• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 26 Маусым, 2024

«Біз өлеміз ештеңе ұғынбастан...»

93 рет
көрсетілді

«Фарятьев фантазиясы» фильміндегі актер Андрей Мироновтың монологі осылай басталады. Санаңды сапырып түсетін сауалдар өмір пәлсапасының өзегіне үңілуге шақырады. Бұл сұрақтарға сіз бүгін жауап бересіз деп айта алмаймын. Бірақ күндердің күнінде рухыңыз міндетті түрде осы жұмыспен айналысады. Ғибратты ой ағынын қазақшаға тәржімелеп, назарыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз, қадірлі оқырман. Әрі қарай актердің өзі сөйлесін.

– Маңызды емес мәселелермен басымызды ауыртамыз да жү­реміз. Санамызға салмақ, жү­ре­гімізге жүк артып аламыз. Ал ең өкініштісі – алысқа көз тік­пей, аяғымыздың астын ғана кө­ретініміз. Естеріңізде ме, бізге бала кезімізден «Көзіңе қарап жүр... Байқа, құлап қалма» деген сөздерді құлағымызға құйып келді.

Соның қырсығынан дүниенің дидарына жанарымызды суара алмаған күйде ештеңе түсіне алмай өмірден өтіп кетеміз. Бірақ тіршілік тізбегінде тірнектеп жүріп көңіл күмбезінде «Жо­ғарыға! Үйге қарай!» деген дауыс күңгірлеп тұрады. Бәлкім бұл – келген жағымызға қарай, ілкі отанымызға деген сағыныштан туған ұмтылыс шығар...

Ал сол жаққа жөнеп кеткен жандарды қайда қоясыз? Тура біз сияқты ғой олар да. Бірақ олар қазір өз үйінде және өте бақытты. Кейде маған олар біз туралы ойлайтын секілді болады.

Иә, олар бізді аяйды, сағы­нады. Ал сіздер сезбейсіздер ме мұны? Еске түсіріңізші, сізді біреу күтіп жүрген сияқты сезім болған шығар әйтеуір?

...Осы ғашықтар неге жұлдыз санайды? Неге оларға аспан сондай әсем көрінеді? Бәлкім көк қақпасы ашылып, бұрыннан біле­тін әлімсақтағы әлемі өзіне ш­ақыратын шығар?

Қызық, бала кезде неліктен қалықтап, ұшып жүрген түстер көреміз? Ал қарттыққа аяқ бас­қанда төменге құлдилап бара жат­­қандай күй кешеміз. Бұл сон­дай ауыр сезім! Бірақ сіз мұн­дай түсті әлі көріп үлгермеген шығарсыз...

Неліктен біз түсімізде өзімізге мүлде беймағлұм тілдерде ер­кін сөйлесе береміз? Болмаса өңімізде көрмеген өңірлер мен түйсігімізге түнемеген тө­ңі­ректе серуендеп жүреміз. Сол уа­қыттағы шексіздікке бер­гісіз сәттерді айтсаңызшы. Сон­дай жарқын, сондай ыстық. Өкі­ніш­тісі, солардың көбі таң ата ұмы­тылып қалады.

Ал мен бұрын-соңды көрмеген бейтаныс адамды бұрыннан танитындай сезім кешкеніңізге сенімдімін. Құдды ет жақын ежелгі досыңды әрекетінен, иі­сінен танығандай, иә?

Ал ешкімнің аузынан шық­паса да, бізге бағытталған қа­ратпа сөздерді қайда қоярсыз?! Ондаған, жоқ жүздеген дауыс бізді көмекке шақырады, қауіпті ал­дын ала ескертіп жатады. Бір­ақ қайдан?

Бұл – біздің жүрегімізде бар қасиет. Егер бұлардың барлығы болмағанда... Онда осыншалық қысқа, бір сәттік ғұмырды сүрудің қандай мәні қалады? Бірақ осындай қас қағым уақытта басқа да көп адам үшін мың өліп, мың тіріліп жатамыз... Бұл не нәрсе өзі? Айтыңыздаршы?

Меніңше, бұл – дүниедегі ең қымбат әсерлер. Ал оларды не үшін өлтіріп жатырмыз біз? Оның да бір мақсаты бар емес пе ішімізде? Айналаңызға қара­ңызшы. Адамдар бұл нәзік сырды ұғынған болса, барлығы бүтіннің бөлшегі екенін түсініп, қазіргідей бір-бірін ренжітіп, азапқа салмас еді ғой...

Шіркін, өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін, оның мәнін табуға тырысу керектігін, барлық қиыншылықтың уақытша болатынын жан-ділімен ұққанда ғой...

Күндердің күнінде біздің балаларымыз, болмаса немерелеріміз ұғады мұны. Олар ұсақ-түйектің бәрін ысырып тастап, бір-бірін шынайы сүйеді. Ал өздерінің ұрпақтарына: «Аяғыңның астына қарай берме, басыңды көтер» деп айтатын болады.