Астанада дзюдодан 20 жасқа дейінгілер (U-20) арасында халықаралық турнир өтті. Данияр Мақышевты еске алуға арналған халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей елдерінен 150-ге тарта жас балуан бағын сынады.
Ерлер арасында 7 салмақ дәрежесінде өткен халықаралық доданың жалпыкомандалық есебінде біздің өрендер қара үзді. Турнирдің чемпиондарына 500 АҚШ доллары тарту етілсе, күміс жүлдегерлерге 350, қола медаль иегері атанған балуандарға 200 АҚШ доллары сыйға берілді.
60 кило салмақ дәрежесінде еліміздің балуандары бар жүлдені олжалады. Мәди Серіков чемпион атанса, Телжан Сұлтанбай – күміс, Нұрсұлтан Бейсенбек, Асылхан Зейнуллин қола медаль иеленді. 66 килода Береке Рахматуллаұлы жеңіске жетсе, күміс медаль Санжар Қанафинге бұйырды. Қос қоланы өзбек балуандары Сухроб Пулатов пен Бенед Шүкіров еншіледі. 73 кило салмақтағы белдесу де тартысты өтті. Финалда жерлесіміз Мұхамедәли Зәкіров өзбекстандық Асадбек Норбутаевты жықты, қола медаль тағы бір жерлесіміз Қанат Әбітұлы мен ресейлік Антон Кубовикке бұйырды. 81 килода Данил Крылов чемпион атанса, Досбол Балғабай – күміс, Нодырбек Мовлонбердиев (Өзбекстан) пен Досхан Жолжақынов халықаралық турнирдің қола медалін олжалады. 90 кило салмақ дәрежесінде өзбекстандық Сардор Еркіновтің екпінін ешкім тежей алмады. Берікбол Жұманбеков күмісті місе тұтса, Әзиз Алтынбай мен Нұрдәулет Тынысқали қола медаль алды. 100 килода Мейіржан Сламшықов финалдық белдесуде Ерасыл Нұртазаны ұтты. Қола медальды Бақжан Байтас пен Бейбарыс Райс иеленді. 100 килодан ауыр абсолюттік салмақ дәрежесінде Жантілек Нұртілепұлын ешкім жыға алмады. Финалда оған Шерхан Алпанов жол берді. Әлихан Назымханов пен Ардақ Серіковке халықаралық турнирдің қола медалі бұйырды.
Күзде Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзілік додаға елімізден кімдердің баратынын бапкерлік құрам осы турнирде бір саралап, балуандардың екпінін бағамдады.