Елбасының бағалы да байыпты бастамасымен елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлы жүргізіліп жатқаны баршамызға мәлім. Сыр аймағындағы жергілікті жобалар да жүйелі жүргізілуде деп айтуға толық негіз бар.
– Елбасы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тетігін бекітіп берді, – дейді облыс әкімі Болатбек Қуандықов, – “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы осы бағыттағы шараларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруға негіз болады. Сыр аймағында еліміздің индустриялық картасына жалпы құны 245 млрд. теңге болатын 54 жоба енгізіліп отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда 8 мыңнан астам сырбойылықтар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек.
Әкім айтса айтқандай, бүгінгі күннің өзінде аймақта 22 жобаны жоспарлы жүргізу бастау алған. Егер, нақтылай айтар болсақ, Сыр өңірінде индустрияландыру онжылдығының алғашқы жылында жалпы құны 21,8 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іріктеліп алынған. Бізге түскен деректерге жүгінсек, ағымдағы жылдың 1шілдесіне дейін 7 жоба, ал жыл аяғына дейін 3 жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, осы жобалар аясында Сыр өңірі халқының игілігіне жарату бағытында қолға алынып жатқан игілікті шаралардың өзі бір төбе. Атап айтқанда, Ақшабұлақ кенішінде босқа жанып жатқан “көгілдір отынды” қала халқының игілігіне жарату бағытында батыл қадамдар жасалуда. Жылына 420 млн. текше метр өңделген газды Қызылорда қаласына жеткізетін құбырдың екінші желісі іске қосылмақ. Осының негізінде бұл желі таяу уақытта Қазақстанның батысына тартылатын магистралды газ құбырына қосылып, Сыр аймағының аудандарын да арзан “көгілдір отынмен” қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Ақшабұлақ газынан өндірілетін арзан электр қуатын бұрын Қазақстанның солтүстігіне тартылған жоғары кернеулі желіге қосу көбірек айтылатын. Жергілікті билік ықпалымен енді бұл желі Ақшабұлақ кенішінен Қызылорда қаласына тікелей тартылатын болды. Бір қуанарлығы, электр желісін тарту жобасының техникалы-экономикалық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Осы бір игілікті істің нәтижесінде облыстың өзіндік электр энергиясын өндіру қуаты 350-450 мгвт-қа жеткізілмек.
Келесі өмірлік маңызы бар тағы бір жоба – Қызылорда қала-сындағы “УАД” ЖШС иелігіндегі асфальт-битум зауыты. Бүгінде өткен жылы бой көтерген битум зауыты заманауи технологиямен толық жабдықталған. Тәулігіне 500 тонна битум шығаратын аталмыш зауыттың жалпы құны 700 млн. теңгені құрайды екен. Бұл зауыт гидронды қышқылдандыру үдерісін өткізіп, одан битум шығарады. Алғашқы өнімдер автокөлік жолдарына төселе бастаған. Сондай-ақ “УАД” ЖШС ағымдағы жылы асфальт зауытын іске қосуға құлшына кірісіп те кеткен. Сағатына 180 тонна өнім шығаратын бұл өндіріс орны қыруар қажеттілікті өтейтініне ешкім де шүбә келтірмес.
Сыр аймағындағы ағымдағы жылғы үлкен жобалардың қатарында аймақ тұрғындарын өзін-өздері азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тауарлы сүт фермасы мен нан зауыты құрылыстарын салу да қарастырылған. Сондай-ақ, мал бордақылау алаңдарын, құрамажем өндіру орындарын салу да жоспарда бар. Шындығында, жергілікті жобалар негізінде аймақта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Егер саралап айтар болсақ, жоғарыда айтқандай, Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығын қайта құрып, оның газға көшірілуі, қаладағы жүзден астам көшенің қайтадан жөндеуден өткізілуі, коммуналдық саланың сан жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі түйіндерінің біртіндеп тарқатылуы, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автобан құрылысының қарқын алуы, “САРАТС-2” жобасы бойынша атқарылатын жұмыстарды қосымша зерттеу үшін жұмыс тобының құрылуы Сыр өңірінің күні ертең өркен жаюына бірден-бір себепші болмақ. Ал, аймақтағы күрделі әлеуметтік мәселелер де кезең-кезеңмен өз шешімдерін таппақ. Бүгінде барлық әлеуметтік нысандардың тізімі жасалып, оларды жоспарлы салу ағымдағы жылы бастау алуда. Үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы мен аудандарда ондаған білім ошақтары пайдалануға берілмек. Осы әлеуметтік нысандар ішінде Қызылорда қаласындағы ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана салынуының орны ерекше. Сондай-ақ “Қазатомпром” АҚ облыс басшысының ұсынысын қабыл алып, қаладан жаңа перзентхана салуды қолға алмақшы.
Елбасының тікелей бақылауында тұрған “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы да Сыр өңірінде жүйелі жүргізілуде. Бұл бағытта аймақ кәсіпкерлеріне 571,4 млн. теңге бөлініп отыр. Егер саралап айтсақ, аталмыш бағдарлама аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға 374,6 млн. теңге, инфрақұрылымды дамытуға 196,8 млн. теңге қаржы бөлінбек. Кредиттер бойынша несие пайызын субсидиялауға және экспортқа бағытталған өндірісті қолдауға 260,6 млн. теңге, “Шағын және орта бизнеске кредиттерді ішінара кепілдендіру” бағдарламасы бойынша несиелендіруге 81,4 млн. теңге қаржы жұмсалмақ. Ал, бизнеске сервистік қызмет көрсету бағдарламасына 32,5 млн. теңге қаралған. Келесі жылы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша бөлінетін қаржы биылғыдан 3 есе көп болады деген болжам да бар. Демек, жергілікті кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға білек түре кіріспек. Айта кетейік, жақында облыс әкімдігі мен “Марсель Петролеум” және “КазПетролгрупп” компаниялары арасында өзара экономикалық ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осыған сәйкес “Марсель Петролеум” ЖШС республикалық бюджет есебінен облыстық медициналық орталыққа алынған ядролық-магниттік томограф пен компьютерлік томографқа жаңа ғимарат салып береді. Енді сырбойылықтар осы қондырғылардың қызметін пайдалану үшін шалғайдағы Шымкент пен Астана қалаларына сабылмай, оның игілігін осы жерде көретін болады.
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, жергілікті жерден өндірілген өнімдерді кеңінен тұтыну мәселесі болашақта өзінің баянды шешімін табатын болады. Себебі, жергілікті индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың басым бөлігі осы талаптардың үделерінен табылу мақсатын көздеген.
Еркін ӘБІЛ.
ҚЫЗЫЛОРДА.