• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 22 Маусым, 2024

Аңызға бергісіз өмір

226 рет
көрсетілді

Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топ, кәнігі қанішер мен бау­кеспе ұрылардың қылмысын әшкерелеуде аянбай тер төккен марқасқа азаматтар жетерлік. Негізінен тәртіп сақшысының қайырымды, адал, батыл, шалт қимылдап, жылдам шешім қабылдай алатын қасиетін бүгінгі кейіпкеріміздің атқарған ерен еңбегі мен жүріп өткен жолынан байқауға болады.

«Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция полковнигі Ғабдрахым Меңде­шев ең күрделі қылмыстық істерді ашуға қатысып, зейнетке шыққаннан кейін өз өмір жолынан «Профессия – сыщик» атты кітап жазып шығарды. Бұл еңбекті жас із кесушілер қылмыстық қайшылықтар мен шытырман оқиға­ларды ашуда үлкен көмек құралы ретінде пайдаланып келеді.

Қылмыстық топтар мен әккі қыл­­мыс­керлерді қолға түсіру оңай емес екені белгілі. Қылмысты ашуда өз өмірін қатерге тігіп, түрлі қиындықты бастан өткерген полиция ардагерінің өмірі мен қызметі, қылмыстық істі ашудағы тәжірибесі осы сала мамандары үшін үлгі болуға лайық.

Аты аңызға айналған Ғабдрахым Меңдешұлы еңбек жолын 1963 жылы Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданы Ішкі істер басқармасының жедел уәкілі қызметінен бастап, 1996 жылы ІІМ Қылмысты іздестіру бас басқармасының басшысы қызметінен зейнетке шыққан.

Ғабдрахым Меңдешұлы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, кейін Мәскеуде КСРО ІІМ академиясында оқыды. Құқық қорғау саласындағы басқарушы мамандығын алғаннан кейін көлік милициясы басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы болды. Мұнда теміржолдың тауар вагондарындағы ұрлық бойынша істерді тексеруге қатысты. 1979 жылы ІІМ министрі Меңдешевке Калинин (қазіргі Бостандық) ауданының ІІБ-ін басқаруды ұсынады. Құқықтық тәртіпті қорғау тұрғысынан ауданның жағдайы мәз емес, іздестіру деңгейі төмен еді. Қаншама қиындықты бастан өткерген Меңдешевтің еңбегі елеусіз қалмай, 1984 жылы ІІМ қылмыстық іздестіру бас­қармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

«Міндетім – қылмыстарды ашу, дәлел­дерді іздеу және барлық материалдарды тергеушіге беру болды. Куәгерлермен сұхбаттасып, дәлел заттарды іздеумен айналыстым. Әрине, ақпарат берушілермен де жұмыс істедік. Ол кезде ішкі істер органдарына көмектесіп жұмыс істейтін азаматтар көп болатын», деп еске алады ағамыз.

Оның алғашқы әрі маңызды ісі таудағы демалыс орнындағы әйелдің өлімі болды. Өлген әйелдің жеке басын анықтауға оның жоғалып кеткені туралы туыстарынан арыздың түскенін күтеді. Бірақ полиция қызметкерлері тезірек қылмыскерді табу үшін ол туралы телеарнадан ақпарат беруге шешім қабылдайды. Бірақ олар әйелдің ауруханада жатқаны, дәрігерлерге әйелдің жеке басын анықтау үшін көмек керек екені туралы хабарлама жасап, қулыққа көшеді. Көп уақыт өтпей бөлімге бір әйел хабарласып, өлігі табылған әйелді білетіндігі туралы айтады. Жедел уәкіл Меңдешев дәрігер ретінде, әлгі әйелмен кездеседі. Әңгіме кезінде ол әйелдің үйінде кіші қайнысының жиі болатынын айтып қалады. Өлген әйелдің қайнысы ұсталып, қылмысын мойындайды. Осылайша, органдарда «комбинация» деп аталатын тәсіл­ді қолдану арқылы қылмыскердің ізіне түскен. Кейінірек бұл әдісті жұмыс бары­сында қолданып, көптеген қылмыстың бетін ашады. Өз ісіне берілген, алдына келген істі соңына дейін жеткізбей қоймайтын Ғабдрахым Меңдешұлы өз өмірін қатерге тігіп, түрлі қауіпті операцияларға қатысқан. Ол тіпті қылмыскерлерді ұстау үшін пәтер ұрыларының тобына да кіргені бар.

