• RUB:
    5.53
  • USD:
    471.46
  • EUR:
    504.79
Басты сайтқа өту
Туризм 28 Маусым, 2024

Киелі мекенге саяхат

82 рет
көрсетілді

Ел қазынасын еселейтін саланың бірі туризм десек, оның ішінде зиярат туризмінің алар орны ерекше. Әсіресе түркі халықтары үшін мұның мән-маңызы бөлек екені анық. Осы бағытты дамыту үшін жуырда Қазақстан мен Өзбекстан салалық министрліктерінің басшылары өзара әріптестікті өрістетуге уағдаласқан еді.

Кейінгі жылдары бауырлас екі ел арасындағы туристер ағыны артып келе жатқанын байқауға болады. Оның ішінде зиярат туризмі қарқынды дамып келеді.

Таяуда Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм әкімшіліктері басшы­ла­рының отырысы аясында өт­кен Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимовпен кез­десті. Кез­десу барысында Ер­мек Мар­жықпаев Қазақстан мен Өз­бекстанның туризм саласындағы ынтымақтастығы дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таң­да трансшекаралық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен бірнеше жоба іске асырылуда.

Сондай-ақ министр Өзбек­стан аумағында Ислам мәде­ниетінің және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы ретінде танылған көптеген қасиетті мекені бар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, әлемнің танымал туристік және мәдени ас­таналары саналатын Қоқан, Шахрисабз, Самарқанд сияқты та­рихи қалалары бар. Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдары мен туристік ком­панияларының қатысуымен қолға алынған «Табаррук Зиё­рат» жобасы тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, басқа елдерден келетін туристерді де тартуға ықпал етеді.

«Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды ұсынамын. Бір­лескен трансшекаралық жоба­ларды іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы турис­тер ағыны өсуіне оң әсер ететініне сенімдімін. «Табаррук Зиёрат» – ежелгі қалалар мен ескерткіштерді ғана емес, ең бас­тысы – түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын біріктіретін бірегей жоба. Кейінгі жылдары Қазақстанда Маңғыстау об­лысының туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатыр. Аймақ саяхатшыларға өзінің сұлу табиғатымен, курорттарымен ғана емес, сонымен қатар көптеген құпиясы бар бай тарихымен де қызықты деп ойлаймын. Осыған байланысты Маңғыстау облысын Өзбекстан өңірлерімен байланыстыратын жаңа бағыт әзірлеуді, тұрақты тікелей әуе рейс бағыттарын кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажет», деді Ермек Маржықпаев.