Маңғыстауда «Сәтті сәрсенбі» деп аталатын тазалық акциясы басталып, тұрғындардың, әсіресе жастардың қолдауына ие болды.
Ақтау қаласын дамыту, көркейту басты назарда тұр. Бұл бағыттағы ірі жұмыстар шағын қадамдардан бастау алары анық. Осы орайда Ақтау қаласының көркін сақтау, тұрғындар мен туристерге жайлы демалыс ұйымдастыру мақсатында жағажайларды қоқыстан тұрақты тазартып тұру – маңызды бастама.
Бұл бастаманың алғашқы таңғы тазалық жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев пен «Жасыл ел» еңбек жасағы, қала тұрғындары қатысты.
Ақтау қаласы іргесіндегі жағажайлар – жазда халық көп жиналатын орын. Мұнда күн сайын он мыңға жуық адам Каспийдің мөлдір суына түсіп, демалады. Өкінішке қарай, олардың соңында жағалауда түрлі қоқыс пен полиэтилен, пластик құтылар қалады. Бұл жағдай жағажайда сенбілік жұмысын тек акция аясында емес, тұрақты қалыпта жүгізуді қажет етеді. Сондықтан жағажайларда әр сәрсенбі сайын сенбілік ұйымдастыру бастамасын өңір тұрғындары қажеттілік деп санап, қуана қабылдады. Тазалық іс-шарасына қатысушылар ала таңнан бастап бірнеше шақырымға созылып жатқан теңіз жағалауын қоқыстан тазартып, жүздеген қапшықты күл-қоқысқа толтырды. Сонымен қатар жағажайларды абаттандыру жұмысы жүргізілді.
«Табиғат – біздің тынысы-мыз. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, оған жанашырлықпен қарау, қамқорлап ұстау – әрбір адамның азаматтық парызы. Қолдан келгенше табиғатты сақтауға үлесімізді қосып жүрейік», деген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы өңір тұрғындары мен жастарды, қонақтарды табиғатқа бейжай қарамай, тазалық жұмыстарына ұйытқы болуға шақырды.
Каспий жағалауында бастау алған акция әр сәрсенбі сайын тұрақты түрде өткізіледі. Ақтаулық белсенді жастар бұл челленджді жаңаөзендіктерге жолдады.
Маңғыстау облысы