• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Маусым, 2024

Қазақ тілін қалай оқытамыз?

231 рет
көрсетілді

Мемлекеттік тілді дамыту институты мамандары «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесі» жобасы аясында балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, үйрету курстарында зерттеу жүргізіп, нәтижесінде тілді деңгейлеп оқыту бағдарламасында жүйелілік пен сабақтастық жетпейтіндігін анықтады. Республикада қазақ тілін оқыту, үйрету барысы көңіл көншітпейтінін айтып, осы зерттеулер негізінде ғалымдардың, практик-мұғалімдердің қатысуымен бірнеше семинар-кеңес өткізді.

Жоба жетекшісі, филология ғылым­дарының докторы, Қыздар педагогика­­лық университетінің профессоры Тыныш­тық Ермекованың айтуынша, қазақ тілін оқыту бағдарламасында сабақ­тастық жетпейді. Зерттеулер барысынан анықталғанындай, мемлекеттік тілді әрқайсысы өз бағдарламасы негізінде оқытып келеді.

«Республикада қазақ және өзге тілде білім беретін мектептерде, балабақша, колледж, жоғары оқу орындарында оқу­шылар мемлекеттік тілді қалай мең­ге­ріп жатқандығы ауқымды зерттеуді қажет етеді. Осы жолғы сауалнама нәти­же­сінде жүйесіздіктен туындап отырған бір­қатар жайтқа көз жеткіздік. Елімізде қазақ тілін оқыту барысы, оқу-әдістемелік ке­шендердің жетіспеушілігі байқалады. Ав­тор­лар көзінің майын тауысып жаз­ғаны­мен, қазақ тілін оқытуға байланыс­ты грам­матикалық материалдарды беру жү­йесі де үлкен мәселеге айналып отыр. Жаңар­тылған бағдарламаның кемші­лігі де осы жайттарға қатысты. Десек те бағ­дар­ламаның ұтымды тұстарының бар екенін айта кеткен абзал», дейді профессор.

Жаңартылған білім бағдарламасы қолданысқа енгеннен бергі аралықта мұғалімдер, сарапшылар тарапынан сын-ескертпелер әлі күнге айтылып келе­ді. Әсіресе мамандарды ұлттық маз­мұндағы пәндерді оқытудағы олқы­лықтар алаңдатады. Ал бағдарлама дұрыс болмайынша, сапалы оқулық жазыл­майтыны анық. Осы орайда ғалымдар елі­мізде оқулықтану ғылымының де кенже қалғанын жиі тілге тиек етеді.

Мемлекеттік тілді дамыту институты жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай, оқушылардың әдеби тілдің нормаларын жетік меңгермеуі, жазылымдағы қателер, кітап оқудың азайып кеткені, мектептердегі тілдік жағдаят, бағдарламадағы кемшіліктер, оқу-әдістемелік кешендердің, электрон­ды ресурстардың жеткіліксіздігі, мек­теп­тердегі материалдық-техникалық жет­кіліксіздігі айқын көрініс беріп отыр. Мектепте мұғалімге жүктелетін қосымша жұмыстар да алаңдаушылық туғызады. Ал қазақ тілін оқытуда грам­матикалық материалдарды беру жүйесі үлкен мәселеге айналған. Осы орайда профессор Тыныштық Ермекова жаңартылған бағдарламаға сәйкес рес­пон­денттердің 40 пайызға жуығы – шиыр­шық әдісін, 70 пайызға жуығы грам­­матикалық материалдардың дең­гей­леп берілуін қолдайтынын алға тартты. «Ал жалпы мақсат – әлемдік дең­­гейдегі тілді меңгерудің А1 деңгейі­нен С2 бір деңгейіне жету дейтін бол­сақ, білім беру баспалдақтарының өз алдына қойған мақсаты болуы керек. Бағдарламалардың барлығы осы сабақтастық деңгейінде әрі қарай өрбіп, яғни алға жылжу үшін жеңілден күр­делі үрдіске өту заңды­лығы сақталған­да ғана балабақшаны, орта мектепті бітір­ген балалардың мемле­кеттік тілді мең­геруі өз деңгейінде болатыны сөзсіз», деді профессор.

Осы орайда тіл жанашыры, Мемле­кеттік тілді дамыту институтының ат­қа­рушы директоры, филология ғы­лы­мы­ның кандидаты Бижомарт Қа­пал­бек «Қазақ тілінің мақсаты – сауат­ты жазу, сөйлеуге үйрету, лингвис­тика­лық білім беру, әдебиеттік ұлттық дүние­таным қалыптастыру дейтін бол­сақ, оқушыларды біріншіден, дұрыс сөй­леуге, одан кейін барып сауатты жазуға үйрету қажет. Сөйлеу дағдысы арқылы оқушының да, тіл үйренушілердің де сөйлеуі қалыптасады. Соны бірінші кезекке қойып, дұрыс сөйлемеген кезде грамматика арқылы түзеп отыруы­мыз қажет» деген пікірін ортатаға сал­ды. Сондықтан аталған институт та­ра­пынан жүзеге асып жатқан жоба тіл үйренудегі озық әдістер мен кемші­ліктерді анықтауға бағытталып отыр. Жобаға қатысты өтіп жатқан семинарларда педагогтер қазақ тілі мен әде­биетін оқытудың озық үлгілерімен бөлісіп, қайткенде мемлекеттік тілді өз деңгейінде сапалы оқытамыз деген сауал төңірегінде пікір алмасуда.

