Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында жаңа ЖЭО құрылысының барысымен танысты. Сондай-ақ жоспардағы шыны кластеріне қатысты табақ шыны өндіретін инвестициялық жобаны көріп, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді.
Қазір өңір тұрғындарын 1964 жылы пайдалануға берілген ЖЭО жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде жабдықтың тозуы 75%-ды құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 2 949 нысан, оның ішінде 808 көппәтерлі үй қосылған. Биыл осы нысандарды ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Президент қойған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен 11 млрд, қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бағытталған. Қабылданған шаралар жылу трассаларының тозуын 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Премьер-министрге жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын жаңа ЖЭО құрылысының қарқыны туралы баяндалды. Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары аяқталған. Жабдықты орнатуға негіз қаланып жатыр. Құрылыс алаңына 600-ге жуық адам, 60 техника жұмылдырылды. Жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Осы кезде инвестор жобаны іске асыруға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Үкімет басшысы ел экономикасының белсенді дамуына және өнеркәсіптік кәсіпорындардың іске қосылуына байланысты қосымша энергия қуаты қажет екенін айтты. «Жаңа ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Оның іске қосылуы оңтүстік өңірдегі электр энергиясының жүктемесін тұрақтандыруға және тұтастай алғанда еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді», деген О.Бектенов облыс әкімдігіне газ жеткізуші құбыр мен ЖЭО құрылысын уақтылы аяқтау туралы, сондай-ақ барлық нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Өңір басшысының орынбасары Ардақ Зебешев Премьер-министрге өңірдегі өнеркәсіптің дамуы туралы әңгімелеп берді. Биылғы 5 айда экономиканың осы секторы 6,3% өсім көрсетіпті. Сондай-ақ инвестиция көлемі 40%-ға артқан. Оның 80%-ы – жеке салымдар. 2024-2028 жылдар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылады.
Шыны зауытының іске қосылуы дамуға айрықша серпін береді. Қазіргі таңда шыны кластерін құру жұмыстары басталды. Кәсіпорын жұмыс істеген уақыт ішінде 27,3 млрд теңгеге 20,8 млн шаршы метр шыны өндірілді. Бүгінде кәсіпорын 15 млн доллар көлеміндегі өз қаражатына қуаты жылына 5 млн шаршы метр энергияны үнемдейтін шыны шығаратын жаңа желіні іске қосты.
Үкімет басшысы ел экономикасы үшін маңызды жобаларға қаражат салуға дайын инвесторларға қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ жұмыс сапары аясында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған», «Қызылорда – Үшқұдық» автомобиль жолдарын салу және «Қызылорда – Ақтөбе» автомагистралін реконструкциялау жобалары бар. Көлік министрлігіне қажетті жұмыстарды жүргізуге және жобаларды уақтылы аяқтауға тиісті құжаттарды ресімдеу жөнінде тапсырма берді.