Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ECECACD төрағасы Александр Квасьневскиймен кездесіп, Шығыс және Орталық Еуропа, Орталық Азия елдерінің есірткі саясаты жөніндегі комиссиясымен өзара белсенді іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.
Кездесу ECECACD-мен ақпарат алмасудағы ынтымақтастықты нығайтуға және нашақорлыққа, есірткі саудасына қарсы күрестегі үздік тәжірибелерді бөлісуге арналды.
Қ.Тоқаев есірткі құралдарын өндіру мен заңсыз сатуға қатысы бар адамдарды жазалауды қатаңдату мақсатында заңнаманы қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл туралы ол ІІІ Ұлттық құрылтайдағы сөзінде мәлімдеген болатын.
Өз кезегінде А.Квасьневский есірткіге қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар мен шараларды таныстырды. Екі тарап нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз таралуына қарсы күрес бойынша бірлескен жұмыстарды қолға алуға келісті.
Визалық рәсімдер жеңілдетіледі
Қазақстан мен Еуропалық одақ визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша келіссөз бастады. Аталған жаңалықты Еуроодақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы уәкілі Дэвид О’Салливан Қазақстанға сапары кезінде хабарлады. Ол сондай-ақ ЕО-ның Қазақстанмен қарым-қатынасы белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
– ЕО Қазақстанның әлеуетті сауда серіктесі және тікелей шетелдік инвестициялардың қайнар көзі болып есептеледі. Біз маңызды стратегиялық серіктестік орнаттық. Осы әріптестік аясында экономикалық ынтымақтастықты дамытып, ілгерілетуге күш саламыз, – деді Дэвид О’Салливан.
Сонымен қатар арнайы уәкіл визалық режімді жеңілдету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Егер бұл іс сәтті жүзеге асса, ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.
5G ұялы байланысы енгізіледі
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, келер жылдың соңына дейін Қазақстан 5G ұялы байланысына қосылуы мүмкін.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Тұтастай алғанда, 2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары телекоммуникация саласына 450 млрд теңгеден астам (шамамен 980 млн доллар) инвестиция жасайтын болады, – деді министр.
5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты «Кселл» және «Теле2» операторлары Астана, Алматы, Шымкент қаласында және облыс орталықтарында жұмыс атқарады. Қазір Қазақстанның 20 қаласында 1 144 базалық станса орнатылған. 2020 жылға қарағанда республикада трафик 61,5%-ға, ал абоненттер саны 12,9%-ға өскен.
«Speedtest Ookla» мәліметі бойынша, 2024 жылы сәуірде Қазақстандағы байланыстың орташа жылдамдығы 43,6 Мбит/с-ны құрап, әлемде 66-орында тұр. Бұл көрсеткіш Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға қарағанда жоғары.
– Елімізде 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет 2 606 ауылға жеткізілген. Ұлттық жоба шеңберінде байланыстың оптикалық желілерін 3010 ауылға қосу көзделіп отыр, – деді Ж.Мәдиев. – Мобильді интернет Қазақстанның 4866 ауылында қолжетімді. Салықтық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған. Қалған 1424 ауылға қатысты жұмыстар жалғасып жатыр.
Орта дәлізді дамыту маңызды
Қазақстан Сенаты түркі елдері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) және аралас жүк тасымалын дамытуға бағытталған бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады.
Құжаттардың бірі екі ел аумағы бойынша контейнерлік пойыздармен тасымалдауды ұлғайту және жүк тасымалдаудың жыл сайынғы болжамдарын дайындауды көздейді. Басқа келісім Орта дәліз бағыттарында автомобиль, темір жол және теңіз көлік түрлерін тиімді пайдалануға негізделген.
– Барлық құжаттың негізгі міндеті – халықаралық жүк тасымалы рәсімдерін жеңілдету және транзиттік-көліктік әлеуетті, халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, – деп жазылған Парламент Сенатының хабарламасында.
2024 жылдың алғашқы 4 айында Орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға ұлғайып, 1,4 млн тоннаны құрады. Ал 2023 жылы жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 65%-ға ұлғайып, 2,7 млн тонна болған.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытай, Қазақстан, Каспий теңізінің акваториясы, Әзербайжан, Грузия және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтеді.