Жақында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде «Өнерлі отбасы» атты сайыс өтті. Жарысқа өнерді жандарына отбасымен серік еткен әскери қызметшілер қатысты.
Балабақшадағы баласынан бастап еңкейген қарттарына дейін сахнаға шыққан бес әскери қызметшінің отбасы арасындағы жеңімпазды анықтау қазылар алқасына қиындық туғызды. Алайда шаңырағына өнерімен, өрлігімен үлгі бола білген кіші сержант Нұрбол Манаповтың әкесі Тұрғынбек ата бастаған әулет жүлделі 1-орынды иеленді.
Әскери бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасында қызмет атқарып жүрген кіші сержант Нұрбол Манаповтың өзі де өнерден кенде емес. Әкесі Тұрғынбек Манапов та ұзақ жыл ауыл мектебінде ұстаздықтың ұлы жолын өтеген. Қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген Түркістан облысының құрметті азаматы, ақын, төл өнерімізді төрге сүйреп жүрген домбырашы. Анасы Бейсенкүл Омарқұлқызы да білім ошағында ұстаздық еткен ұлағатты жан. Қазір екеуі де зейнетке шыққанымен, жастарға тәлімді тәрбиесімен бөлісіп отыр. Анасы ауылдың әнші әжелер тобының мүшесі. Осындай мәдениет пен өнерді, тарих пен тағылымды жастайынан бойына сіңіріп өскен әскери қызметкердің де өнерден кенде болуға қақы жоқ секілді.
Қара сөз бен қара өлеңнің қанатында қалықтаған кіші сержант Нұрбол бүгінде ұжымда қызметімен де, құрметімен де ерекшеленіп жүрген жауынгер. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Абай ауылында дүниеге келген ол мектепті аяқтаған соң ата-анасының жолын қуды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Отаншылдықты, ел қорғауды жастайынан үлкендерден үлгі еткен Нұрбол уақыты келгенде азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанды. Алғашқы әскери қызметін Ленгір қаласындағы 6698 әскери бөлімінің 4-жеке атқыштар ротасында бастаған Нұрбол бүгінде Ұлттық ұлан қатарында жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Нұрбол ұжымда өте абыройлы. Әзілқой, көпті өзіне қарата алатын шешендігі де бар. Сержант ретінде бәріміздің көмекшіміз. Сарбаздарды жылы сөзбен баурап, саналы бұйрықпен басқаратын тәжірибелі әскери қызметші. Бөлімде болатын барлық коғамдық істерді өзі ұйымдастырып жүреді. Бәрімізге үздік қызметімен, өнегелі отбасымен үлгі. Әскери бөлімде өткен «Өнерлі отбасы» сайысында ата-анасымен жақыннан танысып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, адал ұл, сенімді сержант тәрбиелегені үшін алғысымызды білдірдік», дейді командирі, лейтенант Әділжан Мелдебек.
Өнерлі жауынгер Ләйләмен 2008 жылы отбасын құрды. Бүгінде ауыл мектебінде мейірбике болып кызмет атқаратын Ләйлә екеуі ата-анасының қара шаңырағында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. «Ата өнері – балаға мұра» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Қыздары – Қарақат пен Айзере сайыс кезінде ұлттық биді нақышын келтіре орындап, таланттарына таңдай қақтырды. Атасы сөзін жазған «Туған өлке табиғатын қорғайық», «Ұландар жыры» әндерін әуелетіп айтып жүрген Нұрқабыл мен Айсұлтан да өнерлі өрендер екен. Нұрболдың әпкесі Салтанат та өнерден кенде емес, мектепте музыка пәнінен мұғалім. Арасында балаларға ән жазатын сазгерлік қабілеті де бар.
Сайыс соңы өнердің өнегелі жолымен жүріп келе жатқан жауынгердің отбасы орындаған әдемі әнмен аяқталды. Көрерменнің ықыласына бөленген әулеттің әуелеткен әні сарбаздардың да отаншылдық рухын оятуға себеп болды.