Жыл сайын әлемде суицид салдарынан шамамен 800 мың адам өмірден өтеді. Бұл дүние жүзінде әр 40 секунд сайын 1 адам өз-өзіне қол салады дегенді білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан әлемдегі суицид деңгейі ең жоғары елдердің қатарына кіреді.
2012 жылы БҰҰ балалар қорының ОШЕ/ТМД бойынша аймақтық кеңсесі, «Trans/MonEE» мәліметтері бойынша еліміздегі жастар арасындағы суицид көрсеткіші ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында 2-орында болса, 2019 жылы ДДҰ мәліметі бойынша 19-орынға төмендеген. Өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болатын өлім-жітімнің басым бөлігі 18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында кездеседі, бұл елдегі суицидтің жалпы санының 80 пайызын құрайды.
Суицид – күрделі құбылыс. Өз-өзіне қол жұмсау қауіп факторы ретінде психикалық денсаулық проблемаларымен байланысты әлеуметтік, психологиялық, биологиялық және ситуациялық факторларда қарастырылады. Дәл осы кесел – еліміздегі жасөспірімдер арасындағы табиғи емес өлім-жітімнің басты себебі. Ұлттық статистика агенттігінің Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі бюросының 2022 жылғы мәліметтеріне көз салсақ, ауылдық жердегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау қаладағыларға қарағанда 25 пайызға жоғары екенін аңғаруға болады.
Бұл – бүкіл әлемге тән. Оған 2004 жылы құрылған және MDPI басып шығаратын рецензияланатын ашық қолжетімді «International journal of environmental research and public health» ғылыми журналына 2022 жылы жарық көрген мақалалар да дәлел. Олай болса, бұл мәселенің негізгі себептері қандай? Түп тамыры қайда жатыр?
Ең алдымен, ауылдық жердегі халықтың психикалық денсаулыққа жеткілікті көңіл бөлмеуі мен психикалық мәселелерде көмек сұрау дағдысының жоқтығы жиі кездесетін фактор екенін ашық айтуымыз қажет. Бір жағынан халық арасында психологтерге көріну «ұят», «психологтерге психикалық ауытқуы бар адамдар ғана барады» деген стигмалық түсінік бар болса, екінші жағынан ауылдық жерде халықтың көбі бір-бірін танитындықтан өзгелер жеке құпияларын біліп қояды деген қорқыныш бар.
Үшінші себеп ретінде психикалық денсаулық саласындағы мамандардың тапшылығын айтуға болады. Канададағы «Алберта денсаулық қызмет орталығы» деректеріне сәйкес, өз-өзіне қол жұмсау психикалық бұзылыс болып саналмайды. Бірақ депрессия, биполярлық бұзылыс (маниакалды депрессия), шизофрения және психобелсенді заттарды қолдануға байланысты бұзылыстар – суицидке алып келетін маңызды себептердің бірі. Осы маңызды факторды ескерсек, аудандарда психикалық бұзылыстармен тікелей жұмыс істейтін психиатр дәрігерлер саны жеткіліксіз. Мысалы, суицидтің алдын алу жобасын алғаш болып 2015 жылы енгізген Қызылорда облысын алатын болсақ, әр ауданда тек 1 психиатр бүкіл аудан халқына қызмет етеді. Бұл өз кезегінде психикалық бұзылысты дер кезінде анықтап, оларды сүйемелдеуде, халықпен алдын алу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызатыны анық.
Тағы бір мәселе – отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіздігі. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі өткен жылы республика бойынша 32 755 ата-ана қатысқан «Заманауи Қазақстандық ата-ана» атты зерттеу жүргізген еді. Зерттеуге сәйкес, отбасында тәрбиелік мәні өте маңызды – кешкі әңгімелесу, уақыты сапалы өткізу әдеті тек ата-аналардың 60%-ында ғана байқалып отыр. Бұл – тек бірге тамақ ішу, үйде бірге болып, әркім өз тірлігімен айналысу деген сөз емес, тек ата-ана мен баласы еш нәрсеге алаңдамастан өтетін сапалы уақыт.
Қаламен салыстырғанда ауылдық жерде бұл қиынырақ деген болжам бар. Себебі ауыл-аймақта жұмыстан бөлек, мал, егістік шаруалары бітпейді. Қаладағы отбасыларға қарағанда ауылда көпбалалы отбасылар саны көп. Бұл факторлардың барлығы ата-аналардың әр баланы тыңдап, құшақтап, бірге қыдыруға, әр баласына жеке уақыт арнауға қиындық туғызуы ықтимал. Әсіресе бұл жағдайларды бірлестік психологтері ауылдық жерлердегі ата-аналарға жүргізілетін оқытулар кезіндегі кері байланыстардан жиі кездестіреді.
Оның үстіне қалада балалар мен жастардың бос уақытын өткізетін қоғамдық орындар көп. Ал ауылда бұл мәселені тиімді ұйымдастыруда да кемшілік жетіп артылады. Бұл тұжырымды «Жастар» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Қазақстан жастары-2019» ұлттық баяндамасында көрсетілген қала мен ауыл жастарының уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша көрсеткіштерінен де көруге болады. Ауыл жастары бос уақытында қонаққа баруды, спортпен айналысуды қалайды. Қала жастарымен салыстырғанда, олар қолы қалт етсе хоббимен айналысуды артық санайды (17,1%). Сауалнама мәліметтері көрсеткендей, ауыл жастарының 38,3%-ы өңірде бос уақытты тиімді өткізетін мекемелердің жоқтығы туралы айтқан. Сауалнамаға қатысқан жастардың жартысы Түркістан (52,3%), Солтүстік Қазақстан облыстарында (51,9%) осындай мекемелердің жоқтығын атап өтсе, осыған ұқсас жағдай Қызылорда (38,9%) және Алматы облыстарында (32,2%) да байқалады. Ауыл жастарының төрттен бір бөлігінен көбі (43,5%) жергілікті қоғамдық орындардың жағдайына қанағаттанбаған – 8,9% респондент. Расымен, ауылдық жерлерде түрлі қызықты үйірмелер, жастар баратын әдемі жерлер аз. Еліміз бойынша жастармен жұмыс істейтін жастар ресурстық орталықтары да аудан орталықтарында орналасқан. Ал жеткіншектердің бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы адамның қарым-қатынас дағдыларының дамымауына алып келіп, оның көңіл-күйіне әсер етері сөзсіз.
Жоғарыда аталған мәселелер еліміздің аумағында емес, Еуропалық одақтың 2021 жылы «Young people in rural areas: diverse, ignored and unfulfilled» жүргізген зерттеуінде де анықталған. Мәселен, ауыл жастарының негізгі мәселелері ретінде қолжетімді баспана, психикалық денсаулық пен әл-ауқат туралы ақпарат пен кеңестердің жетіспеушілігі, дағдыларды нығайтатын тренингтердің аздығы көрсетілген.
Әрине, қалалардың көркейіп, өсіп жатқанына қуанамыз. Болашақта дәл осындай мүмкіндіктер, тек қала емес ауылдық жерлерде жасалып, жастардың бос уақытын өткізетін жерлердің, түрлі үйірме, қызықты да, пайдалы іс-шаралар мен жобалардың, ментал денсаулықты нығайтуға арналған халықпен жұмыстардың көбеюінің куәсі боламыз деген үміт бар.
Сымбат АБДРАХМАНОВА,
«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің психологі