29 маусымнан бастап Астанада Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойында жаңа ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ашылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа жәрмеңке орны «Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы бетте орналасады (Бейбарыс Сұлтан көшесі, 23). Ол 9.00-ден 20.00-ге дейін келушілер үшін ашық болады.
Жәрмеңкеде жергілікті, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстарының тауар өндірушілерінің түрлі тауарлары ұсынылады.
Келушілер көкөніс пен жеміс, сапалы ет, ұн өнімдерін және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін сатып ала алады.
Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін жәрмеңкенің жанынан № 49, 73 автобус маршруттары өтеді. Айта кетейік, елордада демалыс күндері тұрақты жәрмеңке өтеді. Ол демалыс күндері сағат 10:00-ден 19:00 аралығында жұмыс істейді. Мекенжайы Сарыарқа ауданында Б. Соқпақбаев көшесі, 21 мекенжайында орналасқан», делінген Астана қалалық әкімдігінің хабарламасында.