13 шілдеде Алматыда аралас жекпе-жектен Hardcore FC турнирі өтеді. Жарыстың басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы қазақтың танымал спортшысы Дамир Исмағұлов пен ресейлік Дмитрий Климов күш сынады.
Орынбор облысында дүниеге келген 33 жастағы Дамирдің осы спорт түрін серік еткелі 10 жылға жуықтады. Сол аралықта ол бірқатар биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, «Алаш Прайд» Гран-приінің жеңімпазы және М-1 промоушенінің чемпионы атанды. Қатарынан 14 жекпе-жекте жеңіске жеткеннен кейін қандасымыз UFC-дің қырағы мамандарының назарына ілікті. Мұхиттың арғы жағында да Исмағұлов өзін жақсы қырынан көрсетті. 2018-2023 жылдар аралығында әлемдегі ең белді промоушенде өнер көрсеткен кезде жеті рет октагонға шыққан қазақтың қайсар ұлы алғашқы бес қарсыласын ұтты. Тарқатып айтсақ, ол аустралиялық Алекс Горджис, испаниялық Хоэль Альварес, бразилиялық Тиау Мойзес пен Рафаэл Алвис, швециялық Гурам Кутателадзені қапы қалдырды. Бірақ соңғы екі кездесуінде ресейлік Арман Царукян мен америкалық Грант Доусоннан ұпай санымен ұтылды.
Өзінің соңғы жекпе-жегін Дамир Исмағұлов биыл наурыз айында Санкт-Петербургте жергілікті спортшы Эдуард Вартаниянға қарсы өткізді. Олар кикбокстің ережесі бойынша айқасты. Тең дәрежеде өткен бәсекеде төрешілер Вартанянды жеңімпаз деп таныды. Аралас жекпе-жектегі Дамирдың шердогі – 27 кездесу, 24 жеңіс (13 нокаут) және 3 жеңіліс. Бір айта кетерлігі, қандасымыз өзінің спорттық мансабында бірде-бір рет айқын басымдықпен ұтылған жоқ.
Дамирдің қарсыласы да осал спортшы емес. Жауынгерлік самбодан ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жеткен 23 жастағы Дмитрий Климов ММА-да да жақсы нәтиже көрсетті. Ол Hardcore FC промоушенінің бұрынғы чемпионы. Оның рекорды – 15 кездесу, 11 жеңіс (9 нокаут), 4 жеңіліс.