Қандастарға арналған «Jas Qazaq» жазғы этнолагері басталды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған этностық қазақ балалары екі аптада тарих пен салт-дәстүрді зерделеп, ұлттық ойындар мен музыкалық аспаптарда ойнап, ана тілін жетілдіреді. Одан қалды атқа мініп, киіз үй құрып, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім көрмесіне қатысады.
Шеттегі бауырларды бір шаңырақ астына жинайтын жобаны жыл сайын Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ және IQanat қоры ұйымдастырады. Осыған дейін жазғы этнолагерьге 400-ден аса қандас бала қатысса, биыл Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Оңтүстік Корея және Иран елінен 255 этностық қазақ келген.
– Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Этнолагерь Бурабай төрінде «IQanat High School of Burabay» мектебі базасында 24 маусым және 7 шілде аралығында өтеді. Мұндағы басты мақсат – әр елден келген қазақ диаспорасының балалары арасында достық қарым-қатынас орнату. Сондай-ақ атажұртпен байланысын нығайту, мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, балалардың болашағын Қазақстанмен байланыстыруға ықпал ету. Қатысушылардың басым бөлігі Моңғолия, Ресей, Өзбекстаннан келді, – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің консультанты Лашын Жанарбек.
Этно-лагерьге қатысушылар әртүрлі байқаудан өтіп, іріктеліп алынған. Олардың арасында өз елінде қазақтың атын шығарып, білім, ғылым, спортта үздік танылған қаракөз қандастарымыз бар. Оған қоса төтенше жағдай кезінде қазақстандық достарына көмек қолын созған моңғолиялық қазақ балалары да бар.
– Маған ел ордасы Астана қаласы қатты ұнады. Қазір этно-лагерь орын тепкен Бурабай да тұмса табиғаты мен саф ауасы, орман-тоғайы, сайраған құстарымен баурап алды. Лагерьдің ішкі құрылымы, жүйесі ойдан шықты. Атажұртқа келіп, жаңадан достар таптым, – дейді Моңғолиядан келген 16 жастағы Нұрмұхаммед Құдайберген.