Маусым айында түрлі мамандық иелері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді, оның ішінде отандық полиция қызметкерлері де бар. Күнделікті қызмет барысында жұмысбастылықтан жадағайлана беретін өмірге жарқын сәттер сыйлау үшін биыл Алматыда алғаш рет полицейдің өмірі туралы мюзикл сахналанды.
Қала төріндегі «Almaty Theatre» атты сән-салтанаты келіскен ғимаратта ішкі істер органдары ардагерлеріне, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқандардың туыстарына, қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамына арналған мерекелік концертке Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та ортақтасты.
Алғаш рет тәртіп сақшыларының күшімен ІІМ Академиясының курсантынан генералға дейін бір полицейдің даму тарихын сомдайтын мюзикл қала тыныштығын сақтап отырған көрермендеріне жол тартты.
«Бүгінде Алматы полициясы қылмысқа қарсы шабуылдық күресті жүзеге асыру, құқықтық тәртіпті нығайту және қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдай мен мүмкіндікке ие. Қазақстанның тәртіп сақшылары – мемлекет пен тұрғындардың қауіпсіздігінің кепілі. Біз қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасай отырып, Отан алдындағы қызметтік борышын адал атқаратын полиция қызметкерлерімен мақтанамыз», деді Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров.
Орайы келіп тұрғанда, отандық полиция ішкі істер органдарының құрылғанына 32 жыл толып отырғаны, оған қоса қалада жаңа полиция орталықтары ашылып жатқанына тоқтала кетейік. Мұндай орталықтар барлық ауданда қала әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен құрылып отыр. Бүгінгі таңда полиция департаментінің балансына сегіз үй-жай сатып алынса, олардың алтауы толық жабдықталып, 23 маусымнан бастап жұмысқа кірісті.
«Бұл жоба қанатқақты режімде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полиция жұмысының сервистік моделіне көшу бойынша іске асырыла отырып, қоғаммен ашық диалог және тұрғындардың сұраныстарына жедел ден қоюды көздейді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді», деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Полицияның сервистік орталықтарында 55 қызмет түрі көрсетілсе, мамандар көші-қон және әкімшілік заңнама, құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасыларда зардап шеккен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерін шешуге көмектеседі. Ол үшін барлық жағдай жасалды – инспекторлар мен психологтер қабылдайтын жеке кабинеттер жасақталып жатыр.
Өз кезегінде көші-қон полициясының инспекторлары шетел азаматтарын тіркеу немесе қайта тіркеу бойынша қызметтер көрсетеді, Қазақстаннан тыс жерлерге келу немесе кету, азаматтықты алу және тұрақты тұру үшін құжаттарды рәсімдейді.
Сол сияқты автокөлік иелеріне ЖКО фактілері бойынша кеңес беріліп, автокөлікке әкімшілік айыппұлдардың, ауыртпалықтар мен шектеулердің бар-жоғын тексеруге, көлік құралын қайта жабдықтау жөніндегі құжаттарды ресімдеуге көмектеседі.
Орталықтарда заңгерлер, медиаторлар, ішкі істер органдарына оқуға және қызметке қабылдау жөніндегі консультанттар, сондай-ақ қару алып жүруге және сақтауға рұқсат беру жөніндегі қызметкерлер жұмыс істейді.
Азаматтарды қабылдауды уәкілетті құзыретті қызметкерлер – тергеушілер, жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар жүргізеді. Деректер базасы қол жетімді болмақ, бұл бұрын берілген өтінішті қарау барысы туралы білуге немесе жауапкершілікке тарту себептері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оған қоса Цифрландыру басқармасымен бірлескен зияткерлік бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді, оның көмегімен жоғалған затты тауып қана қоймай, қылмысты жедел ашып, құқық бұзушылықты анықтау жеңілдейді.
Болашақта архивтік анықтамалар мен басқа да қызметтерді растауда полицияның сервистік орталықтарының қызметін кеңейту жоспарланып отыр.
АЛМАТЫ