• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Маусым, 2024

Елге керегі – сапалы қазақша контент

140 рет
көрсетілді

Отандық журналистиканың абырой-беделі туралы айтқанда, желіні кем дегенде «Түркістан уәлаятының газеті» мен «Дала уәлаятының газетінен», кешегі «Қазақ» пен «Айқаптардан» тарту керек. Десек те, тәуелсіздік тұсындағы журналистиканың жөні бөлек. 90-жылдардан бері отандық журналистика қоғаммен бірге өсіп, өзгеріп, құлдырап, қайта түлеп, түрлі қиындық пен кедергіні еңсеріп келеді. Кәсіби журналис­тер бұл саланы тастап, олардың орнын басқа саланың адамдары басқан кез де болды.

Бір жағынан, кәсіби жур­налистердің қо­­ғаммен байланыс саласына, қоғам­дық-саяси қызметке ауысып, мемлекеттік және сайланбалы органдарда төбе көрсетуі мамандықты тұсаулаған шектеулердің салдары болса, екінші жағынан, дәл осы үдеріс мамандықтың өрісін кеңейткен өзгеріске айналды. Талай жыл ақпа­рат құралында жұмыс істеп, журналистиканың майын ішкен азаматтар Парламент депутаты болып, заң шығару ісіне тікелей атсалысып отыр. Тәжірибелі журналистердің ішінде жауапты мемлекеттік қызмет атқарып жүргендер де баршылық. Бұл да ақпа­раттық заманда ком­му­никацияның қыр-сырын мең­герудің маңызы зор екенін көрсетеді. «Халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» болуды миссиясы деп таны­ған мамандық ие­лері енді жаңа сападағы мем­ле­кет­­тік қызметші буынын қалып­тастыратын болар.

Журналистиканың дең­гейінен хабар беретін екі өлшем бар: бірі – өз ісіне берілген кәсіби білікті мамандар қарасының қалың болуы, екіншісі – олар жасайтын ақпараттық өнімнің, яғни ел аузында жүретін жобалар, қоғамға қозғау салатын сапалы материалдардың көптігі. Бұл тұрғыда осы салаға өз ісіне адал және кәсібилігі жоғары мамандар келуіне қоғам да, мемлекет те мүдделі болуға тиіс. Себебі билік пен халықтың арасындағы «алтын көпір» – кәсіби медиа дамыған елде плюрализм мәдениеті мен өзгенің пікірімен санасу әдеті қалыптасады.

Сапалы ақпараттың ма­ңызы мен өзектілігін қазір қоғам түсініп қалды. Фейктер мен ақпараттық дезинформация заманында объективті, шынайы, нақты ақпараттың құны арта түспек. Ендігі жерде ақпараттық ресурстар аудитория алдындағы репутациясы үшін жанталасады. Қазақша айқанда, «қасықтап жинаған абырой шелектеп төгілсе», аудиторияға ықпалымен бірге нарықтағы сұраны­сы­нан да айырылады.

Қазіргі таңда отандық журналистика өзінің кезекті өсу белесінің алдында тұр. Барынша сапалы, мазмұнды контентті оперативті түр­де аудиторияға жет­кізу­дің түрлі техни­ка­лық мүм­кіндігі бар. Ақпа­рат­тық тех­но­логияның бар­лық жетістігі контент жасау­шылардың игілігіне арнал­ғандай. Отандық медиа қазір жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдана бастады. Бұл да кәсібилік пен оперативтілік тұрғысынан бәсекенің күрт артуына себеп. Бұл тұрғыда, екі жылдан бері қызу талқыланып, жақында қабылданған «Масс-медиа туралы» заң отандық жур­на­­­­лис­тиканың келбет-сипа­тын сөзсіз өзгертеді. Заңда қабыл­дан­ған көп­те­ген норма қоғамның сұ­ра­­нысынан туындаған. Мысалы, отандық ақпарат кеңістігінде бұдан былай сапалы қазақша контент саны артуға тиіс, ал мұндай контентті ұсына алмаған медианың өрісі тарыла бермек. Заң теле­радиохабарлардың апталық кестесіндегі мемлекеттік тілдегі хабарлар санына қатысты ең төменгі шекті ғана бекітті: келесі жылы – 55 пайыз, 2027 жылы – 60 пайыз. Бірақ бұдан асырмасын деген сөз емес. Ең бастысы, бұл – мемлекеттік тілдегі контенттің ғана ғана емес, отандық өнімнің көлемін де арттыруға тиек. Бұған қоса, шетелдік теле және радио хабарлардың эфирдегі көлемі 20-дан 10 пайызға қысқарады. Осының бәрі қазақша сапалы контент жасаушы отандық медианың беделін де, жауапкершілігін де арттыратыны, жаңа заман журналисіне қойылатын талапты күшейтетіні сөзсіз.

Кәсіби талаптардың кү­шеюімен журналистің қоғамдағы беделі де артады. «Азаматтық журналистика» енді дами бастаған тұста «қолында телефоны бар кез келген адам журналист міндетін атқара алады» деген түсінік тараған. Иә, кез келген адам ақпарат таратушы рөлін атқаруы мүмкін, бірақ оның шынайылығы­на және салдарына жауап бермейді. Ақпарат тара­ту­­шының бәрі бірдей ақпа­раттық өнім өндірушіге, кон­тент жасаушыға айналуы неғайбыл. Себебі сапа­лы ақпараттық контент жасау үшін ең әуелі кәсіби білім мен тәжірибе, одан соң азаматтық ұстаным мен мем­лекетшілдік көзқарас қажет. Бұл тұрғыда Алаш қайрат­кер­лері ұстанған бас­ты қағида – ұлтқа қызмет ету миссиясы өзгер­ген жоқ.

 

Гүлбиғаш ОМАР,

саяси коммуникация саласынан PhD