• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2024

Ер жігітке ерлік жарасады

190 рет
көрсетілді

Қазіргі күні түрлі әлеуметтік желілер арқылы паб­ликтер мен па­рақшаларда ерлік көрсеткен ержүрек жандардың мадақ­тал­ға­нын жиі естіп-көріп жүреміз. Бейбіт күннің батырларын қалай мақтасақ та, олар хақында небір жақсы сөзді жаудырсақ та артық емес.

Биыл ақпан айының 29 жұл­­­дызында Се­мей­ қала­сының Қа­ра­­ғай­лы­ шағын ауданында қыл­мыс­керді құрықтау сәтінде ерлік көрсеткен Абай облысы полиция департаменті Семей қаласы полиция бөлімі кавалерия бөлім­шесінің аға сержанты Асхат Ахатов туралы ақпар та­рады. Ол Қарағайлы шағын ауда­нының учаскелік полиция қызметкеріне көмек қажет екенін естіп оқиға орнына лезде барады. Қасындағы әріптестерімен бірге қылмыскерді ұстауға бекінеді. Алайда Асхат күтпеген жерден қарсы шабуылға тап болады. Пышақ жарақатын алса да, со­ңына дейін күресіп, күдіктіні қолға түсі­реді.

Басын бәйгеге тігіп, қауіп-қа­терден тайсалмай ер мінезділік та­ныту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Басқа қару­лас­та­рын күтіп те шешім қабыл­­дауына бо­латын еді. Бірақ бұл деге­ніңіз ой­ла­нып-толғанатын іс емес еке­нін есті жанның бағамдайтыны рас. Өзі қауіпті қылмыскер болса, қолында қаруы болса, онда қоршаған айналасына, ең бастысы, қоғамға да қауіпті адам екені түсінікті. Асхат шұғыл шешім қабылдап, оның жолына кесе көлденең тұрып тапжылтпай ұстауға күш салды.

Асхат Медыхатұлы 1997 жылы Абай облысының Жарма ауда­нын­дағы Жарық аулында дүниеге келген. Туған ауы­лындағы Жамбыл атын­дағы орта мектепті бітіріп, Семей қаласындағы Еуразиялық техни­ка-гуманитарлық коллед­жі­не жол қозғалысын ұйым­дас­тыру кафедрасына оқуға түсе­ді. Оқу орнын 2017 жылы ойға алғанындай аяқтап, жол қозға­лы­сын ұйымдастыру маман­дығын алып шығады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін 2019 жылы Семей қаласы полиция бөлімі кавалерия бөлімшесіне жұмысқа кірісті. Аға сержант ше­нін­де шектен шыққандарды тәртіп­ке шақырып, қызметін абыройлы атқа­­рып келеді.

Әкесі Медыхат Файзуллин Жа­рық елді мекенінде электрші қыз­ме­тін атқарса, анасы Гүлсан Мұха­мет­кә­рімқызы есепші болып жұмыс істейді. Асхаттың апайы мен қарын­да­сы да өмірден өз орындарын тапқан жан­дар. Бала күнінен бастап тәртіп сақ­шысы болуды қиялдаған ол арма­ны­ның орындалғанына дән риза. Алдыңғы буын өкіл­дерінен көп нәрсені үйреніп жүр. Әрдайым өтіп тұратын оқу-жат­ты­ғу жиында­рына қатысып, қоғамға, адам­дар­ға қауіп төнгенде қалай әрекет ету керек екенін меңгеруге тырысады.

Пышақ жара­қа­тын алған оқи­ға­ жайында сұра­­­ғанымызда, әріп­тес­терінің қолдау көр­сет­кенін баса айтты. Мұндай оқиға дәл басынан жиі өтіп тұрмаса да қызмет бабында үнемі бетпе-бет келетінін жеткізді. Ана жүрегі қашанда баласына бұрып тұратыны рас. Баласының жарақат алғанын естігенде, ет жақындарының ішін­де анасы мен қарындасы қатты алаң­дау­шылық білдірген көрінеді.

Қыл­мыс­керді құрықтауда қы­ра­ғы­лық та­нытқан полиция сержанты Асхат Аха­товтың көзсіз ерлігі кім-кімге де болса үлгі. Әріп­тестер арасында алғысқа бөленіп жүрген жігіттің шығар тауы биік, жетер жетістігі көп боларына таудай талабы, бойына біткен қайсарлығы куә.

 

Абай облысы