• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 25 Маусым, 2024

Жастарға арналған экоклуб

87 рет
көрсетілді

Керекуде жастарға арналған экоклуб ашылды. «GREENPVL» экоклубының мақсаты – жастардың бойында экологиялық мәдениетті арттырып, қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыру.

«GREENPVL» экоклубы — «Ассамблея жастары» рес­публикалық қоғамдық бірлес­тігінің Павлодар облысында қолға алып отырған жаңа бағыт­тарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен бұған дейін елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіле бастағаны мәлім. Азаматтардың санасында тазалық сезімін, қоршаған ортаға қамқорлық қасиеттерін ұялату үшін мұндай жобаларды енгізу өте маңызды. Ассамблея жастары клубқа жиналып, оларға экологиялық мәдениетті арттыру бойынша деректі фильм­дер көрсетіледі. Соңынан туған өлкеміздің экологиялық тақырыптары талқыланады. Клубқа Қазақстан халқы Ассам­блея­сының белсенді жастары мүше бола алады», деп атап өтті клуб ұйымдастырушылары.

Қазіргі уақытта экоклубқа 50 жас азамат мүше болып үлгерді. Ұйым ішінде өңірімізге белгілі эколог ғалымдар дәріс оқып, та­нымдық сабақтар өткізеді делініп отыр. Алғашқы күні жастарға француз режиссері Ян Артюс-Бертранның «Үй» атты ғылыми-танымдық фильм­і көрсетілді. Картинада Жер ға­ламшарындағы барлық сұлу­лық көрсетіледі. Режиссер жер бетіндегі ғажап үйлесім мен экологиялық тепе-теңдік адамзаттың әрекетімен қалайша бұзылып, апат тудырып жатқаны туралы керемет суреттеген. Қоршаған ортаға зардабы мол өнеркәсіптер, алапат соғыстар мен экологиялық апаттар туралы кеңінен мағлұматтар қамтылған. Жастар мұндай та­ным­дық дүниелерді көре отырып, бойларында экологиялық сана-сезім қалыптастырады деген сенім зор.

Қазіргі уақытта облыс орталығының жастары «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, тазалық шараларын үзбей жүргізіп жатыр. Ертіс, Усолка өзендерінің жағалауы, «Қазқонақ» табиғи ескерткіші маңы, саябақтар мен скверлер, балалар алаңдары қоқыстан тазартылып, жастар қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтындарын байқатты.

«Адамдардың көбі «Таза Қазақ­стан» әдеттегі сенбілік өткізу деп ойлайды. Дей тұрғанмен бұл акцияның мәні тереңде, ол замандастарымызды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, қоршаған орта туралы білімін жетілдіреді. Өңірлік жастар бастамаларын дамыту орталығы экологиялық десант құрып, қа­ла­­дағы көпшілік орындарды, үй аулаларын, сая­бақтарды кө­шелерді тазалауға шықты. Олар сауда үйлері мен көшелерде жұртшылыққа буклеттер таратады. Парақшада қоқысты қалайша бөлек жи­наудың қара­пайым әдіс­тері көрсетілген. Мәселен, плас­тик бөтел­келерді қайда тас­тауға бола­тыны айтылады», дейді облыстық Жастар бастамаларын да­мыту орталығының директоры Ризат Рахымжанов.

 

Павлодар облысы