Өткен оқу жылында облыс орталығының оқушылары түрлі білім додаларында топ жарып, халықаралық байқаулардан жүлделі оралды. Жетістікке жеткен өрендерге Павлодар қаласы әкімінің атынан 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді.
Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан «Ertis Promenad» сахнасында үздік оқушылардың құрметіне салтанатты кеш ұйымдастырылып, республикалық, облыстық олимпиадалардың, республикалық және халықаралық зерттеу жобалары конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Ақшалай сыйлық жалпы саны 51 оқушыға тапсырылды.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева оқушыларды құттықтап, қала басшысының атынан 100 мың теңге сомасына ақшалай сертификат, Алғысхат табыс етті.
«Мұндай салтанатты іс-шараға дарынды оқушылардың қатысуы – өте құптарлық бастама. Біздің қаламыздың оқушылары өткен оқу жылында 60 медаль, оның ішінде 14 алтын, 15 күміс және 31 қола медаль жеңіп алды. Соның нәтижесінде шаһарымыздың олимпиадалық командасы Павлодар облысының қалалары арасындағы «Үздік олимпиадалық команда» атағын тағы бір мәрте қорғап қалды», дейді «Павлодар дарыны» балалардың бос уақытын қамту және дарындылығын дамыту орталығының басшысы Ақмарал Мұхаметжанова.
Қала әкімінің сый-құрметіне, сондай-ақ дарынды балаларды дайындаған ұстаздар да бөленді. Нәтижелі еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін 46 педагогке құрмет көрсетілді. Олар Павлодар қаласы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
ПАВЛОДАР