Отандық «Әлем бейнесі» арт-жобасы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бұл туынды Дубайда өткен ЭКСПО дүниежүзілік көрмесінде еліміздің ұлттық павильонында ұсынылған-тұғын.
Оған әлемнің 193 елінің 2 мыңға тарта азаматы өз таңбаларын қалдырған. Олардың қатарында Голливуд актрисасы Бай Линг, америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс, түбі қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, ресейлік әнші Валерия сынды әлемдік жұлдыздар бар. Қызығы, кенептің өлшемі жер-жаһанның физикалық параметрлеріне сәйкес келеді. Әлемнің кішкентай көрінісі секілді туынды барша адамды біріктіріп, шекараның жоқтығын көрсеткен.
Робот-мұғалім
Үндістанда робот-мұғалім бар. Аты – «Iris». Жасанды интеллект басқаратын робот-мұғалім оқушыларға ерекше сабақ өткізеді.
Әзірлеушілердің айтуынша, технология «Intel» чипсетінде жұмыс істейді. Кірістірілген дауыс көмекшісі және Android қолданбасының интерфейсі бар. Әр оқушының ерекше қажеттіліктері мен қалауларын ескере отырып, өзгеше тәсіл қолданады. Робот сыныпта оңай қозғалу үшін арнайы дөңгелектермен жабдықталған. Сонымен қатар ол заттарды да ұстай алады. Егер сынып шулы болса, мұғалім мүлдем сөйлемей қояды. Оқушылар солай белгілі бір тәртіпке бағынады.
Тимге у өтпейді
Ғалымдарының дәлелдеуінше, жер бетінде жылына 400 мың адам жылан уынан зардап шегеді. 20 мыңы дүние салады. Ал Тим Фридеге жылан уы мүлдем дарымайды.
Таңғаларлығы, кейбір улы жыландар Тимнің денесіне тісін батыруға қорқады. Жиырма жыл ішінде Тим әдейі 200-ге жуық жыланның уын бойына дарытқан екен. Оның ағзасы жылан уына әбден үйреніп кеткен. Тіпті шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ең қызығы, оны шаққан жыландар көп ұзамай өздері өліп қалады. Ол мұның бәрін қаншама тәжірибе мен «Улы жәндіктерге қарсы күрес» зерттеуінен үйренген.