Отандық үстел теннисшілері командалық әлем чемпионатында табысты өнер көрсеткеннен кейін ITTF рейтингінде едәуір жоғарылады. Ерлер құрамасы 17-орынға көтерілсе, әйелдер командасы 31-сатыға тұрақтады. Естеріңізге сала кетейік, Лондондағы жарыста біздің жігіттер 1/8 финалда сүрініп, 9-орынға табан тіресе, қыздар 17-орынды қанағат тұтты. Бұл – аталған спорт түріндегі жерлестеріміздің ең жақсы көрсеткіші.
АҚШ-тың Фуллертон қаласында өткен халықаралық турнирде жүзушілеріміз төрт жүлде жеңіп алды. Айбат Мырзамұратов 100 метрге брасс әдісімен жүзуде (1:03.33) алтын алса, 50 метрге еркін тәсілмен малтуда (23.02) күміспен күптелді. Даниил Чужинов 200 метрлік кешенді тәсілде (2:09.20), Артур Миронов 100 метрлік брасста (1:03.76) қола медаль еншіледі.
16–26 маусым күндері Германияның Зуль қаласында нысана көздеу мен стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Неміс жерінде еліміздің мынадай мергендері өнер көрсетеді: Томирис Аманова, Анастасия Григорьева, Ринат Казаченко, Дмитрий Ким, Алиса Краденова, Олег Носков, Алина Сәтпаева, Мәлика Сейіл, Даниил Смирнов, Кирилл Цуканов, Темірлан Ердембек, Рамазан Ынтықбай, Асылым Жақия (нысана көздеу), Асылхан Айсалбаев, Мәдихан Байжанұлы, Лидия Башарова, Мария Горун, Виктор Горун, Элеонора Ибрагимова, Денис Кривенко, Милана Папчихина, Максим Почивалов, Артём Ревков, Эвелина Шек, Ангелина Сорокина, Данил Стрельцов (стенд ату).
Бокстан әлем, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов өзінің спорттық мансабын аралас жекпе-жекте жалғастыруды жөн көрді. Күні кеше ғана ол отандық «DarTeam» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды.
Еліміздің жастар құрамасы (U19) Солоники қаласында өткен Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің соңғы турында Грекияға 2:4 есебімен есе жіберді. Біздің футболшылар арасынан Исмаил Бекболат пен Аламгир Смақов мергендік танытты. Алаң иелерінен жеңілгеніне қарамастан, жерлестеріміз іріктеудің келесі кезеңіне шықты. Өйткені соның алдында ғана олар Португалиямен (1:1) тең ойнап, Сербияға (3:1) сан соқтырған еді.
26–27 маусымда Швейцарияның Арозасында батуттағы гимнастикадан Әлем кубогі өтеді. Бұл бәсекеде ел намысын Никита Тумаков, Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Виктория Бутолина, Евгения Чернышова қорғайды.