• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Маусым, 2024

Бәсекенің қызған шағы

58 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында футболдан Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының кезекті ойындарын тамашаладық. Е тобындағы турнирдің тұсаукесер кездесуінде кілең сайдың тасындай іріктелген Украина құрамасы Румыниядан (0:3) ойда жоқта ойсырай ұтылғанда, олардың дәрменсіздігіне қатты күйінген едік. Ал Словакия болса, азулы Бельгиядан айласын асырып кетті.

Осы қос команда­ның жолы Дюссель­дорфтағы «Меркур Шпиль-Аренада» қиысты. Бә­секе басталғаннан аяғына дейін дамылсыз шабуылмен өтті. Бұл жолы да алғашқы голды Иван Шранц соқты. Бельгиялықтарға қарсы ойында ол небәрі 7-минутта есеп ашса, бұл жолы 17-ми­нутта мергендік танытты. Бірақ Дюсельдорфта словак­тар жеңісті уысында ұстап қала алмады. Егер осы кездесуде жеңілсе, жарыс кестесіндегі жағдайды түзету өте қиын болатынын жақсы түсінген Украина футболшылары қарқындарын еш бәсеңдетпеді. Нәтижесінде, 54-минутта Ни­колай Шапаренко таразы басын теңестірсе, 80-минутта Роман Яремчук жеңіс голын соқты. Есеп – 2:1.

«Еуро-2024» додасының ал­ғашқы ойындарын сәтсіз өткізген D тобындағы Польша мен Аустрия Берлинде бақ сы­нады. 9-минутта Филипп Мвененің әуе­лете тепкен добын қорғаушы Гернот Траунер қақпаға дөп түсірді. Үзіліске дейін Кшиштоф Пентек есепті теңестірді. Одан кейін поляктардың ойнының мәнісі кетті. Ал қарқынын күшейткен аус­триялықтар тағы екі рет нысананы дәл көздеп, көздеген мақ­саттарына қол жеткізді – 1:3. Бұл голдардың авторлары – Крис­тоф Баумгартнер (66-минут) мен Марко Арнаутович (78-минут, пенальтиден).

Лейпцигтегі «Ред Булл Арена­да» осы топтағы фавориттер күш сынасты. Шыны керек, Нидерланд пен Франция футболшыларынан біз әлдеқайда қызықты әрі сапалы ойын күттік. Оның үстіне жеңіске жеткен ұжым бірден плей-оффқа жолдама алатын еді. Бірақ ол үміт ақталмады. Жан­күйерлер жай бір ортанқол коман­далар­дың ойнын тамашалағандай күй кешті. Нидерландтың жас жартылай қорғау­шысы Хави Симонстың 69-минутта соққан жалғыз голының куәсі болдық. Бірақ оның өзі де оффсайдқа байланысты саналмады. Осылайша, аталған жарыста алғаш рет 0:0 есебі тіркелді. «Еуро-2024» жарысын жалғастыра алмайтын бірінші команда белгілі болды. Ол – Польша құрамасы. Қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан поляктар тіптен соңғы ойында жеңіске жеткен жағдайда өз тобында үшінші орынға табан тірей алмайды.

Сенбіде F тобындағы екі ойын өтті. Гамбургтегі «Фольк­спаркштадионда» Грузия мен Чехия шеберлік байқасты. 46-минутта Жорж Микаутадзе пенальтиден есеп ашып, құрамасын алға шығарған. Мұндай тартысқа талайдан бері түсіп келе жатқан чех футболшылары көп ұзатпай-ақ таразы басын теңестіріп кетті. 59-минут өрбіген тұстағы стандартты шабуылды голға ұлас­тырып Патрик Шик таразы басын теңестіріп кетті. Қос команда осы нәтижені олжа тұтып тарқасты.

Дортмундтағы «Вестфа­ленштадионда» Түркия мен Португалия арасындағы тартыс 0:3 есебімен аяқталды. 21-минутта Бернардо Сил­ва есеп ашқан. 28-минутта Сәмет Ақайдын авто­гол соғып алды. 56-минутта Бруно Фер­нандес үшінші голды тоғытты.

Е тобында Бельгия футболшылары Румыния құрамасын еркін еңсерді. 2-минутта Юри Тилеманс есеп ашса, 80-минутта Кевин Де Брёйне нәтижені еселеп, Бельгия құрамасына маңызды үш ұпайды алып берді.

А тобындағы 3-тур ойын­дары да тартысқа толы өтті. Швейцария құрамасы Германия құрамасының есін екеу, түсін төртеу ете жаздады. Ндоенің 28-минутта соққан го­лынан кейінгі басымдықты Швейцария құрамасы 90 минут бойы ұстап тұрды. Матчтың бас қазысы ита­лиялық Даниэль Орсато негізгі уақытқа 2 минут қосып, Фюллькруг таразы басын теңестіріп кетті. Осы топтағы соңғы ойынды өткізген Шот­ландия – Мажарстан арасындағы матч 0:1 есебімен мажарлардың пайдасына шешілді. Матчтың негізгі уақытында гол соғылған жоқ. Екі құрамаға да жеңіс ауа­дай қажет еді. Аргентиналық төреші Факундо Тельо қосымша 10 минут үстеп, соңғы секундтар сырғығанда Кевин Чобот шабуылды өрістетіп, жеңіс голын соқты. Бұл топтан плей-офф кезеңіне Германия мен Швейцария еркін өтсе, Мажар­стан құ­рамасы да әлі үміт сәуле­сін сөндірген жоқ.