Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, күн тәртібінде сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қаралды. Бірлескен отырыста қабылданған қаулысымен Парламент кезекті сессиясын аяқтап, депутаттар 1 шілдеден 1 қыркүйекке дейінгі демалысқа шықты.
Бірлескен отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов баяндама жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар бергенін атап өтті. Е.Қошанов көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелгенін және қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түскеніне де тоқталды. Мұның бәрі Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналғанын айтты.
– Өткен сессия «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды. Осының бәрі елімізді одан әрі дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда, – деген Е.Қошанов мұның бәрі пәрменді әрі ықпалды Парламент қалыптастыру бағытындағы Конституциялық реформаның мән-маңызын айшықтай түсетінін атап өтті. Осы сессияда депутаттар парламенттік жұмыс кезеңін толық әрі табысты атқарып шыққанын жеткізді.
Палата спикері Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналғанын атап өтті. Осыған байланысты екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды бола түскен.
Жалпы, палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өткен. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болып, оның 102-сі қабылданыпты. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеген.
– Біз басты қаржы құжатын – республикалық бюджетті қабылдадық. Осы құжат арқылы мемлекеттің денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да саладағы әлеуметтік міндеттемелерді іске асыруды қамтамасыз еттік. Мәселен, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ғалымдардың жалақысы көбейтілді. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын күшейту шаралары қабылданды. Студенттердің шәкіртақысы өсті. Шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерінің ақшалай табысы артты. Биылғы қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді, – деп Е.Қошанов Парламент осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алғанын жеткізді. Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам адамның көптен күткен мәселесіне нақты жауап болып отыр.
Кейінгі жылдары жылумен, электрмен жабдықтау саласындағы проблемалар да жиі көтеріліп, тұрғындардың да арыз-шағымы арта түскені белгілі. Бұл ретте Парламент те мұндай елдік мәселеге бейжай қарамай, тиісті шешімдер шығарып жатыр.
– Біз авариялардың, жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі ақаулардың куәсі болдық. Бұл – жылдар бойы қордаланған проблемалар. Өңірлерде жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған. Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек. Осылайша, біз жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік, – деді Е.Қошанов.
Палата спикері өз баяндамасында мемлекеттік сатылым жүйесіндегі кемшіліктерді де айтып өтті. Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан Парламент жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылдады. Бұл құжат сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын, сапаның бағадан басым болуын қамтамасыз етеді.
Сессияда депутаттар «Масс-медиа туралы» да заң қабылдады. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін береді.
Е.Қошанов депутаттар медицина қызметкерлері үшін де сатылап қолайлы жағдай туғызып жатқанын айтты.
– Мәселен, біз медицина қызметкерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң қабылдадық. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіздік. Әлеуметтік кепілдіктерді күшейттік, – деді Палата төрағасы.
Мәжіліс төрағасы сессияда депутаттар алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң қабылдағанына тоқталды. Бұған дейін елімізде болмаған заңды қабылдау арқылы еліміз халықаралық міндеттемелерді орындап қана қоймай, адам құқығын қорғау саласындағы құқықтық базаны да нығайта түспекші.
Е.Қошанов жақсы үрдіс болып қалыптасқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін Парламент заңнамалық база қалыптастырғанын айрықша атап өтті. Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастаманың бірі. Сонымен қатар депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі. Азаматтарымыздың резонанс тудырған қылмыстарға реакциясы, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеуі заң шығарушы органды осы саладағы заңнаманы едәуір қатайтуға алып келді.
Е.Қошанов лудоманиямен күреске қатысты заңнаманың қалай қабылданғанына да тоқталды.
– Мемлекет басшысы құмар ойынды ХХІ ғасырдағы ең келеңсіз әлеуметтік індеттің бірі деп атады. Тек ресми деректер бойынша шамамен 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен. Олардың дені – жастар. Ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды. Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар да болды. Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды, – деді.
Мәжіліс төрағасы жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің атқарылу сапасына Парламенттің бақылауы айтарлықтай күшейтілгенін ерекше атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі реттен тыңдай бастады.
Е.Қошанов Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанады. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Бұл – жылда айтылатын жағдай. Соның айқын мысалы – Су кодексінің жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүрген көрінеді. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түскен. Сөйтіп, депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр болған.
Мәжіліс төрағасы мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейтінін де жасырмады.
– «Баяғы жартас – бір жартас». Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн, – деген Ерлан Жақанұлы Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек екенін ескертті.
Палата спикері сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінетінін де айтып өтті. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізген. Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдаған. Сондай-ақ сессия басталғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақырылып, сайлаушылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, азаматтардың сұранысы ескеріліп, мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды.
Баяндамашы Парламент алдағы заң шығару жұмысының берік негізін қалап, қыруар жұмыс атқарылғанын айтып өтті.
– Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Келесі сессияда да осы қарқыннан таймауымыз қажет. Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау негізгі басымдық болып қала береді. Еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастырамыз, – деді Е.Қошанов.
Осылайша, Е.Қошанов өз баяндамасында еліміздегі басты заң шығарушы органның сессия бойы атқарған жұмысына барынша тоқталды. Оның айтуынша, қазір Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істемек. Сонымен қатар мүлде жаңа Цифрлық кодекстің талқылауға түсуін күтіп отыр. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. «Осылай тығыз жұмыс істеу арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, елімізді өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін», деп сөзін қорытындылаған Палата спикері Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажеттігін қадап айтты.