Жетісуда жылдан-жылға егіс көлемі еселеніп келеді. Дегенмен су, техника, жер мәселесі әлі толық шешімін таппады. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникаларының 60 пайыздан астамы ескірген. Шаруалар қолында 23 мыңға жуық түрлі техника бар. Оның 10 жылға дейінгісі – 8 321 бірлік, 10 жылдан жоғарғысы – 13 215 бірлік. Тозған техника шаруаларды жиын-терім уақытында әбігерге салады.
Аграрлы өңірдің әуелгі тіршілігі – егін шаруашылығы. Ал оның техникасыз тынысы ашылмайтыны белгілі. Кейбір шағын шаруалар қырық жылдан бері ескі тракторын сүйретіп егін басында жүр. Заманауи көлік алуға қаражаты жетпейді. Сол үшін кейбір кәсіп иелері үлкен қожалықтар жарамсыз деп шығарып тастаған техникаларды пайдаланып жүр.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын уақтылы жаңартып тұруды тапсырып, көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 трлн теңгеге дейін арттыру керек деген еді.
«Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарады», деген еді Президент. Дегенмен бұл үдеріс өңір-өңірлерде баяу жүріп жатқандай. Шаруалар мемлекетке иек артса, мемлекет шаруалар шығынын үнемдеп, өздері сатып алғанын қалайды.
Дегенмен былтыр Жетісу республикалық деңгейде жаңа облыс ретінде жаман нәтиже көрсеткен жоқ. 519 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн тонна өнім жиналған. 880 мың тонна дәнді дақыл қамбаға құйылды. 2025 жылғы мақсат – 1 млн. тоннаға жеткізу. Бірақ заман талабына сай жабдықталған тегеурінді техникасыз бұл нәтижеге жету мүмкін емес. Былтырғы жүгерішілердің жайы көпке мәлім. Мәжіліс алаңында көтерілген мәселе бәрібір шешімін толық таппады. Жапа шеккен кім? Тағы да қарапайым шаруалар.
«Өткен жылы қант қызылшасының орташа шығымы 433 центнерден айналған. Бірақ Ақсу, Алакөл аудандарында аз өнімділік көрсеткен. Сонымен қатар МТС-ларды жаңарту мақсатында 11 млрд теңгеге 650 бірлік техника сатып алынды, соған қарамастан Ескелді, Қаратал секілді бірқатар аудандардың техниканы жаңарту деңгейі облыстық көрсеткіштен төмен. Сондықтан сервистік дайындау орталықтарын құру жұмысы биыл да жалғасады», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Қант қызылшасы дегеннен шығады, былтыр тәтті түбір егістігі 2 есе ұлғайтылып, 8,7 мың гектарға себілген. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектарды құрады.
«Шаруа қожалықтары өздерінде тіркелген техниканың жарамсызын есептен шығару керек. Биыл біз қызылша бағытында 8 сервистік дайындау орталығын құрып жатырмыз. Сепкіштерді аудандарға таратып бердік. Комбайндар күзгі жиын-терімге дейін әкелінеді. Жалпы саны 62 бірлік техника алу жоспарланып отыр», дейді Ә. Жақанбаев.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр тауар өндірушілер жалпы құны 10,7 млрд теңгеге 536 бірлік жаңа техника сатып алған. Оның ішінде «ҚазАгро Қаржы» АҚ арқылы 3,6 млрд теңгеге 204 бірлік, Аграрлық несие корпорациясының «ҚазАгробизнес» лизингтік бағдарламасы арқылы 1,9 млрд теңгеге 133 бірлік, «BNK Irrigation» лизинг компаниясы арқылы 0,2 млрд теңгеге 23 бірлік келген.
Ең өкініштісі, Текелі қаласы мен Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында ауыл шаруашылығы техникасының 77 пайызы ескірген. Бұл аудандар аграрлы өңірдің локомотиві саналады. Әрі қарай өзіңіз ойлай беріңіз. Мәселен, былтыр ақсулық шаруа иелері Сарқан ауданының техникасына жүгінген.
«Көлбай елді мекені кеңес өкіметі кезінде үлкен қызылша кеңшары болған. Жергілікті шаруалар бұрындары мың жарым гектар жерге дейін тәтті түбір еккен. Бүгінде олардың дені зейнетке шыққан, бірақ бізге ақыл-кеңесін беріп отырады. Былтыр қызылша егуді мықтап қолға алдық. Алайда техниканың жоқтығы қолбайлау болды. Биыл егіс көлемін арттырдық. Жігіттер жаңа техника сатып алып жатыр», дейді Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров.
Сөз шындықтан бұзылмайды. Былтыр көлбайлықтардың қолында ешқандай қызылшаға арналған құрал жоқ еді. Егінді жинау үшін көрші Сарқан ауданының техникасын күтуге мәжбүр болған. Ал олар егінін толық жинамай, өзі санаулы техниканы біреуге бере алмайды. Сондықтан көлбайлық шаруалардың жауын-шашынға ұрынып, ауа райының ашылғанын күтуден басқа амалы қалмаған.
«Бүгінде ұсақ шаруа өкілдері кеңес заманындағы техниканы амалсыз кәдеге жаратып жүр. Бұрын «Нива», «Енисей» секілді комбайндарды әрі кетсе 2-3 маусымға ғана қолданатын, ал «К-700» тракторын 6-7 жылда жаңартып отыратын еді. Сол техникалар әлі егін басында. Тіпті тұқым себетін агрегаттардың сыны кеткен. Бір басы тұқымды 7-8 см сіңірсе, бір жағы 4-5 см тастайды. Содан өнім біркелкі өнбейді. Топырақ тереңге түскен тұқымды шірітіп жіберуі мүмкін», дейді агроном Асыл Айдаров.
Қолдағы мәліметке сүйенсек, өткен жылы Жетісу жеріне 650 бірлік жаңа техника келген. Мұны пайызбен есептесе, ауыл шаруашылығы техникаларының 4,9 пайызы жаңарды деп айтуға болады. Жыл сайын жаңа техника келгенімен бұрынғы техникалардың істен шыға беретіні тағы бар. Бұл іспен Жетісудағы ауыл шаруашылығы көліктері толық түзеліп бітетін түрі жоқ.
Жетісу облысы