Париж Олимпиадасында бокстан әйелдер арасындағы жарыс алты салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Соның үшеуінде еліміздің былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді. Олар – Назым Қызайбай (50 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) және Валентина Хальзова (75 кг). Ал біздің бұрымдыларға жеңіс тұғырына көтерілуіне кімдер кедергі келтіруі мүмкін?
50 кг салмақта Назым Қызайбай күш сынасады. Ол – әлемнің екі дүркін чемпионы (2014, 2016 жылдары), сол жарыстың қола жүлдегері (2012), Азия біріншілігінің жеңімпазы (2021). Бірақ бұл атақтың барлығына Алматы облысының тумасы аса жеңіл салмақ дәрежесінде қол жеткізген. Оның үстіне Назым жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста соңғы рет осыдан сегіз жыл бұрын жеңіс тұғырына көтерілген. Оны да естен шығармаған жөн. Сол уақыт аралығында бірқатар алымды әрі қарымды боксшылар шығып, үлкен аренада өздерінің мықтылығын мойындатты. Иә, төртжылдықтың басты додасында жасы 30-дан асқан Қызайбайға жалынды жастарымен айқасу оңай болмайтыны анық.
Аса жеңіл салмақтағы фавориттердің арасынан Бусеназ Чакыроглуды бөле-жара атап өтуге болады. 28 жастағы Түркияның сұлуы 2021 жылы Токио Олимпиадасында финалға дейін жетіп, 2022 жылы әлем чемпионы атанды. Оның алдындағы дүниежүзілік додада күміспен күптеліп, Еуропа ойындары мен Еуропа чемпионаттарын екі реттен ұтты. Парижде рингке шығатын екі боксшы былтыр Нью-Делиде ұйымдастырылған әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Аталған жарыста үндістандық Нихат Зарин 50 кг салмақта топ жарса, қытайлық Ю Ву 52 кг салмақта дара шықты. Одан бөлек, Вудың Азия ойындарының жеңімпазы, ал Зариннің сол жарыстың финалисі деген атақтары тағы бар. Сондай-ақ испаниялық Лаура Фуэртес (әлем чемпионатының қола жүлдегері), таиландтық Чутчамат Раксат (әлем чемпионатының екі дүркін қола және Азия ойындарының күміс жүлдегері), франциялық Васила Лхадири (әлем чемпионатының қола жүлдегері), моңғолиялық Есугэн Оюунцэцэг (Азия ойындарының қола жүлдегері) сынды спортшыларды да фавориттер санатына жатқызуға болады. Дәл осы моңғол қызы Ханчжоудағы Азиаданың ширек финалында Назым Қызайбайға шаң қаптырды.
57 кг салмақ дәрежесінде Карина Ибрагимова шаршы алаңға шығады. 27 жастағы Көкшетау өңірінің былғары қолғап шебері әлем чемпионатында үш рет (2018 жылы, Нью-Дели; 2022 жылы Ыстанбұл – күміс, 2023 жылы Нью-Дели – күміс ) жеңіс тұғырына көтерілді. 2022 жылы құрлық чемпионы, 2023 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Қытай елінде Каринаны Азиаданың алтынынан айырған Лин Ю Тинг екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Тайпейдің өкілі әлемнің екі дүркін және құрлық чемпионы. Сол себепті де Париж Олимпиадасының бас жүлдесінен негізгі үміткер ретінде осы боксшының есімі аталады. Алдағы байрақты бәсекеде Тингтен бөлек, басқа да мықтылар бақ сынайды. Солардың арасынан филиппиндік Нести Петесио (Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың күміс жүлдегері), италиялық Ирма Теста (Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың күміс жүлдегері, құрлық чемпионы, Еуропа ойындарының қола жүлдегері), франциялық Амина Зидани (әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы), болгариялық Светлана Станева (әлем чемпионатының қола жүлдегері), ирландиялық Микаэла Уолштың (Еуропа ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері) қазіргі кездегі қарқыны өте күшті.
75 кг салмақта Валентина Хальзова ел намысын қорғайды. Ол да 27 жаста. Астаналық ару 2016 жылы әлем чемпионы атанса, аталған жарыстың соңғы екеуінде үшінші тұғырға көтерілді. Десек те атақты боксшыға Олимпиада лицензиясына иелік ету үшін көп тер төгуге тура келді. Валентина Азия ойындары мен Италиядағы жарыста жер сипап қалды. Тек өзінің ең соңғы мүмкіндігін сәтті пайдаланып, Парижге баратындардың тізіміне қосылды.
Хальзованың салмағындағы мықтылар мыналар: қытайлық Лю Цянь (Рио Олимпиадасының қола, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері, құрлықтың екі дүркін чемпионы), Ловлина Боргохайн (Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы және сол жарыстың екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері), марокколық Хадиджа әл-Марди (әлем чемпионы, сол жарыстың күміс және қола жүлдегері, Африка ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Африка чемпионы), аустралиялық Кейтлин Паркер (әлем чемпионатының күміс жүлдегері), франциялық Давина Мишель (әлем чемпионатының қола жүлдегері), панамалық Атейна Билон (әлем чемпионы және финалисі, Панамерика ойындарының күміс жүлдегері), канадалық Тамара Тиббо (әлем чемпионы және сол жарыстың қола жүлдегері) және ирландиялық Аойф О’Рурк (Еуропа ойындарының жеңімпазы).
Кезінде дәл осы салмақта Марина Вольнова мен Дариға Шәкімова атой салып, Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген еді. Алғашқысы – 2012 жылы Лондонда, екіншісі 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медальды мойындарында жарқыратты. Енді сол жеңісті жолды Валентина Хальзова жалғастырады деген үміттеміз.
Сөйтіп, Париж рингінде еліміздің үш бұрымды боксшысы өнер көрсетеді. Елдос Сейдаллин жаттықтыратын командаға біз сәттілік тілейміз. Назым да, Карина да, Валентина да жеңіс тұғырына көтерілуге лайық спортшылар.