Ғ.Меңдешев сол уақыттардағы көпте­ген атышулы істерді ашуға атсалысады. Сондай істердің бірі – 1982 жылы телеарна дикторы Бақытгүл Ходжанованың жоғалуы. Бұдан кейін де 1983 жылы бүкіл КСРО-ға танымал «Шакалдар» тобын ұстауға белсенді қатысады.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде, яғни желтоқсан айының 17-інен 18-іне қара­ған түні ішкі істер қыз­мет­керлері бірнеше адам­ды ұстау «кон­вейерлік» тәсілмен жүр­гізілген.

– Шерушілердің белсенділерін қолға түсіріп, арнайы жылжымалы көліктерге қамады. Ұсталғандар арасында белгілі өнер қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов бар, ол кезде едәуір жасқа келген, басынан қан ағып тұрды. Оны ара-тұра театр сахнасы мен телеарнадан көргенім болмаса, таныстығым жоқ еді. Ұсталғандарды тиеп жатқан автобус жанына барып, басшысы лейтенант шеніндегі әскери адамға өзімді таныстырып, әлгі адамның еліміздің белгілі қайраткері екендігін айттым. Оны басқа көлікке отырғызып, жедел түрде медициналық көмек көрсетілуін сұрадым. Бұл әрекетім партияның қырағы көзінен тыс қалмады. Бірнеше күннен кейін Алматы облыстық партия комитетінің әкімшілік органдары бөліміне шақырып, түсініктеме жазуыма тура келді. Ал Әзірбайжан ағамызды ұлтшылдықпен айыптап, партиялық жаза қолданылды, кейінен оны ақтап шығарды», – дейді Ғабдрахым Меңдешұлы. – Мен алаңға марапат алайын деп барғаным жоқ. Қазаққа араша түскенім үшін басшылықтан босатты. Осы оқиғаға кінәлілерді табуға министрліктен арнайы топ құрылып, жедел топқа мені басшы етті. Бұйрық солай. Тергеу басқармасының басшысы, оның екі орынбасары, тіпті министр де орыс ұлтының өкілдері болатын. Сондықтан тергеу басында қазақ болуға тиіс. Қарамағымда 30 тергеуші бар барлық ұстал­ғандардың тізімін жасап, қалай және қандай жағдайда, қай күні ұсталғандарын анықтап, қандай жарақат алғандарын, құжаттарын барың, қандай құжаттама толтырғанға дейін тізімге алдым. Бірақ олардың ешқайсысы бірде-бір құжат толтырмағандығын, ұстал­ғандығы туралы хаттаманың жоқтығын анықтадық. Ұстал­ған адамға қажетті басты құжат жоқ болса, тергеу жүргізудің заңды күші бол­майды. Биліктегілер бұған қатты абыр­жыды. Келесі күні Мәскеуден келген одақ­тық министрлігінің өкілі шақырып, тәрбие сағатын өткізді. Мен қалыптасқан жағ­дайды мәлімдегеннен кейін заңдылық нор­маны дұрыс байқаған болуы керек, 28 жел­тоқсанда жалпы басшылықтан босатты. Асты­ртын соттау осыдан кейін жедел жүргізілді.

1992 жылы Қызылорда облысында қамаудан қашқан қылмыскерлер «Сары­ағаш» шипажайына қаты­найтын автобус­ты басып алып, оның ішіндегі ем алуға бара жатқан үлкендер мен балаларды кепілдікке алады. Алғашында жергілікті полиция қызметкерлері өз күштерімен ұстамақ болған. Атыс болып, полиция аға лейтенанты мен бір қылмыскер қаза табады. Сонымен қатар екі сотталушы қолға түседі. Автобуста екі қылмыскер мен 11 жолаушы болғандықтан, ша­буыл жасау адам өміріне қауіп төнетіндігін ескеріп, келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Қылмыскерлер Ташкентке дейін ұшақ талап еткен. Әрине, оны орындамаса болмайтын еді. Сол кезде «Альфа» жауынгерлері мен Ғ.Меңдешев бастаған топ ұшып жетеді. Жолаушыларды босату операциясы барысында тәжірибелі маман қылмыскерлермен келіссөз жүргізіп, оларды жою жоспарын құруға көмектесті. Операция нәтижесінде, Шымкент әуежайында екі қарақшының көзін құртып, кепілге алынғандардың барлығы тірі қалған.

