Жазғы демалысқа шыққан балалардың бір ермегі – оқу. Осы орайда оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында еліміздің республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі кітапханалары жазда жалпы саны 41 922 іс-шара өткізбек.
Атап айтсақ, Ұлттық академиялық кітапханада ертегі терапия, интеллектуалды квест және кітап акциялары мен экскурсиялары жоспарланып отыр.
Алматы қаласындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада балаларға арналған тифлотүсініктермен ертегілер көрсетіледі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері бойынша турнирлер ұйымдастырылады.
Ал Ақмола облысында асфальттағы флеш-суреттер байқауы, book land, домбыра-батл, ашық аспан астында өтетін іс-шаралар жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысында «Бала тілі – бал», «Ертегіні табыңыз», «Возьми книгу в дорогу» сынды түрлі тақырыптар аясында балалардың жас ерекшеліктеріне қарай түрлі іс-шара өтеді.
Сондай-ақ Қостанай облысында «Шекарасыз балалық шақ», «Кітаптарда демалыс жоқ», басқа да танымдық жиындар ұйымдастырылады.
Түркістан облысында жазғы балалар байқауы, библиопикник, үйірмелер өтеді. Бұдан бөлек Абай облысында жаз айларында 12 бағыт бойынша жоба жұмыс істейтін болады.
Ал Ақтөбе облыстық кітапханалары квест ойындар, шеберлік сағаты мен «Оқитын дос іздеймін» жазғы оқу жобасын ұйымдастырмақ.
Алматы облысының кітапханаларында кітап көрмесі, сурет салу байқауы өтеді. Атырау облысында «Кітаппен бірге өткен жаз» жобасы іске асырылмақ.
Сонымен, өңірлер бойынша ең көп іс-шара Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жоспарланған. Астана, Алматы және Шымкентте жас оқырмандар үшін 2000 іс-шара ұйымдастырылады. Ал Ұлттық кітапхана мен Ұлттық академиялық кітапхана, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана 197 іс-шара өткізеді.