Ресейден ағылып жатқан арзан бидай әлі күнге жергілікті астық өсірушілердің сорына айналып отыр. Көршінің өнімін отандық деп көрсетіп сыртқа сатқан жергілікті фермерлер ел экономикасына 6 млрд теңгеден астам залал келтірген.
Нарық тетіктерінің әлсіздігі болар, көрші елдің сапасыз астығы біздің нарығымызды еркін билеп-төстеп алды. Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ең қауіпті әрі күдікті қаржылық операцияларды талдай келіп, 30 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 216-бабында айқын көрсетілген. Келтірілген залал 6 миллиард теңгеден асқан. Оның 300 миллион теңгесі тергеу үдерістері кезінде өтелді.
Заңсыз астық импорты бойынша өңірдегі шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген 10 қылмыстық іс сотта қаралды.
– Көршілес мемлекеттерде, атап айтқанда, Ресейде өндірілген астықты үлкен көлемде елге әкеліп, жалған шот-фактуралар жасау арқылы Таяу Шығыс елдеріне отандық өнім ретінде экспортқа шығарып жатқандар анықталды. Олар өнімді көбіне Ауғанстан, Иран, Тәжікстан сияқты мемлекеттерге жібереді. Бұл біздің отандық экономикамызға, өңіріміздің шаруа қожалықтарына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Өзіміздің өнімдеріміз шетелге шықпай қалады немесе сатылған күнде де бағасы төмендеп кетеді. Сондықтан да мұндай заңсыз іс-әрекеттер біздің ұлттық экономикамызға үлкен залал келтіреді, – дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Есенов.
Облыстағы күлбілтелі проблемалардың бірі – заңсыз астық импорты. Бұл ретте шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген 10 қылмыстық іс сотқа жолданып, қаралды.
Атап айтқанда, олардың бірі – «Ертіс» шаруа қожалығы. Басшысы жалған шот-фактуралар жасау есебінен 50 миллион теңгеге жуық кіріс тапқан. Ол бұл қаражатқа «Toyota Camry» автокөлігі мен Павлодардағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған. Шаруа қожалығы басшысы үш жылға бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленді.
Тағы бір кәсіпорын – «Восток» ЖК өкілдері бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар «Дамас» ШҚ, «Дияр», «Алтын Бидай», «Север», «Ансар» ЖК және «Ansar_ANSAR» ЖШС-лары үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша жалған шот-фактуралар дайындап отырған. Қылмыстық табыс сомасы 50 миллион теңгені құраған.
Павлодар облысы