Тәуелсіздік жылдары туған жастардың Алаш ұранымен рухтанбағаны кемде-кем. Бірі Әлихан, бірі Шоқай, бірі Міржақып болып әзірге үлкен арман арқалаған ұландарды көрдік. Ұлтқа ұран болған ерлер ісі бір мысқал да ұмытылмай, жаңғыруының дәлелі осы.
Бала күнде үлкен ағам Оралхан үнемі Мұстафа Шоқай туралы айтып отыратын. Кейде «Қалай да ұлтқа қызмет ету керек!» деп тістеніп қоятын. Әр дұға еткенінде Алаш арыстары Міржақып, Жүсіпбек, Ахметтерді қоса күбірлеп рухына дұға ететін. Сол кісінің ықпалы да болар, алашшыл болып өстік. «Ұлт үшін не істей аламын?» деген сұрақ санадан өшпей, маяк сынды жылтылдап тұрды. Кейде пенделік желіне бой алдырар сәтте «мен осы не істеп жүрмін? Ұлтқа қызмет етер тұлға емеспін бе? Серттен тайғаным ба?» деп өз-өзімізді жауапқа алып отыруды әдетке айналдырдық. Қайбір жылы Мәскеу төрінде зираты белгісіз шейіттерді ойлап ұзақ толғанғанымыз да бар. Жалғыз ғана берілер жаз өмірді жан рақатына емес, адам төзгісіз мехнатты ұлт жолына құрбан еткен арыстардың әр ісі, әр сөзі бүгінде есті жастың ұранына айналып отыр.
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
...Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды, нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа
iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚ осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!»
Алаш қайраткерінің бірі, ағартушы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының болашаққа жасап берген таңбалы өлеңі ойға тұтқа боларлық. «Жаным – арымның садағасы» деген әр қазақ баласы жеке мұңынан ұлт мұңына, адамдық мұңына көтерілсе, елдігіміз ертегідей қияға самғайтыны анық. Иә, сол күнге жете берейік!