• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2024

Елдік мүдде және баспасөз беделі

125 рет
көрсетілді

Ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин басылымның алғашқы санында: «Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» деп жазса, «Қазақ» газетінің ұлтты ағарту мен ұйыстыру бағытындағы тарихи міндетін Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек!» деп айқындап берді.

Ұлттың жоғын түгендеп, тарихи сананы толықтырып, елді ұйыстыруда баспа­сөздің орны бөлек екендігі сөзсіз. Жал­пы, кез келген ұлттық баспа­сөз – қо­ғам­ның айнасы және темір­қазығы.

Қолына қалам ұстаған журналист қауымның ғана емес, көзі қарақты оқырманның, қарапайым халық пен атқа мінген азаматтың ашық алаңы мен мінберіне айналып, ұлт мұратымен үндескен басылымдар жоқ емес, бар. Шындап келгенде тәуелсіз еліміздің елдік мүддесі, осы уақыт аралығындағы халықтың болмыс-бітімі мен ты­ныс-тіршілігі толықтай бұқаралық ақпарат құрал­дарымен тығыз байланысты.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-ға сүбелі сұхбат берді. Жұртқа айтар сөзін баспасөз арқылы жеткізудің классикалық үлгісін қайта жаңғыртқан Президент осы сұхбаты арқылы «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қара­уымыз керек!» деген елдіктің идеологиялық бағдарын айқындап берді. «Қоғам не нәрсеге мән беруі қажет?» деген сұраққа: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскер­лік, бас­тамашылдық, адал­дық, қара­пайымдылық және үнем­шілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қа­сиеттер мен құндылықтар. Хал­­­қы­­мыздың қуатын арттырып, табыс­қа жетелейтін осындай қа­сиет­­тер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңі­ру арқылы ғана сапалы ұлтқа айна­ла аламыз», деп жауап қатқан Пре­­зидент мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның береке-бірлігіне бас­тай­­­­тын құндылықтарды ұлт мүд­­де­сін ескере отырып ұлықтаудың мән-маңызын да бағамдап берген еді. Ал бұл – тек мемлекеттік органдар мен зиялы қауымға жүктелген мін­­­­дет емес, барша елдің алдында тұр­­­­­ған маңызды басымдық, әсіресе жур­­­­­на­­листерге артылған зор жауап­кер­шілік.

Әлем сарапшылары қазіргі журналистиканың үш негізгі проблемасын атап көрсетеді. Олар: жалған жаңалықтар мен фейк ақпараттың таралуы, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы және ақпараттың шамадан тыс жүктелуі. Рас, заманауи журналис­тика технологияның қарқынды дамуы, аудитория мінез-құлқының тез өзгеруі және мың құбылған геосаяси жағдайға байланысты көптеген қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Сол себепті де дәл қазіргі уақытта Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы өзектілігін жоймай тұр. Ақпараттық технология төңірегінде күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатқан үрдістер, күн тәртібінен түспей тұрған жасанды интеллектінің жаһандық қарқыны, цифрландыру дәуірінің жеделдігі еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау дейтін аса жа­уапты қос міндетті алдыңғы қатарға шығарды. Ал бұл тұста алдыңғы шепте тұрған журналистерге, атап айтқанда ұлттық баспасөзге артылар жүк те, жауапкершілік те салмақты.

Билік те, бұқара да қашанда баспасөздің беделін, журналистер­дің еңбегін жоғары бағалайды. Көк­темгі су тасқыны кезінде құтқа­рушылар мен құзырлы орган қызметкерлерімен қатар жүріп, қоғам алдындағы қарызы мен парызын орындаған БАҚ өкілдері атаусыз қалған жоқ. Ел басына күн туып, халық қысыл-таяң кезеңге тап болған талай сын сағатта да олар шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне білді.

Қоғамдық пікір мен азаматтық қоғам қалыптастыруда, билік пен бұқара арасын жалғап жүрген қалам ұстағандардың рөлі, орны еш уақытта кеміген емес. Оған күні кеше кәсіби мереке қарсаңында түрлі мемлекеттік наградаға ие болып, мерейі артқан журналистердің жүлдесі дәлел. Қоғамға, елге, ұлтқа, мемлекетке шынайы ақпарат жет­кізу – басты міндетім деп ұққан, нағыз журналист болу – жауап­кершілік екенін жете түсінген бірталай әріптесіміздің де төл мереке қарсаңында мерейі үстем болды.

Кеше Ақордада өткен салтанатты жиында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бірқатар журналисі Мемлекет бас­шысының қолы­­нан марапат алды. Атап айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қосынындағы белді жур­на­лисі Айгүл Аханбайқызы мен «Үркер» журналының бас редакто­­ры Жаңабек Шағатай «Құрмет» орде­нін алса, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы мен «Казахстанская правда» газеті саясат бөлімінің меңгерушісі Юлия Магер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Президент сый­лы­­ғына ие болды. Ал газетіміздің Сая­сат және құқық бөлімінің аға тіл­­шісі Ескендір Зұлқарнай Сенат ұйым­дастырған «Парасат» бай­қауын­да үздік баспасөз материалы ата­­л­ымында топ жарды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында жүлделі болып, сый-сияпат иелен­гендердің дені – меншікті тілшілер. Мәселен, газетіміздің Батыс Қазақ­стан облысындағы меншікті тіл­шісі Қазыбек Құттымұратұлы Жур­налистер одағының «Алтын медалі» иегері атанса, Атырау облысы бо­йынша меншікті тілші Жолдасбек Шөпеғұл «Amanat» партиясының журналистер арасында өткізетін дәстүрлі «Amanat медиа сыйлығы» республикалық байқауында «Біз біргеміз» – су тасқынымен күрес тура­­лы үздік материал» аталымында жүлдегер болды. Сон­дай-ақ «Egemen Qazaqstan»-ның Ұлытау облысы бойынша мен­шік­ті тілшісі Абдолла Дастан «Құр­мет­ті журналист» атанса, Қостанай облысындағы меншікті тілші Нұр­қа­нат Құлабай «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған «Дін және дәстүр» облыстық байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, Түр­­кияға жолдама ұтып алды. Рас, бұл марапаттың барлығы мерейді де өсі­­реді, жауапкершілік те жүк­тейді.

Журналистердің мерейі ерекше таситын кәсіби мереке қарсаңында сөз басын Алаш арыстарының баспасөз туралы байыпты пікірінен бекер бастаған жоқпыз. Өйткені олар журналистикада ұлттық мүдде мен ұлтқа қызмет етудің ең озық үлгісін қалыптастырып, БАҚ-тың идеологияның қайнар көзі екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп берді. Алаш қайраткерлері «Баспасөз ұлт пен мемлекеттің өркендеуінің қызметкері, ұлттық сана-сезімнің айнасы болуы керек» деген тұжы­рым­мен тұтасып, осы бағытта тегеурінді еңбек етті. Ал бүгінгі БАҚ буынының бағы да, басымдығы да біреу, ол – Әділетті Қазақстан құру жолында отандық журналистиканың абыройына дақ түсірмеу. Өйткені қазақ журналистикасының жылнамасында Әділетті Қазақстанның тұғырындағы ұлттық баспасөздің алар орны ерекше болары сөзсіз.