Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалды. Салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлері қаза болды. Осыған байланысты Дағыстан аумағында үш күн аза тұту күні болып жарияланды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы Дағыстан республикасының басшысы Сергей Меликовтың әкімшілігі Telegram арнасында хабарлады.
«24, 25, 26 маусым күндері Дағыстанда аза тұту күні деп жарияланды. Жарлыққа Сергей Меликов қол қойды», делінген хабарламада.
Бұл күндері Республика аумағындағы тулар жартылай төмен түсіріледі. Сондай-ақ өңірде орналасқан мәдениет мекемелері мен телерадиокомпаниялар ойын-сауықтық бағдарламаларды көрсетуді тоқтатады.
Дағыстан билігі қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Россия Дагестан порталының мәліметінше, содырлардың Дербент пен Махачкалаға жасаған шабуылы салдарынан 10 адам қаза тапқан, оның сегізі құқық қорғау органының қызметкері. Сонымен бірге, 16 адам жарақат алғаны белгілі болды. Оның үшеуі бейбіт тұрғындар.