Осы орайда қазақ тілін тереңдетіп оқытатын бірден-бір мамандандырылған Абай атындағы мектеп-интернат директоры Жеңіскүл Нүсіпжан «Қазақ тілі әлемде мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Қолданысы аз демесек, тіліміз­дің құдіреті ерекше. Олай болса, мемле­кеттік тілді оқыту үлкен ізденісті, шы­ғар­машылықпен барынша жұмыс істеу­ді талап етеді» деп атап өтті. Тәжі­рибелі ұстаз, сондай-ақ жағымды көр­сет­кіштермен қоса тереңдетілген бағдар­ламаға сәйкес біріншіден, оқулықтар­дың болмауы, екіншіден, лексикалық тақырыптарға арналған мәтіндердің жүйесіздігі, үшіншіден, 10-11-сыныпқа арналған лексикалық тақырыптардың ғылымилығы әрі күрделілігі, төртіншіден, кейбір оқу мақсаттарының тақырыпқа сай келмейтіндігіне қатысты мәселелерді алға тартты.

Семинар барысында әдеби тілдің нормаларындағы жүйелілікке тоқтал­ған Талғар ауданындағы №36 жалпы білім беру мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, филология ғылымдарының магистрі Гүлжанат Тоқтыбаева 7-сыныпта туынды сөздер, етістік түрлері сияқты маңызы жоғары тақырыптар қамтылмай қалғанын қа­пер­ге алып, қазақ тілін оқытуда сабақ­тастықтың болуы маңызды екенін айт­­са, тілді оқытуда жаңашылдыққа, әр­түрлі әдіс-тәсілдерге назар аудардың ма­ңызына тоқталған Алматы облысы, Тал­ғар ауданы №39 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдана Рамазан бүгін­де тілдік жағдаят қазақ мектептерін­де сапалық, бағалық тұрғыдан алғанда көңіл көншітпейтінін қаперге алды. Оның айтуынша, оқушылардың сөзді қолдануда тілдің қызметі, көркемдігі жағынан арта қоймағаны байқалады. Мұғалімдер сабақ барысында сөйлеу әрекетінің төрт түрі, оның ішінде айтылым дағдысына мән бере отырып, барлық әдісті қолданғанымен, оқушылар үзіліс кезінде көбіне орыс тілінде сөйлеседі, «паразит», жаргон сөздерді көп қолданады. Сондықтан да оқушылардың фунционалдық сауат­тылығын, шығармашылық қабілетін жеке және топта жұмыс істеуге үйрету бүгінгі күнде өзекті мәселе болып отыр.

Осы пікірді құптай келіп, Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназия­ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі Гүлбақыт Малдыбекова «Сауатты жазу үшін оқушы дұрыс сөйлей білу керек. Бүгінде балалардың сөйлеу дағдысы­ның жұтаң екені байқалады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің білім мазмұнында бірлестікті сақтау маңызды. Оқушылар жүйелі сөйлеуде, көркем ойын жет­кі­зуде, синтаксистік құрылымдарда, әсі­ресе, эссе жазу барысында көп қате жібе­реді», дейді ол. Шебер педагог­тің пікі­рінше, жаһанданудың ең басты қаупі – ұлттық құндылықтар дағдарысы. Әлем цифрланған сайын оқушылар­­дың да кітапқа қызығушылығы төмен­деп барады. Ал тілді сақтаудағы басты қаруы­мыз – ұлттық әдебиет пен тарихи шы­ғармалар. Көркем шығарманы бала­лардың қызығып оқуы педагогтің ізденісіне, шеберлігіне байланысты. Осы орайда Г.Малдыбекова шығарманың көркемдігін сездіріп, эстетикасынан нәр алып оқыту мақсатында жоғары сынып оқушыларымен бірлесіп, «Абай жолы» эпопеясы негізінде авторлық бағдарлама әзірлеген. Оқушысы Серік Әлимен бірлесіп әр томға қатысты құ­растырылған түсіндірме сөздіктен кейін оқушылардың романды оқуға құл­­шынысы арта бастаған. Тәжірибелі ұстаз­дың айтуынша, шығарманы түсі­ніп оқы­ған бала ғана әдеби орамдарды түсіне алады. Ал тілді дамытуда қазақ тілі мен әде­­биетін мазмұндастыра оқыт­қан маңызды.

Қыздар ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің 2-курс магистранты Гүл­нара Андижанова қазақ тілін электрон­ды ресурстар арқылы оқытудың тиім­ділігі туралы айтты. Профессор Жәмила Отарбекованың жетекшілігімен жазыл­ған зерттеу жұмысында 5-сыныпта қазақ тілін тоғыз деңгей бойынша электронды ресурс арқылы оқыту әдістемесін талдап берген сарапшы «Digital» қазақ тілі кеңістігінің мүмкіндігін сөз етті.

 

АЛМАТЫ