Батыс Алтайдың баурайындағы құрыш құйып, болат балқытқан Риддер қаласында ұлан-асыр той болды. Қаланың іргесі қаланғанына 240 жыл толды. Мерейлі датаға орай шаһарда екі күн бойы мәдени, ғылыми, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара ат шаптырып, ән салдырып қана атап өтпеді, «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Дөңгелек үстелде бас қосқандар қаланың қалыптасу тарихын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін, тарихи мұрасын талқылады. Артынша «Риддер – кенді Алтайдың кереметі» атты облыстық ақындар айтысы өтіп, аймақтың танымал айтыскерлері сөз сайысына түсті. Қала тұрғындары айтысқа әбден шөлдеген бе, мәдениет сарайының залы лық толды.
Ертесінде қалалық ипподромда Риддердің ІІ ұлттық «Атамұра» ойындары ұйымдастырылды. Жиналғандар көкпар, топ бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату және «Толағай» сайыстарынан сынға түсті.
«Ұлттық спорт түрінен өтіп жатқан сайыстарды халық күтіп жүріп көреді. Біз де тас көтеріп, арба сүйреп жарыстық. Қаланың 240 жылдығы жоғары деңгейде тойланып жатыр. Риддер қаласы көркейе берсін», дейді білек күші спорт түрінен әлем чемпионы Темірлан Кенжеханов.
Сондай-ақ жиналған жұртшылық әуе шарымен көкке көтеріліп, қаланы биіктен тамашалады. Мереке аумағында сауда-саттық қызып, түрлі сыйлық ойнатылды. Мерейлі мереке Республика алаңындағы ауқымды концертпен қорытындыланды. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов іс-шараларға қатысып, тұрғындарға жылы лебізін білдірді.
«Тарихы терең Риддер еліміздің индустриялық дамуына зор үлес қосып, еңбек пен ерліктің, бірлік пен жасампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қала жыл өткен сайын жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын, №11 және №12 мектептердің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Елеулі оқиғалардың бірі – 200 төсектік орны бар заманауи көпсалалы аурухана кешені мен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысы болды. Қаламыздың абыройы артып, мәртебесі биіктеп, өңіріміз қарқынды дами берсін», деді Н.Сақтағанов.
Содан соң сахнада еліміздің өнер жұлдыздары мен жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы