• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экология 25 Маусым, 2024

«Жасыл ел» жасағы

149 рет
көрсетілді

Атырау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы басталды. Қазір бұл жобамен алғашқы лекте 300-ден астам жас жұмыс істеп жүр.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әйгерім Құр­манберлиеваның айтуынша, биыл «Жасыл ел» бағдарламасына қа­тысу үшін 1 мың 700 жастан өті­ніш түскен. Оның ішінде 1 мың жас іріктеліп алынған.

«Биыл табиғи сипаттағы тө­тенше жағдайға байланысты «Жасыл ел» жастар жасағының кезекті еңбек маусымын 12 маусымда бастау ұйғарылды. Оған 16 мен 35 жас аралығындағы 1 мың жас қатысады. Бұл жоба Аты­рау қаласының аумағындағы 6 ауылдық округ пен 7 ауданда іске асырылады. Жұмыспен қамтылған жастар көгалдандыру, абаттандыру бағытына қоса құрылыс саласында жұмыс істейді. Мәселен, Жылыой ауданынан 140 жас су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үй құрылысына және көгалдандыру жұмыстарына тартылады», дейді Әйгерім Құрманберлиева.

Оның дерегіне сүйенсек, биыл облыс бюджетінен «Жасыл ел» жобасына 110 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы ұйымдастырушылар мен жұмысқа тартылған жастардың жалақысын төлеуге, түрлі акция мен сенбілік өткізуге, арнайы киім мен түрлі құрал-сайман алуға жұмсалады. Ал құрылыс саласында жұмысқа тартылған жастарға берілетін жалақы – 85 мың теңге. Бұған қосымша құрылыс компаниялары тарапынан жастарға дәл осындай көлемде қаржы төленеді.

 

Атырау облысы