылдары футболшылар бір маусымда 70-тен астам матчқа қатысқан.
Әлемдік мундиальға қатысушы командалардың көптігі нәтиже бере ме әлде аш ішектей созылған ойындар жанкүйерді жалықтыра ма? Оның байыбын үш елде өтетін аламанда бағамдаймыз.
Түйіп айтқанда, бүгіннен бастап бүкіл әлемнің назары жасыл алаңға ауады. Футболдан әлем чемпионаты – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – миллиондардың жүрегін бір ырғақпен соқтыратын, құрлықтар мен мемлекеттердің арасын жақындататын ғаламдық құбылыс.
Жасыл алаңға шыққан он бір футболшы доп қуып қана жүрмейді. Олар өз елінің туын, тарихын, намысы мен үмітін арқалап шығады. Сондықтан әлем чемпионаты кезінде жеңіс қуанышы да, жеңіліс өкініші де тұтас халықтың көңіл күйіне айналады.
Стадиондардағы мерекелік ахуал, жанкүйерлердің шаттығы, бір-бірін танымайтын адамдардың ортақ қуаныш төңірегінде табысуы – футболдың адамзатты біріктіретін ерекше күш екенін дәлелдейді. Әлем чемпионаты – түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысатын алаңы. Мұнда тіл де, шекара да, саяси көзқарас та екінші қатарға ығысып, бірінші орынға құрмет пен достық шығады.
Ал 48 құраманың қатысуымен өтетін биылғы мундиаль жаңа форматтың өміршеңдігін де сын тезіне салады. Командалар санының артуы әлем чемпионатының деңгейіне қалай әсер ететінін алдағы қырық күннің ішінде көретін боламыз. Бір анығы – футбол тағы да әлемді өзіне қаратып, адамзаттың ортақ мерекесіне айналмақ.