Сол жылдары Алматыда жас сту­дент­тердің үрейін алған маньяк пайда болған. Ол сол кездегі ҚазМУ қала­шығы аумағында қыздарды зорлап өлтіріп отырған. Барлығы жеті қыз маньяктың құрбаны болады. Сериялық өлтірушіні ұстау тобын Ғ.Мендешев басқарады. Кәсіби із кесушілерден құрылған топ, сот-дәрігерлік сараптама орталығының анықтамасы бойынша қанішердің қаны­мен сәйкес келетін адамдар картотекасын жа­сау барысында мыңдаған дәрігерлік құжатты тексеруге мәжбүр болған. Олар қыл­мыскерді алты ай бойы іздестіріп, ақы­рында қылмыскерден зәбір көрген бір қыз аман қалады. Бірақ оқиғаны көп­ші­лікке жария еткісі келмегендіктен, поли­цияға бар­майды. Студент қыздан кезекті жауап алудан кейін ол қылмыстық іздес­тіру қыз­меткерлеріне оқиғаның қалай бол­ға­нын айтып, маньякты сипаттап береді. Сипат­та­маға сәйкес келетін күдікті де та­былып, ең жоғары үкім – ату жазасына кесілген.

1992 жылы Ғ.Меңдешев Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Қараған­ды металлургия комбинатының дирек­торы Александр Свечинскийдің тапсы­рыс­пен өлтірілгендігін тергеді. Ол өз кәсіпорнының фойесінде шолақ мылтық­пен атылған.

Тергеуші Ғ.Меңдешев қыл­мыс­тық істі ашу үшін құрамында 20 адам бар жеке жедел топ құрып, Све­чинскийдің барлық байланысын тексеруге кіріседі. Ұсталған жүргізуші бастығының Свечинскийді өлтіруге адам табуды тапсырғанын айтып береді. КСРО тарағаннан кейін Литвамен қарым қатынас бұрынғыдай емес еді. Ғ.Меңдешев Беларусь Ішкі істер министрлігімен байланысып, солар арқылы Литва полициясымен байланысқа шығады. Литва­­ға келген соң қылмыскерлердің жеке бас­тары анықталып, ұсталады. Литва­лық­тар азаматтарын беруден бас тартып, өз ел­дерінде соттайды, біреуін ату жазасына ке­седі. Бізде тап­сы­рыс берушіге жоғары жа­за таға­йындалып, жүргізуші Суров сот­та­лады.

1994 жылы Ғабдрахым Меңдешев ішкі істер саласынан зейнетке шыққаннан кейін ірі отандық және шетелдік ком­панияларға қызмет көрсететін «Альфа-К» жеке күзет фирмасын ашты. Полиция ардагері күзетшілер мен оққағарларды өзін-өзі қорғау әдістеріне жаттықтырады.

Қабілет-қарымы, туа біткен тың­шылық дарыны арқасында күрделі қылмыстық істерді ашуда аты аңызға айналған Ғабдрахым Меңдешевтің ізін басып, ата жолын қуған немересі Еркін Меңдешев: «Бала кезімде атамның әңгімелерін жиі естідім, формасына қызыға қарадым, сол кезде-ақ болашағым шешілген болуы мүмкін. Мен полиция қызметкері болғаныма, атамның басын қатерге тігіп, халқы үшін аянбай еңбек еткені маған үлгі. Тергеу – ішкі істер органының жетекші қызметінің бірі. Қылмыс құрамы бойынша барлық әрекетті қорытындылайтын қызмет. Тергеушінің жұмысы өте жауапты, шындықты анықтау үшін айтарлықтай күш-жігерді, табандылықты қажет етеді. Кейде ақпараттың аздығынан, болған оқиғаның сұлбасын қалпына келтіру үшін оны біртіндеп жинай бастайсың. Бұл ең қиыны. Қағида, ақыл, теориялық білім, заңдарды дұрыс және сауатты қолдана білу маңызды», дейді.

Өткен жылы Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмысты іздестіру сала­сы­ның аты аңызға айналған ізкесуші Ғаб­драхым Меңдешевті І дәрежелі «Айбын» орде­німен марапаттады. «Бұл – жоғары мара­пат. Ол менің ғана еңбегім емес, әріп­тес­терімнің де еңбегі ұшан-теңіз», дейді ардагер.

Тәртіп сақшыларының жұмысы уақыт­қа бағынбайды. Сол тұрғыда ел тыныш­тығы үшін тынымсыз қызмет етіп, қо­ғамдық тәртіпті қадағалап, төнген қауіп­ті ауыздықтауда жанын қиюға дайын аза­мат­тарға әрдайым қолдау көрсетілуі керек.